Accessibility links

Қазақстанда азаматтардың еркін жиналуына қатысты заң нормалары халықаралық стандарттарға сай келмейді


Қазақстан президенті жанындағы адам құқығы жөніндегі комиссия төрағасы Сағынбек Тұрсынов елдегі еркін жиналуға қатысты заң нормалардың халықаралық стандарттарға сай келмейтіндігін мойындады. Бұл туралы ол Астанада қарашаның 6 күні ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының директоры Кристиан Штрохалмен кездесуінде хабарлады. Ал Штрохал бұл мәселенің сайлау заңдылығымен байланысы бар екендігін жеткізді.

Ресми мәлімет бойынша Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының директоры Кристиан Штрохал Қазақстанға сайлау заңдарын жақсарту мақсатымен келген деп хабарланды. Ұйым өкілдері биыл тамыз айында Қазақстанда өткен парламенттік сайлауға екі айдан кейін, яғни қазір баға беретіндігін хабарлаған. Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының директоры Кристиан Штрохал сол сайлауға қандай баға бересіз деген сұраққа былайша жауап берді: «Қазір маңыздысы жасалған ілгеріліктер бойынша жұмыс істеп, анықталған проблемаларды шешу», деді ол.

Биыл тамыз айында Еуропаның қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бақылаушылар миссиясының жетекшісі Любомир Копай «мен парламентте тек 1 партия бар бірде бір демократиялық ел көрмедім», деген еді.

Копайдың айтуынша, бұл сайлау кезінде Қазақстан қабылдаған Еуростандарттардың ішінде заң базасы және дауыстарды есептеуде стандарттар сақталмады. Ұйым бақылаушыларының 40 пайызы дауыс есептеуді нашар деп бағалаған. Оның сыртында, заңдардағы шектеу нормалары сайланған өкілдерді сайлаушы алдында есеп беруін азайтады, дейді ол. Бұл нормалардың ішінде парламентке өту үшін қойылған биік шек бар, дейді Копай. Ал Қазақстан президенті жанындағы адам құқығы жөніндегі комиссия төрағасы Сағынбек Тұрсынов бұған мынадай көзқарасын білдірді. «Сайлау бойынша қай мемлекетте болсын кемшіліктер бар екендігі белгілі, ал бізде кейбір аудандарда, қалаларда болды», деді ол.

Ал, Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың пікірінше Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының жасаған есептегі кейбір қорытындылары сұрақ тудырады. Комиссия хатшысы Бақыт Мелдешовтың айтуыншада өткен парламенттік сайлауда қателіктер ауыз толтырып айтатындай көп болған жоқ.

Бірақ, комиссия бұл байқаулар бойынша пікірталас жасамайды. Сайлау үдерісінің бұзушылықтары түбегейлі зерттеледі. Алайда, мақсат кінәлілерді жазалау емес, қателіктерді болашақта қайталамау деп хабарланды. Тұрғанқұловтың мәліметінше осы жылдың соңына дейін үкімет сайлау туралы заңға өзгеріс енгізетін мерзімін анықтауға тиіс. Ал, Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының директоры Кристиан Штрохалдың пікірінше «Дамуды қажет ететін нормативті актілердің ішінде бейбіт шерулер туралы заң, бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң және қылмыстық кодекс бар, менімше Қазақстандағы демократиялық үдерістерді тереңдетуге септігін тигізу үшін осы мәселелер біздің кейінгі жұмысымызға негіз бола алады», деді ол. Өз кезегінде Қазақстан президенті жанындағы адам құқығы жөніндегі комиссия төрағасы Сағынбек Тұрсынов елдегі еркін жиналуға қатысты нормалардың халықаралық стандарттарға сай келмейтіндігін мойындады, бірақ заңдарды жақсартамыз, деді ол.
XS
SM
MD
LG