Accessibility links

Мүлікті заңдастыру заңы өздерін айналып өткеніне наразылық білдірген алматылық бір топ тұрғын аудандық әкімшілік алдында наразылық білдірді

  • Досан БАЙМОЛДА

Бейсенбі күні таңертең Алматы қалалық Жетісу ауданының әкімшілігі орналасқан ғимарат алдына бір топ адам жиналып, өздерінің Алматы қаласы маңында бос жатқан жерге салып алған үй-баспаналары мен біреулерден сатып алған жерлерін рақымшылық заңы аясында заңдастырмақ болған іс-әрекеттерінен түк шықпағанын әкімдікте істейтін шенеуніктердің немқұрайлығынан болды дегенді айтып, наразылықтарын білдірді.

Алматы қаласының тұрғыны, Жетісу ауданына қарасты ‘Красный Трудовик‘ елді мекенінен 2004 жылы баспана салып алған, шиеттей екі баланың анасы Гүлбақыт Әубәкірқызы осы баспанасын заңдастыру үшін бір жылдай уақыт құжаттар жинаумен жүргенін, ақыры бәрін дайын болып, әкімдікке өткізгеннен бері 3-4 ай өтседе, әлі күнге одан ешқандай хабар жоқтығына алаңдап келіп отырғанын айтады.

«Әкімдік тарапынан біздің құжаттарымызды қарап, шешім шығару үшін кеше ең соңғы күні болған, бірақ әлі шешім шыққан жоқ. Кешеден бері Жетісу әкімдігі алдындағы тақтайшаға үй-баспаналары және жерлері заңдастыруға рұқсат етілген не рұқсат етілмеген неше мыңдаған адамның аттары жазылған тізімнен өз аты-жөнімді таба алмадым», - дейді ол.

Алматы маңындағы Қарасу елді мекенінде тұратын Бораш Қайрат деген азаматта рақымшылық заңынан өзінің көп үміт күтіп, баспанасын заңдастыруға құжаттарды өткізгелі бірнеше ай болғанын, алайда әлі күнге дейін әкімдіктен ешбір қабар болмай тұрғанын айтады.

«Бұл заң біз секілді қарапайым, кедей-кепшіктер үшін емес, көп көлемдегі қаржыны кезінде шетел асырып, жымқыратынын жымқырып, қалғанын енді елге әкеліп жатқан байлар үшін керек заң секілді. Байлар байыған үстіне байып жатыр, ал қарапайым халық азын-аулақ ақшасына тұрғызып алған үй-баспаналарын заңдастыра алмай осылай сорлап күн кешіп жүр, осыны әділдік деуге бола ма?» - дейді Бораш Қайрат.

Ал Бәсті Мәмедова есімді бір әйел өзі тұратын Дарқан ауылының тұрғындарының кейбіреулерінің үй-жайлары заңдастырлып, кейбірінің баспаналары заңдастырылмай жатқанын түсінбейтінін айтады.

«Менің 5 балам бар, енді үй-баспанаңды қиратамыз деп келсе қайда барып жан сақтаймын, адам өлгенде де бір-екі метр жер бұйырады ғой, ал тірі жүргенде неге жер берілмейтіндігіне қайран қалып тұрмын», - дейді кезінде ата-бабасы өз елінен пана таба алмай осы қазақ жерін паналап келген бір ұлттың Қазақстанда туған ұрпағы есептелетін әлгі әйел жыламсырап.

Алматы қалалық Жетісу ауданы әкімінің орынбасары Ермек Ділмаханбетов рақымшылық заңы бойынша аудандық заңдастыру комиссиясына 7960 адамнан арыз-өтініш келіп түскенін осы адамдардың 2700-інің мәселесі дұрыс шешілгенін, ал қалған адамдардың құжаттары әлі қаралып жатқанын айтты.

«Көп жағдайда арыз-өтініш берген азаматтарды іздеп табудың өзі қиынға түсіп отыр, өйткені жаңа салынған үйлердің көше, адрестері болмағандықтан және байланыс телефон орнамағандықтан жер жағдайын және олардың салған үйлерін барып көруге көптеген уақыт кетеді», - дейді ол.

Әкімшілік өкілінің айтуынша, кейбір жер учаскелерін рәсімдеу барысында кезінде бірнеше рет, тіпті 4 рет сатылып кеткені анықталып жатқан оқиғалар бар көрінеді.

«Бұл мәселені шешудің өзі оңай жұмыс болмай тұр, қалайда комиссия шама-шарқынша түсіністікпен, азаматтардың жағдайын дұрыс реттеп шешуге қатысты шешімдер қабылдады деп ойлаймын», - дейді аудан әкімінің орнбасары.
XS
SM
MD
LG