Accessibility links

CITIC group қытай компаниясына қарайтын Қаражамбас мұнай өндіруші кәсіпорнының 50 пайыз акциясын ҚазМұнайГаз сатып алды

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Бейсенбі күні Астанада Қазақстан – Қытай Ынтымақтастық жөніндегі комитетінің төртінші отырысы өтті. Комитет қорытындысы бойынша екі мемлекеттің үкімет басшыларының орынбасары жеті түрлі келісімге қол қойды. Соның бірі Қаражамбас мұнай өндіруші кәсіпорнының елу пайыз акциясын CITIC компаниясынан Қазмұнайгаз ұлттық компаниясы сатып алды.

Астанада өткен Ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан Қытай комитетінің төртінші отырысын Қазақстан тарапынан Үкімет басшысының орынбасары Өмірзақ Шөкеев басқарса, Қытай халық республикасы тарапынан Мемлекеттік кеңесі премьерінің орынбасары Уи ханым төрайымдық етті.

Қазақстанның үкімет басшысының орынбасары Өмірзақ Шөкеев мырза өзінің сөзінде былтырғы комитеттің үшінші отырысында жүзеге асқан келісімдер бүгінде тәжірибе жүзінде табысты іске асып жатқанын сөз етіп, енді сол үшінші отырыста көтерілен мәселелер бұл жолы шешілуге тиіс деді.

Ал өз кезегінде Қытай халық республикасының мемлекет кеңесі премьерінің орынбасары Уи ханым қазіргі кезде екі жақты қарым қатынас тұрақты дамып келе жатқанын сөз етіп, ол әсіресе көлік, сауда саттық, энергия және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық зор нәтижесін беріп жатыр деді.

Қытай -қазақ ынтымақтастық жөніндегі комитеттің төртінші отырысы жабық есік жағдайында өтті. Қазақстанның сыртқы істер министрінің орынбасары Нұрлан Ермекбаев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне отырыс барысында келесі жылы Пекинде өтетін мәжілістің күн тәртібі талқыланғанын жеткізді:

- Трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау жөніндегі мәселелер, энергетика, көлік, геология және жер қойнауын қорғау, кеден істері салаларын дамыту алдағы кезеңде атқарылатын жұмыстардың бірі болып белгіленді.

Ал осы жолғы келіссөздердің нәтижесінде бірнеше келісімге қол қойған. Олар Қытайдың Экспорт-Импорт банкі Казкоммерцбанкке 34 млн. АҚШ доллары көлемінде телекоммуникациялық құрал жабдықтар алу үшін қарыз беруі жөнінде, Қазатомнеркәсіп Ұлттық Атом компаниясы және Қытай Гуандун ядролық энергетиклық корпорациясы арасындағы уран ресурстарын бірлесіп игеру, ядролық отын өндіру, табиғи уранмен ұзақ мерзімді сауда саттық жасау туралы келісімдерге келген. Сонымен бірге ҚазМұнайГаз ұлттық компаниясының бас директоры Асқар Бажанова «Азаттық» радиосына берген сұхбатында ҚазМұнайГаз мұнай өндіретін «Қаражамбас мұнай» кәсіпорнының елу пайыз акциясын Қытайдың СИТИК компаниясынан сатып алу жөніндегі келісімге қол жеткізгенін айты.

Сондай- ақ қазақ- қытай комтитетінің төртінші отырысында Қытайдың мемлекеттік даму банкі Қазақстанның Мойнақ гидроэлектр станциясының жобасын қаржыландыру жөніндегі келісімге қол қойды.

2003 жылы екі мемлекет басшылары 2008 жылға дейінгі ынтымақтастық бағдарламасына қол қойған болатын. Соның аясында ынтымақтастық жөніндегі комитеттің отырысы биыл төртінші рет өтті. Бүгінде екі елдің тауар айналымы 9 млрд. қа жуық АҚШ долларын құрайды. Екі мемлекет арасындағы өзара ықпалдастық әсіресе шикізат саласында кең дамып отыр.
XS
SM
MD
LG