Accessibility links

Ираннан шыға алмай отырған француз азаматы президент Саркозиден өзіне жәрдемдесуді сұрайды

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Иран текті франция азаматы Мехрноуше Солоуки - журналист және фильм жасаушы. Ол бірнеше айдан бері Ираннан шығуға ел билігінің рұқсатын ала алмай отыр. Осы істе өзіне көмектесуді ол халықаралық қауымдастықтан сұрауда. Ирандағы ұлттық азшылықтардың жерлеу рәсімі жөнінде ол фильм түсіру үшін бұл елге өткен желтоқсанда келген болатын.

Мехрноуше Солоуки нақтылай айтқанда Франция президенті Николас Саркозиге қайырылып отыр. Француз веб парақшасына жазған өтініш-мақаласына орай журналист ресми Парижден әзірге еш жауап алған жоқ. Оның ісі Иран сотында қарашаның 17-інде қаралмақшы. Оның заңгері Мұхамед Хұсейн Ағасидің пікірінше, Солоуки ханым саяси және журналистік тұрғыда ешқандай қылмыс жасаған жоқ. Сондықтан оған “ел тұрақтылығына қарсы насихат жүргізді” деген жалпылама айып тағылуы мүмкін. Фарда радиосына берген сұхбатында Солоуки ханым өзіне зерттеу лицензиясын Иранның Ислам мәдениеті министрлігінің бергенін айтты.

“Әрине, мұның бәрін Мәдениет министрлігіндегі азшылық ұлт өкілдерімен жұмыс бюросы реттеп отыр. Менің айтайын дегенім, министрліктің баспасөз бюросы мен ұлттық азшылық өкілдері бюросы арасындағы үйлестіру”, - деді журналист.

Атап айтқанда Мехрноуше Солоуки Ирандағы азшылық боп табылатын армяндар мен еврейлер және зорастризм дінін ұстанушылардың жерлеу рәсімдерін түсірмек болған.

“Сені қызықтырған қабірлер 1988-ші жылдың жазы мен күзінде жаппай өлтірілген адамдардың жерленген жерлері ме еді?” деген Фарда радиосының сауалына Солоуки журналист “иә” деп жауап берді. 1988-ші жылы оппозициядағы солшылдар мен мужахедтер алдымен түрмеге жабылып, одан кейін жаппай өлтірілген болатын.

“Мүмкін ресмилер осы оқиғаларды сынайтын фильм түсіреді деп ойлап қалған болар. Менің қос азаматқа иелігім де Иран ресмилеріне мені қауіпті адам етіп көрсетіп тұрған болар”, - дейді Мехрноуше Солоуки.

Ақпанның 17-сінде Мехрноуше Солоукидің француз паспорты тәркіленіп, өзі бір ай Евин түрмесіне жатып шықты. Түрмеден шығысымен ол Техрандағы Француз елшілігін паналамақ болған еді. Алайда, бұл жерден Иран ресмилерімен келіссөздер жүргізудің қиын екендігін ойлап, ол артынша елшіліктен өзі кетті.

Фарда радиосына берген сұхбатында Мехрноуше Солоуки өз өмірінің қауіпсіздігі үшін алаңдайтындығын айтты. Осыған ұқсас жағдай ирандық-америкалық 4 азамат басынан да өткен болатын. Соның бірі - Фарда радиосының тілшісі Парназ Азима Ирандағы шешесіне барған сапарында паспорты тәркіленіп, қыркүйек айына дейін елден шыға алмаған еді. Дей тұрғанмен, Иран қауіпсіздігіне қатер төндіруде деген айып Азимадан әлі алынған жоқ.

Мехрноуше Солоукидің елден шығуына салынған тиым уақыты өтті. Заң жүзінде оның Ираннан кетуіне болады, дейді заңгері. Алайда ресмилер оның кетуін кешеуілдетуде.

“Елден шығу үшін Техран прокуроры орынбасарының мақұлдауы қажет”, - дейді Мехрноуше Солоукиге қарсы жиналған 400 беттік істі қолында ұстап отырған ресми өкіл.

Ол ресмиге журналистің заңгері барған кезде әлгі ресми адам өзінде қажетті құжаттардың жоқ екендігін, сондықтан Мехрноуше Солоукидің елден шығуына тиым қағазына бұл қол қоймағандықтан журналистің елден шығуына рұқсат қағазға да қол қоя алмайтындығын айтты. Қарашаның 17-сіне белгіленген сот жабық есік жағдайында өтпекші.
XS
SM
MD
LG