Accessibility links

2008 жылдан бастап дүниеге келген сәбилерге бір жасқа толғанша әлеуметтік қордан жәрдемақы төленеді


Сәрсенбі күні парламент мәжілісінің депутаттары әлеуметтік қамсыздандыру және еңбек мәселелері бойынша Еңбек кодексіне өзгерістер енгізу жөніндегі заң жобасын мақұлдады. Өзгерістерге сәйкес, келесі жылдың бірінші қаңтарынан бастап жүкті әйелдерге және дүниеге келген сәбилерге бір жасқа толғанша мемлекет есебінен жәрдемақы төленеді. Сонымен бірге ауыр жұмыста істейтін жұмысшылардың еңбек ақыларына қосымша әлеуметтік көмекақы да төленетін болады. Бірақ еңбеккерлердің құқығының бұзылмауын қадағалап отыратын қоғамдық инспекторларды енгізу үкімет тарабынан қолдау таппады.

Үстіміздегі жылдың басында президенттің жыл сайынғы халыққа жолдауында 2008 жылдан бастап жүкті әйелдерге берілетін жәрдемақы көбейеді және күн көрісі төмен отбасыларға берілетін әлеуметтік көмек те өседі деген еді. Мұны кейін парламент сайлауы алдында «нұротандықтар» сайлау алдындағы бағдарлама етіп алған да болатын. Алайда бұл өзгерістер осыдан төрт ай бұрын ғана парламентте қабылданған Еңбек кодексінде көрініс таппаған еді. Үкімет бұл өзгерісті мәжілістің қарауына енді әкелді. Сонымен Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев еңбек кодексіне енгізілен басты өзгерістер деп мыналарды айтады:

- Әйелдер жүкті болған кезде, баланы босанған кезде және бала бір жасқа толғанға дейін осы заңға сәйкес 2008 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік әлеуметік қордан ақша төленеді.

Жоғарыдағы өзгерістерді жүзеге асыру үшін 2008 жылға арналған республикалық бюджетке 44.7 млрд. теңге бөліпті. Еңбек министрі Бердібек Сапарбаев жүкті әйелдерге берілетін жәрдем ақылардың көлемі төмендегідей анықталатындығын айтады:

- Жұмыс істейтін әйелдерге жүкті кезінде, баланы босанған кезінде 178 мың теңге төленеді. Одан кейін бала бір жасқа толғанға дейін алып жүрген орта жалықысынан 40 пайыз көлемінде ақша төленеді.

Ал жұмыссыз әйелдердің алатын жәрдемақыларының көлемін мәжіліс депутаты Уалихан Қалижан былайша түсіндіріп береді:

- Осыған дейін дүниеге келген сәбиге 16 мың теңге бір рет жәрдемақы төленетін болса, келесі жылдың бірінші қаңтарынан бастап ол 36 мың теңгеге өсіп отыр.

Еңбек кодексіне сәйкес, бала туған әйелдерге үш жылға дейін демалыс беріледі делінген. Бірақ мемлекет оның бір жылына ғана әлеуметтік қордан ақша төлеуді міндетіне алып отыр. Ал қалған екі жылға қаласа, жұмыс берушілер төлейді екен. Бірақ заңда жұмыс берушілерді міндеттемеген.

Еңбек кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, сонымен бірге ауыр жұмыста істейтін жұмысшыларға айлықтарынан бөлек, мемлекет есебінен тоғыз мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек беріледі екен. Еңбек министрінің айтуынша, Қазақстанда отыз мыңға жуық ауыр жұмыста істейтін жұмысшылар бар. Бірақ өткен шақырылымдағы депутаттар көтерген сол еңбеккерлердің құқығын қорғайтын қоғамдық инспектордың болуын заң арқылы бекіту керек деген мәселелері бұ жолы да қолдау таппады. Еңбек министрі Бердібек Сапарбаев оны заңға енгізбей -ақ, жұмышылардың өздері ортадан сайлап алуға болатындығын айтады:

- Ол құзырды кәсіподақ ұйымы мен жұмыс берушілермен бірлесіп қарау керек. Оны ұйымдардың өздері шешу керек. Қоғамдық жұмыс болғаннан кейін оған мемлекет ақша төлемейді.

«Қоғамдық инспектор қызметі Еңбек кодексінде көрініс таппаған соң, оның лауазымы да, беделі де болмайды дейді», мәжіліс депутаты Владимир Нехорошев. Ал осыдан бірнеше ай бұрын парламент қабырғасында Еңбек кодексі қабылданған кезде Еңбек министрі болып тұрған қазіргі мәжіліс депутаты Гүлжан Қарағұсова енді қоғамдық инспектор қажет деп отыр:

- Қоғамдық инспектор қызметі мемлекетке зиян әкелмейді. Қоғамдық инспектор мемлекеттік инспектордың функцияларын жүргізе алмайды. Ол тек қана бақылап, заң бұзушылық тапқанда арыз жазады. Бұл қоғамға жаман болмаушы еді.
XS
SM
MD
LG