Accessibility links

Қазақстан ішкі істер министрлігінің өкілі Интернетте жарияланған аудиофайлдарды күмәнді дерек ретінде елемеу керек деп мәлімдеді

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Қазақстан ішкі істер министрлігі бірқатар интернет беттерінде жарияланған жоғарғы лауазымды шенеуіктердің телефон сұхбаттарының аудиофайлдары шындыққа жанаспайтынын айтап, оған ешқандай мән берудің қажеті жоқ деп есептейтіндіктерін мәлімдеді. Өткен айда бірқатар интернет сайттарда Қазақстан ішкі істер министрі Бауыржан Мұхаметжанов пен Қазақстан президентінің бұрынғы іс басқарушысы Владимир Нидің арасында болған телефон сұхбаты делінген 3 аудиофайл және оның мәтіндері жарияланған еді. Онда «Бауыржан» деген кісі «Владимир Васильевичтен» өзін «Шефтің» алдында қорғауды өтініп, жазықсыз сөгіс естіп жатқанын айтып шыр-пыр болады. Сонымен қатар әлгі сөйлескен екі адам Қазақстандағы «Қазақмыс» кәсіпорнын және «Нурсултан Абишевич», «Адильбек Рыскелдинович», «Володя Ким», «Махмаханов» секілді есімдерді атайды.

Қазақстан ішкі істер министрлігі интернет беттерінде жарияланған аудиофайлдарға қатысты өзінің көзқарасын жарты айдан астам уақыт өткен соң білдірді. Министрліктің өкілі Бағдат Қожахметов әлгі аудиофайлдарды шындыққа жанаспайды деп атады.

«Менің ойымша, журналистер не бұқаралық ақпарат құралдары бұл интернетте жарияланған материалдарға ешқандай назар аударулары қажет емес. Неге десеңіз, оның авторы жоқ. Ол жарияланған ақпаратқа біз үлкен күмән тудырып отырмыз. Сондықтан, не айтамын, бұл іске байланысты ешқандай тергеу-тексеру амалдары болмайды, өйткені ешқандай әрекет не қылмысқа жататындай ешқандай жайт жоқ», - дейді ішкі істер министрінің баспасөз бөлім жетекшісі Бағдат Қожахметов.

Бұның алдында, осындай аудиофайлдарды жариялаған бірқатар сайттар Қазақстан аумағында ашылмай, оппозициялық «Тасжарған», «Взгляд», «Свобода слова» секілді газеттер, мемлекеттік органдардың араласуымен, кезекті сандарын баспаханадан шығара алмаған болатын. Шетелде тіркелген және осы аудиофайлдар жайлы апқараттарды алғашқы боп жариялаған КУБ сайты әлі күнге Қазақстан аумағынан еркін ашылмайды. Мамандар бұл сайтқа Қазақстандағы негізгі провайдерлер тарапынан тосқауыл бар деп отыр. Әйткенмен, қазақстандық тұтынушылар ол сайтқа айналма әдіс арқылы, яғни прокси-сайттардың көмегімен кіріп жатыр.

Ал өткен аптада Алматыда елдің ақпарат министрі Ермұхамбет Ертісбаев оппозициялық газеттердің редакторларымен жабық жағдайда кездесу өткізген соң, ертесінде оппозициялық «Республика» басылымы жарыққа шықты. Ал әлгі кездесуде әңгіме не туралы болғанын оған қатысқандардың өздері жариялағысы келмесе де, «Время» газеті сол басқосуда болған әңгіменің төркінін ашыпты. Басылымның жазуынша, онда ақпарат министрі жоғарыда аталған БАҚ жетекшілеріне: «сендерге екі талап қойылады. Біріншісі – басылым беттерінде Рахат Әлиевтен тарайтын ақпаратты жарияламайсыздар. Екіншісі – Қазақстан президентінің атына нұқсан келтіретін материалдар жарияламайсыздар. Сонда сіздердің басылымдарыңызға ешқандай шектеу қойылмайды» депті-мыс.

Аталған кездесудің ертеңінде, редакциясы Алматыда орналасқан www.zonakz.net Интернет-газетіндегі тосқауыл алынып, қайтадан еркін ашылатын бодлы. Сол күні Интернет-газетіндегі сайттарға шолудың тақырыбында «Сіздер не ойласаңыздар да мейлі, бірақ бұдан былай Рахат Әлиев туралы материалдар берілмейді» деген бір ауыз сөзден сол сайтта тұрақты пікірталас өткізетін кейбір оқырмандар әлгіндей талапты билік қойып отыр деген байлам жасады. Тура осыған ұқсас түсініктемелерін кейбір ақпарат құралдарына берген сұхбатында тәуелсіз оппозициялық басылым редакторлары да мәлімдеп үлгеріпті.

Алайда, егер ол аудиофайлдар шындыққа жанаспайтын болса, билік несіне шала бүлініп, сайттар мен газеттерді жауып жатыр? Оған қоса, сенат депутаты Ғани Қасымов әлгі аудиофайлдардағы әңгімеден соң «Бұл не боп барады? Бүгін телефон әңгімелеріміз тыңдалса, ертең есіктерімізден сығалап қарайтын шығар? Одан кейін төсегімізден орын сұрамасына кім кепіл?!» деп өз наразылығын білдіріп еді.

Не болса да, Қазақстанның ішкі істер министрлігі «аш құлақтан – тыныш құлақ» ұстанымын танытқандай. Ал қазақстандық заңгер-жақтаушы Виталий Воронов «ол аудиофайлдардағы дауыстардың шындыққа жанасатыны менің көңілімде күмән тудырмайды, сондықтан ішкі істер минстрлігі осыған байланысты арнайы тергеу-тексеру жұмысын ашуы керек еді» деген пікір білдірді.

«Конституцияның 18-бабының екінші тармағына сәйкес әркімге хат жазу, телефонмен сөйлесу құпиялығына кепілдік берілген. Бұл жерде сол құқық бұзылып отыр. Қылмыстық кодексте ондай заң бұзушылық 143-баппен реттеледі. Ол дауыстардың сол лауазымды шенеуіктердікі екеніне менің күмәнім жоқ. Сондықтан ішкі істер министрлігі ешқандай адамдардан шағым-арызды күтпей-ақ, заң бұзушылық фактісі бойынша қылмыстық іс ашып, арнайы тергеу-тексеру амалдарын қолға алулары керек еді», - дейді Виталий Воронов.
XS
SM
MD
LG