Accessibility links

АҚШ-тағы Табиғат қорғау тобы Ресейде жаңа бағдарламаларын бастамақшы


Өзен-көлдердің ластануына қарсы күресуші АҚШ-тағы Табиғат қорғау тобы Ресейде жаңа бағдарламаларын бастауды жоспарлап отыр. Вотеркипер атты одақтың Солтүстік Америкада 162-дей жобалары жұмыс істеуде. Ол одақ енді Ресейдегі ең лайланған бес өзен-көл жағдайын бақылауына алмақшы. Ресей үкіметі бұл проблемаға байланысты өз саясатын өзгертуі керек, дейді Ресей табиғат қорғаушылары.

Әлемдегі ауыз судың бестен бір бөлігіне ие Байқал көлі қазір қауіп астында. Шығыс жағалауға салынған Қағаз зауыты химиялық қалдықтарын тікелей Байқалға ағызып отырады. Оның кесірінен Байқал жағалауындағы экологиялық орта қатты бұзылуда. Міне сондықтан да, АҚШ-та орналасқан Вотеркипер одағы былғанған өзен-көлдер тізіміне Байқал көлін де енгізбекші. Осы одақтың президенті Роберт Кеннеди; “Біз Ресейде бес өзен-көлге, атап айтқанда; Мәскеу өзені, Санкт-Петербордағы Нева өзені, сондай-ақ Волға өзені мен Байқал көлі және Каспий теңізіне байланысты арнайы жобалармызды бастамақшымыз”, деді Кеннеди.

Вотеркипер одағы Еуропа мен Оңтүстік Америкада, Аустралия, Қытай және Үндістанда су тазалау бағдарламаларын табысты түрде жүргізген болатын. Ресейдегі Жасылдар қозғалысының бақылаушысы Алексей Киселев болса Вотеркипер бағдарламасын қызу қуаттауда. Оның сөзіне қарағанда, Ресейде ақша жоқ емес, алайда ол тиісті мақсатқа жұмсалмауда. Мысалы, Скандинавия елдері мен Еуропа одағының табиғатты қорғауға көмек ретінде берген ақшалары жыл сайын жұмсалып келеді. Алайда, өзендер одан тазара қойған жоқ. Киселевтың пікірінше, Байқал көлін тазалаудың жолы- оңайырақ. Ол үшін көл жағасына 1966-шы жылы салынған Қағаз жасау зауытының жұмысын тоқтату керек немесе суды былғағандары үшін оларға салынатын салық көлемін күрт көтерген дұрыс. Сонда ғана көлдің су құрамы тез жақсарар еді. Себебі, сол зауыт өзі өндіріп жатқан қағазын ағарту үшін өте көп мөлшерде хлор пайдаланады да, оның қалдықтарын көлге құяды. ЮНЕСКО-ның тарапынан Байқал көлі әлемдік мирас тобына жатқызылған болатын. Сондықтан да Байқал көлін қорғау мәртебесі табиғат қорғаушы ұйымдар үшін айрықша маңызды.

Волга өзені бойында Ресей өнеркәсібінің 60 пайызы орналасқан. Атап айтқанда метал өндіретін және алюминий зауыттары, химиялық зауыттар бар. Сондықтан Волга өзенінің суын тазалау үшін кешенді түрде кең ауқымды іс жүргізу керек. Нева өзенінің де жағдайы мәз емес. Шамамен 1000-нан аса құбырлар арқылы Неваға өндіріс қалдықтары келіп қосылады екен. Алайда, Ресей басшылығы ол қалдықтардың иелері кімдер екендігін анықтай алмауда. Сондықтан проблеманың себебі анықталмағандықтан оны жою да оңай шаруа болмай отыр.

Роберт Кеннедидің пікірінше, Совет дәуірімен салыстырғанда, қазіргі Ресей үкіметінің қоршаған ортаны қорғауға деген ниеті риза боларлықтай дәрежеде екен. Алайда бұл пікірмен Жасылдар қозғалысы өкілі Киселев келіспеуде. Табиғат қорғаудағы Ресей заңы жыл өткен сайын әлсіреп барады, дейді ол. Ал, Батыстық Табиғат қорғау агенттіктері Ресейге келген кезінде бұл проблемаға Еуропалық, Америкалық тұрғыдан қарайды. Шынтуайтында табиғат қорғау мақсатында Ресейге келген кезде ол мәселеге Ресей тұрғысынан баға берген жөн болар еді, дейді Киселев мырза.
XS
SM
MD
LG