Accessibility links

Қазақстан Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық дәлізін қайта жаңғыртуды қолға алмақ


Қазақстан әлемдегі ірі жүк тасымалдаушы мемлекеттердің бірі болып саналады. Мамандардың айтуынша, адам басына шаққанда жылына он жеті, он сегіз тонна жүк шетелдерге тасылады екен. Бірақ Қазақстаннан жөнелтілетін жүктердің жүз пайызы тек шикізат. Ал мұнымен Қазақстан эконоикасына пайда келмейді екен. Сол үшін мамандар Қазақстан өндіруші елге айналуы қажет дейді.

Орталық Азия елі оның ішінде Қазақстан шығыс пен батысты жалғастыратын транзитті мемлекет болып саналады. Егер Қазақстан көлік жүйесін дамытатын болса, бір ғана осы саламен ел экономикасын көтеруге болады екен. Алайда мамандардың пікірінше, транзит саласының ақсап жатқан тұстары жетерлік. Оның бір себебі, Қазақстан маңызды деген халықаралық шарттарды әлі бекітпеген, екінші себебі, көлік саласына қатысты мекемелерді басқару үшін билік тұтқалары арасындағы тартыс. Мәселен, Қазақстан темір жолы ұлтық компаниясы елдегі темір жол вокзалдарын өздеріне қарату үшін қайтадан күш салып жатыр. Аталған компанияның президенті Жақсыбек Күлекеев «Осыған дейінгі жүргізілген реформа бойынша, елдегі темір жол вокзалдарының жүз он алтысы жергілікті атқару билігінің қарамағына берілді, біздің қарауымызда тек жиырма екі вокзал ғана бар», дейді. Ол сонымен бірге атқару биліктері вокзалдарды жеке компанияларға беріп, енді бірі мысалы, оңтүстік өңірде сауда орталығына айналдырып жібергендігін айтады.

Алайда вокзалдарды жекешелендіру реформасының авторы кім екенін айтпаған Жақсыбек Күлекеев депутаттардан заң жүзінде қайтадан ұлттық компанияның қарауына қайтаруды сұрап отыр.

Қазақстан темір жолы ұлттық компаниясының президенті Жақсыбек Күлекеевке сонымен бірге кеден бекеттерінің қатаң тексеру жұмыстары да көңілінен шықпайды екен. Оның айтуынша, вагондарға тиелген жүктер шекара бекеттерінен өтер кезде өте ұзақ тексеріледі, тіптен бірнеше тәуліктеп тұрып қалады екен. Осы шара көрші Қытай елдеріне, батыс елдеріне ұнамайды екен. Бірақ қаржы министрлігі жанындағы кеден комитетінің төраға орынбасары София Айсағалиева «кеденшілер заңға сәйкес, халықаралық шарттарға сәйкес шекарадан өткен әрбір тауарды ашып тексеруге міндетті» деді. Ол әсіресе Қытай бағытында заң бұзушылықтың көп орын алатынын айтады. София Айсағалиеваның сөздеріне қарағанда, тауарлар көбінесе толтырылған декларацияларына сәйкес келмейді.

Бірақ Қазақстандағы жүк тасушылар ассоциациясының президенті Нығметжан Есенғарин Қазақстаннан жөнелтілетін жүктердің жүз пайызы тек шикізат өнімдері екенін айтады:

- Біздің экономикамыз көбінесе шикізат шығарады. Ол шикізатты тасуға, шетелдердің базарына жеткізуге көп шығын шығады. Сондықтан біздің экономика өзгеруі керек. Бидайдың орнына ұн тасу керек, ұнның орнына тәтті тағамдар тасу керек деймін. Металл тасудың орнына дайын өңделген заттар тасу керек. Сонда транспорттық шығын азайады да, біздің экономикамыз басқаша болар еді.

Ал тек шикізат өнімдерін шетелге тасу ел экономикасына пайда әкелмейді дейді Нығметжан Есенғарин:

- Жапония компьютер шығарады. Бір контейнер компьютердің бағасы төрт жүз вагон көмірге тең. Жылына адам басына шаққанда Қазақстан он жеті, он сегіз тонна жүк тасиды екен. Бұл өте көп.

Жалпы, Қазақстан Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық дәлізін қайта жаңғыртуды қолға алып жатыр. Санкт-Петербург – Москва – Қазан – Ақтөбе – Қызылорда – Шымкент – Тараз – Қордай – Алматы – Қорғас – Үрімші – Ляньюньган бағытының жол құрылысы 2012 жылы аяқталады делініп отыр.
XS
SM
MD
LG