Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11.06.2007 жыл


Сейсенбі күні Қазақстанда жарық көрген басылымдар Оңтүстік Қазақстан облысының Маятас ауылында болған оқиға және оның себептері жөнінде, сондай-ақ Қазақстан президентінің жуырдағы Иран сапарынан кейін алғаш рет Сирия Араб Республикасына мемлекеттік сапармен баруы және екі ел арасындағы қарым-қатынастың бүгінгі жағдайына тоқталған сараптамалық мақалалар тізбегін жариялапты.

«Жас Алаш» газеті Маятастағы оқиғаға байланысты «Маятастағы оқиға қылмыс па, ұлтаралық жанжал ма?» деген тақырыппен Оңтүстік Қазақстан облысындағы осы газеттің тілшісі Ғалымжан Елшібайдың оқиғаны жан-жақты баян еткен көлемді мақаласын жариялап отыр. Газет тілшісі 16 жасар Маятас аулының тұрғынының 4 жастағы қаршадай сәбиді зорлаған ісінің аяғы осындай насырға шапқанын айтады. «Қазір полиция күдікті азаматты қамауға алып, үстінен қылмыстық іс қозғады. Ұлтаралық жанжалдың жалыны тұтанып кетуінен қауіптенген полицейлер күдіктінің отбасын қорғайтын кезекші шығарғанына қарамастан, қазанның 31 күні басым көбі күрд ұлтының өкілдері тұратын Маятас аулын жау шапқандай болды. Оншақты аутокөлікке мініп келген бір топ адам күдіктінің отбасы отырған үйі мен сарайына, қора-жайына және оның тағы бір көршісінің үйіне от қойып өртеп жіберіп, оқыс оқиға орнынан із суытып кетіп қалған. Қазір осы ауылдағы қауіпсіздік жағдайын бақылап, тәртіп орнату үшін 500-ден астам полицейлер әкелінді» дейді газет тілшісі. «Ал облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Хибратулла Досқалиев ауылдағы бұзақылық жағдайға күдікті екі адамды ұстадық деп отыр, ал қалғандары зым-зия жоқ болды» деп жазады «Жас Алаш».

Осы Маятас ауылындағы оқыс оқиға мен оның себептері жөнінде «Мегаполис» газеті де сейсенбілік санында «Күшке қарсы күш қолдану» деген тақырыппен сараптамалық талдау мақала жариялапты. Газет тілшісінің жазуынша, «өртенген үйлер сөндіріліп, ауылдағы күрд ұлтының өкілдері қорғауға алынғанмен, Төлеби ауданы Маятас аулындағы жағдай тұрақтанды деп айтуға келмейді, өйткені қазір ауылдық мектеп әскери штабқа айналды, ауыл көшелерін қарулы полиция қызметкерлері күн-түн демей күзетуде, ал оқ өтпейтін кеудеше киген арнайы жасақ қызметкерлері ауылды кірпік қақпай бақылауға алған. Осындай қиын жағдай орнаған ауылға қатысты облыс басшыларынан ешқайсысы ләм-лим деп ауыз ашпайды, облысқа жаңадан басшы болып келген Нұрғали Әшімов осы күнге дейін бірде бір мәлімдеме жасаған жоқ. Ал Төлеби ауданының әкімі не жұмысында жоқ, не үйінде жоқ, сонымен қайда не істеп жүргені белгісіз» дейді «Мегаполис» басылымы.

«Время» газеті сейсенбілік санында осы Маятас оқиғасы жөнінде Қазақстанның ішкі істер министрлігінің өкілі Бағдат Қожахметовтың айтқанын назарға ұсыныпты. Б.Қожахметов Маятас ауылындағы оқиға салдарынан бір үй, екі жазғы үй, гараж және бірнеше аутокөліктің өртенгенін, сондай-ақ оқиға кезінде үш полиция қызметкері мен екі жергілікті тұрғынның сабалғанын айтқан. «Алайда ол бұны ұлтараздық оқиғасы емес деген пікір білдірді» деп жазады «Время» газеті.

«Айқын» басылымы Қазақстан президентінің Сирия еліне сапарына байланысты «Отырар мен Шам арасын жақындататын сапар» деген мақалада Қазақстан президентінің соңғы кездері АҚШ тарапынан зұлымдық белдеуі атаған елдерге сапарлауы ерекше назар аудартады деп жазады. «Әсіресе, Иран сапарының ізі суымай жатып бірден Сирияға бағытталған сапар аймақ мәселесіне үңілгендердің түрлі топшылау жасауына түрткі болары анық» дейді газет тілшісі Қуанышбек Қари. «Бұл екі ел де Таяу шығыс аймағында АҚШ-тың теріс қырына ілігіп, Батыс әлемінен тәуелсіз саясат ұстанып, аймақ мәселелерін тек аймақ елдерінің араласуымен шешуді қалайды. Бірақ бұл арада Қазақстан президентінің аталған елдерге сапарын зұлымдық белдеуімен қатыстырудың еш жөні жоқ» деп түйіндейді газет тілшісі.

«Егемен Қазақстан» газеті Қазақстан мен Сирия елдерінің ескі көнеден келе жатқан қарым-қатынастарына тоқталыпты. Қазақ халқының ұлы бабалары әл-Фараби мен Бейбарыс сұлтан екеуі де сириялықтар құрмет тұтатын тұлғалар ол екеуіне арналған кесене салуды Қазақстан қолға алмақшы деп жазады Егемен Қазақстан. 2006 жылдың жағдайымен Қазақстан мен Сирия арасындағы тауар айналымы 16,8 млн АҚШ долларын құрады, қазір Сирияда қазақстандық капиталдың қатысуымен 22 біріккен кәсіпорын ашылды, қазақстандық іскерлер Дамаскіде Бейбарыс сұлтан атындағы бес жұлдызды қонақ үй салуға құштар болып отыр деп жазады «Егемен Қазақстан».
XS
SM
MD
LG