Accessibility links

Өзбекстанда президенттік сайлауға Ислам Каримов тағы да түспекші


Өзбекстан Либерал-демократиялық партиясы президент Каримовтың кандидатурасын алдағы президенттік сайлауға үміткер ретінде сейсенбіде белгіледі. Хабарларға қарағанда Каримов ол ұсынысты қабыл алған көрінеді. Бұл мәселенің заңдылық жағы әлі түсініксіз боп тұр. Ислам Каримовтың президенттік билікке екінші рет сайлануы. Ел Конституциясы бойынша оның келесі сайлауға үміткер болуға хұқы жоқ.

Өзбекстан Либерал-демократиялық партиясы өзінің Ташкенттегі конгресінде президент Каримовты алдағы президенттік сайлауларға бір ауыздан, сейсенбі күні, үміткер ретінде ұсынған болатын. Оның өз билігін үшінші рет ұзартқысы келетіндігін бақылаушылар бұрыннан-ақ айтқан еді. Өткен қазан айының 4-де аталған партияның орталық комитеті Каримовты ұсыну жөнінде шешім шығарған болатын. Қуғындағы Ерік партиясының басшысы Мұхамед Солихтің айтуынша алдағы сайлаулардың тек аты ғана сайлау болмақшы.

Британияның Ташкенттегі бұрынғы елшісі, Каримов үкіметінің өткір сыншысы Крейг Муррей «Азаттық» радиосына:

«Каримовтың сайлауға қайта түсуі конституцияға қайшы екендігі түсінікті. Билікте ол тым ұзақ отырып қалды, сондықтан билік тұтқасын басқаға ұсынатын кезі келді, деп кез-келгеннің ойлайтыны белгілі. Одан да гөрі баса көрсететін нәрсе - бұл сайлаулар демократиялық сипатта болмайды. Себебі, ірі оппозициялық Ерік, Бірлік және Күншуақты коалиция атты және басқа да партиялардың жарысқа түсуіне мүмкіндік берілмеуде. Сондықтан да мұны толық мағынасындағы сайлау деп қабылдауға болмайды”, - деді.

Үшінші рет президенттікке сайлауға түсуге болмайтындығы жөніндегі Конституциядағы аталған тиымнан Каримовтың қалай шыға алатындығы да түсініксіз. Қызық болғанда, мынандай нұсқа болуы ықтимал. Каримов қазір 7 жылдық сайланыммен отыр. Одан бұрын ол бес жылдан сайланып келген еді. Сондықтан Каримов келесі 7 жылға сайлануға хұқылы, деген сылтау ұсынылуы мүмкін. Және ондай нұсқаны бұдан бұрын да үкіметшіл заңгерлер ұсынған болатын.

Ал, оппозицияны қолдаушы ақын Дилором Исоқованың айтуынша, қазірден бастап Каримовке қолтаңба жиналуда. Ол жинақталған қолдарды референдум үшін қалай қолдануға болатыны да түсініксіз. Дей тұрғанмен, халықтың көбісі Каримовтың қайта сайланғанын қаламайды.

Үй шаруасындағы бір өзбек әйелінің айтқанындай, сайлаушылардың дауыс беруге барғысы да жоқ. Ал, Батыстық сайлау бақылаушылары Өзбекстанның президенттік те, парламенттік те сайлауларын ешқашан әділ де ашық деп мойындаған емес. Осыған қарамастан ресми Ташкент ОБСЕ бақылаушыларын алдағы сайлауға шақырып отыр екен. Желтоқсанның 23-індегі ол сайлауларға өкілдерін жіберу-жібермеуді ұйым әлі шеше қойған жоқ.

Ал, Ресейдің бастауындағы ТМД бақылаушылары Өзбек сайлауларын әділ әрі шынайы деп үнемі мойындап келеді. Каримовтың келесі сайлануы әлемдік дәрежеде заңды деп таныла ма? Мәселе - сонда.
XS
SM
MD
LG