Accessibility links

Иранның ядролық бағдарламасына байланысты Буш пен Саркози ортақ көзқарас білдіріп отыр


АҚШ Президенті Джордж Буш пен Франция Президенті Николя Саркози Иранның ядролық қаруға ие болуына жол бермеу тұрғысында бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратындықтарын мәлімдеді. Сәрсенбі күні Американың алғашқы Президенті Джордж Вашингтонның ауылы Маунт Вернонда өткізген баспасөз мәслихатында қос президент Ирақ соғысына байланысты көзқарас алшақтығынан туындаған транс-Атлантикалық байланыстардағы жарықшақ бүгінгі таңда жоғалғанын, байланыстардың қайтадан нығайып отырғанын көрсетуге тырысты.

Баспасөз мәсихаты барысында Буш Саркозимен болған келіссөздер кезінде екеуінің дипломатиялық шараларды үдету арқылы, Иранның ядролық қаруға қол жеткізуіне жол бермеу жөнінде уағдаласқандығын атап өтті.

"Иранның ядролық қаруға жол жеткізу мүмкіндігі туралы ой өте қауіпті. Сондықтан дәл қазір мәселені дипломатиялық тәсілдермен шешеуге бірігіп күш салу қажет. Біз бұл мәселені ұзақ талқыладық. Франция Президенті аталмыш мәселені бейбіт жолдармен шешу ниетін білдірді және мен оған бұл тұрғыда рахмет айтамын", – деді Американ Президенті.

Франция Президенті өз кезегінде бұл пікірмен толық келісетіндігін айта келе, уранды байыту әрекеттерінен бас тартпай отырған Иранға қарсы БҰҰ тарапынан бұрынғыдан да қатаң шектеу шараларын енгізу қажеттігі туралы мәлімдеді. Иранның ядролық қаруға ие болу мүмкіндігіне орай Франция ұстанатын көзқарасты Саркози сейсенбі күні Вашингтонда бір топ Американ кәсіпкерлерімен болған кездесуінде былай деп білдірген еді:

"Қазіргі жетекшілік астындағы Иранның ядролық қаруға ие болу мүмкіндігіне орай Францияның ұстанымы айқын, әрі біржақты – оған жол беруге болмайды".

Иран өзінің ядролық бағдарламасы тек бейбіт мақсатты көздейді деп келеді. Бұл тұрғыда Франция Президенті eгер бұл бағдарламаның мақсаты тек энергиялық қуат көзі ғана болса, онда Иранның оған толық құқығы бар деп атап өтті.

Сәрсенбі күнгі баспасөз мәслихаты Американың алғашқы Президенті Джордж Вашингтонның ауылы Маунт Вернонда өтті. Мұның өзі кездейсоқ емес еді. Француз Президентінің ат басын мұнда бұрудағы мақсаты Америка мен Франция арасындағы 200 жылдан астам уақыттан бері ұласып келе жатқан достық байланыстарын еске салу болатын. Екі ғасырдан астам уақыт бұрын АҚШ Британиядан өз тәуелсіздігін жариялаған кезде жас тәуелсіз мемлекеттің ең алғашқы одақтасы осы Франция еді.

Баспасөз мәслихаты кезінде қос президент екі ел арасындағы көзқарас алшақтықтары туралы өткен шақта айта алатындықтарын сөз етті. Ирақ мәселесінде көзқарас алшақтығы болғанымен, бүгінгі таңда Франция Ирақ үшін қолда барын аямай отыр дей келе, Американ Президенті Буш Франция сыртқы істер министрінің таяуда Бағдадқа жасаған сапары Ирақ халқына қолдау білдірудің үлгісі болды деді.

Франция Президенті Саркози бұл айтылғандармен келісе отырып, "террорға қарсы күрес және транс-Атлантикалық одақтастықты нығайту" мақсатында Францияның Ауғаныстандағы НАТО басқаруы астындағы өз жасақтарын әлі де сонда қалдырмақ екенін мәлімдеді.

Баспасөз мәслихаты барысында басқа да тақырыптар қамтылды. Көтерілген мәселелердің бірі Пәкістанда қалыптасып отырған соңғы саяси жағдайға қатысты еді. Баспасөз мәслихатына келген журналисттердің бірі Американ жетекшісіне "Бирмадағы әскери хунтаға демократияға қысас үшін қатаң шаралар қолданылып, Пәкістан жетекшісі Мушаррафқа келгенде жағдайдың өзгеше болуы екіұшты стандарттарды білдіріп жүрмей ме" деп сауал тастады.

Буш, Саркозимен кездесу қарсаңында, Мушаррафпен телефон арқылы сөйлескенін, Пәкістан жетекшісін тез арада сайлау өткізіп, президент қызметінде қалғысы келсе әскери жетекшілігінен бас тартуы қажет екенін ескерткенін хабарлады.

«Бирма мен Пәкістанның айырмасы – Пәкістанның демократия жолына бет түзегені, ал Бирманың демократияға бет бұрмағаны», – деді Буш.

Өз кезегінде Саркози Пәкістанда сайлау "мүмкін болғанынша тез арада" өткізілуі қажет екендігін мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG