Accessibility links

«Қуат» компаниясының жұмысшылары Ақорданың алдына ереуілге шықты


Бейсенбі күні «Қуат град Астана құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің екі жүзге тарта жұмысшылары президент резиденциясы Ақорданың жанында ереуілге шықты. Олар үш айдан бері жалақыларын ала алмай жүргендіктерін айтып, Ақордаға баратын үлкен жолды бөгеп тұрып алды. Бұл рұқсат етілмеген ереуіл болса да, Астана тарихында бірінші рет полиция жасақтары жұмысшыларға тиіскен жоқ. Олар үш сағатқа жуық наразылықтарын білдіріп, бейбіт тұрғыда тарқады.

Астанада қарашаның 1-күні ертеңгісін шенеуніктер мен депутаттардың жұмысы басталған уақытта «Қуат құрылыс Астана» компаниясының екі жүзге тарта жұмысшылары №1 тәуелсіздік көшесін бөгеп, тұрып алды. Бұл жол - Ақордаға, Жоғарғы Сотқа, парламент және үкімет үйіне баратын жол. Олар Ақордадан жүз шақырымдай жерде, біріншіден, өздері үш айдан бері ала алмай жүрген еңбек ақыларын беруді талап етті. Екіншіден, халықтың шын мәніндегі жағдайын билік естісін деп келіпті. Өйткені, жұмысшылардың айтуынша, компанияның басшылары оларға бәріне елдегі саясат кінәлі деп айтады екен.

Ереуілге шыққан жұмысшылар құрылыс компаниясы өз жұмысшыларға он миллион теңге берешек болып отыр деді.

- Еңбек ақыларымызды алғымыз келеді, әр жерде пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Барлығымыздың банктерден алған несиелеріміз бар. Процент өсіп жатыр. Нұрсұлтан Әбішұлына тек елдегі жақсы хабарлар ғана жетіп жатқан болар. Ал біз қиналып жүрміз, - деді олар.

Жұмысшылардың бірқатары өз балалары мектепке әлі бара алмай жүргенін айтты:

- Менің алты балам бар. Балаларымды асыраймын деп келдім Астанаға. Олар мектепке баруы керек. Солардың келешегі болсын деп келсек, бұл жерде ақша бермей жатыр.

- Ал менің сегіз балам бар. Балаларым әлі мектепке бара алмай жатыр. Не үстерінде киімі жоқ, не тамақтары тоқ емес, оларды қайтіп жібереміз?

«Қуат құрылыс Астана» компаниясының басқарушысы Александр Крымов «компаниядағы ахуал орнынша, қазіргі уақытша жағдай болды. Қазір компанияға ақша түсті. Енді оны жұмысшылардың төлем карталары арқылы арнайы шоттарына жіберетін боламыз», дейді.

Ол жұмысшыларының ереуілге шығуын нағыз бұзақылық деп бағалап отыр. Ал жалақыларын талап етіп жатқан жұмысшылардың жанына келген Астана қалалық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаментінің директоры Сапура Оразова жұмысшыларға бұл жерден кетіңдер деп үстем сөйледі.

- Мал емессіңдер ғой, адамсыңдар ғой. Астанада бірінші күн жұмыс істеп жатқан жоқсыңдар. Астананың дәл орталығында көргенсіздік әрекет жасап тұрсыңдар, - деп сөкті еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаментінің шенеунігі.

Ал бұл жұмысшылардың еңбекақы туралы талабы орындала ма деген бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сауалына Сапура Оразова:

- Бүгін еңбек инспекторымен бірге барып, барлығын тексереміз, сосын арнайы шара қолданамыз, - деп жауап берді.

Наразы жұмысшылардың Ақ Орда маңында жиналып тұрғанын Астана қалалық прокуратура өкілдері сырттай бақылап тұрды. Өз аты-жөнін айтқысы келмеген прокуратура өкілі: «жұмысшылардың ереуілі заңсыз болғанымен біз оларға ешқандай шара қолданбаймыз. Олар шын мәнінде еңбек ақыларын талап етіп тұр. Бұл олардың азаматтық құқықтары» деді.

Осылайша, Астана тарихында бірінші рет полицияның қатысуынсыз жұмысшылардың рұқсат етілмеген бейбіт шеруі өтті.
XS
SM
MD
LG