Accessibility links

Оңтүстік Қазақстан облысының Маятас ауылында болған төтенше оқиғадан соң полиция күштері ұлты күрд тұрғындардың қауіпсіздік шараларын қолға алды


Қазанның 31-і күні Оңтүстік Қазақстан облысының Төлеби ауданының Маятас ауылында орын алған бұзақылық жағдайға қатысты жұма күні «Азаттық» радиосына сұқбат берген осы облыстың ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі, полиция подполковнигі Салтанат Қаракөзова Маятас аулындағы жағдайды тұрақтандыру үшін сол жерге апарылған 500-ден астам тәртіп сақшылары басым көбі күрд ұлтының өкілдері болып келетін ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін сақтау шараларын толық қолға алғанын хабарлады.

Облыстық полиция өкілі С.Қаракөзованың айтуынша, бұзақылық жағдайдың тууына осы Маятас аулының тұрғыны 16 жастағы бір бозбаланың 4 жасар ұлды жәбірлеп, жыныстық қатынас жасағандығы себеп болған. Бұл жағдайды біліп қалған ұлдың әкесі Төлеби аудандық полиция бөліміне барып арызданған. Полиция қызметкерлері дереу әлгі күдікті бозбаланы тұтқындап, уақытша қамауға алған. Қылмыс жасады деп күдіктелген жасөспірім мен жәбір шеккен баланың ұлты бөлек болғандықтан, қылмыстық оқиғаның аяғы басқадай бір қайғылы жайтқа соқтыруы мүмкін екенін ескерген ауыл тұрғындары жиналып кеңес өткізген.

«Осы оқиғадан соң Маятас ауылының ақсақалдары жиналып, жасөспірім баланы жәбірледі деген күдікті бозбаланың әке-шешесіне осы ауылдан тезірек басқа жаққа көшіп кетуді кеңес еткен. Бірақ ол отбасы ауылда қалған. Ал қазанның 31-інен қарашаның 1-іне қараған түні оншақты аутокөлікке мінген бір топ адам Маятас ауылына келіп, әлгі күдікті бозбаланың әке-шешесі тұратын үйдің қора-жайын және аулада тұрған Камаз аутокөлігіне от қойып өртеп жіберген және де тағы бір тұрғынның сабаннан салынған үйіне өрт қойған. Онан соң әлгі адамдар келген іздерімен тез арада тайып тұрған. Осы бұзақылыққа қарсы тұрмақшы болған 3 полиция қызметкері оқиға кезінде жарақат алды», - дейді облыстық полиция өкілі.

С.Қаракөзованың айтуынша, қазірге дейін полицияның криминалдық бөлімінің қызметкерлері Маятас ауылында болған бұзақылық оқиғасына қатысы бар деген күдікпен екі азаматты ұстап, тұтқындаған.

«Ал бұзақылық оқиғасына қатысы бар қалған адамдарды іздестірудеміз», - деді ол.

Оосы оқиға бойынша баспасөз маслихатын өткізген облыстық полиция басшылары Маятас ауылында орын алған бұл жағдайдың себебін ұлт араздығы мәселесінен іздемеу керектігін айтып, бұл - нағыз бұзақылық іс деген баға берді.

«Ұлт тағдыры» қоғамдық қозғалысының жетекшісі Дос Көшім Маятас ауылындағы оқиғадан ұлт араздығы мәселесінің онша сезілмейтіндігін айтады. Алайда, алдағы уақытта нақты анықталуы тиісті бұл оқиғаның да биылғы жылы Алматы облысының Маловодное ауылындағы оқиғаға ұқсастығы бар деген пікір білдірді ол.

«Егер осындай оқиғалар жалғаса берсе, бұл Қазақстанда ұлтаралық сипат алып кетуі де мүмкін. Сондықтан, Қазақстанда талай жылдардан бері тұрып келе жатқан диаспора өкілдері мен осы елдің, жердің негізгі байырғы тұрғындары болып саналатын қазақтардың бір-бірімен жақындап, әрбірінің тіл, салт-дәстүр, мәдениетіне құрметпен қарауын қалыптастыру дұрыс болмақ», - дейді Д.Көшім.
XS
SM
MD
LG