Accessibility links

Ұлттық қауіпсіздік комитеті интернетте жарияланған аудиожазбалар бойынша қылмыстық іс қозғап тергеу бастады


Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті интернетте елдің жоғары билігіне жақын адамдардың телефон әңгімесі делінген аудиожазбалар мен олардың мәтіндері жариялануына орай қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын бастады. Аталған ақпаратты тарату іс-әрекеті Қазақстан Конституциясының, ҚР «Жедел-іздестіру қызметі туралы» және «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңдарының талаптарына қайшы екендігін айтқан Қазақстанның Бас прокуратураның ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісов осы заңда айтылған талаптарды сақтамаған ақпарат құралы, жарияланған хабарлар мен материалдардың авторлары жауапты болады деп ескертті қарашаның 8-күні. Ал интернетте жарияланған телефон әңгімелерде аттары аталған азаматтар бұл әңгімені күні бүгінге дейін не растап, не жоққа шығарған жоқ. Қазақстандық заңгер Мұстақым Төлеев болса бұл жерде өкілетті органдардың өзі заң бұзып отыр, дейді.

Қарашаның 8-күні Қазақстан бас прокуратурасының ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісов елдегі жоғарғы биліктегі лауазымды адамдардың телефон әңгімелерінің жекелеген бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануына орай Ұлттық қауіпсіздік комитеті қылмыстық іс қозғағанын хабарлады. Бас прокуратураның мәлімдемесінде Қазақстанның «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңының 2-бабының 3-тармағына сәйкес заңмен қорғалатын құпияға жататын мәліметтерді жария етуге тыйым салынғаны, осы заңның 21-бабына сәйкес журналист заңмен тыйым салынбаған кез-келген тәсіл арқылы ақпарат алу және оны тарату құқығын іске асырған кезде жеке және заңды тұлғалардың заңды құқықтары мен мүдделерін құрметтеуге, шынайлыққа сәйкес келмейтін ақпаратты таратпауға міндетті екендігі айтылған. Көрсетілген талаптарды сақтамағаны үшін бұқаралық ақпарат құралдарының меншік иесі, таратушы, бас редакторы, жарияланған хабарлар мен материалдардың авторлары жауапты болатыны ескертіліп, шындыққа жанаспайтын ақпаратты таратуға қатысқаны үшін лауазымды адамдар да жауапқа тартылуы мүмкін делінген.

Өткен айда Интернетте «Тәуелсіз зерттеулер агентігі» деген көпшілікке белгісіз ұйым Қазақстанның жоғарғы билігіне жақын адамдардың телефон әңгімелері делінген деректерді жариялаған еді. Осы агенттік алдымен Қазақстанның ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджанов пен Қазақстан президентінің бұрынғы іс басқарушысы Владимир Нидің арасында 3 рет телефон байланысында айтылған сөздер деп, аудиожазбалар мен оның мәтінін Интернетте көпшілік үшін ілген болатын. Ал кейіннен ілінген екінші хабарламада 4 түрлі аудио жазба мен оның мәтінің кейіпкерлері ретінде Қазақстан президентінің бұрынғы іс басқарушысы Владимир Нидің, бұрынғы Сенат спикері, қазір Қазақстанның Ресейдегі елшісі Нұртай Әбіқаевтың, Ауыл шаруашылығы министрі Ахметжан Есімовтің, бұрынғы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Нартай Дүтбаевтың және президенттің қазіргі іс басқарушысы Болат Өтемұратовтың есімдері аталған еді. Осы адамдарға таңылып отырған телефон әңгімелерінде Қазақстан президенттің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев пен «Нұрбанк» төңірегіндегі дау-жанжал өзек болған.

Қазақстан ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Бағдат Қожахметов осы аудиофайлдарға қатысты қарашаның 5-күні білдірген пікірінде, Интернетте жарияланған әлгі деректер шындыққа жанаспайды деп бағалап, ол әңгімелерге назар аударудың қажеті жоқ деген болатын.

Ал қарашаның 8-күні Бас прокуратураның ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісов адамның жеке өмірі туралы оның жеке немесе отбасы құпиясын құрайтын мәліметтерді оның келісімінсіз заңсыз таратқаны үшін, егер осы әрекеттер жәбірленушінің құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтірсе, соның ішінде телефонмен сөйлесу құпиясын заңсыз бұзғаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 142 және 143-баптары бойынша жауапкершілікке тартуға жатады деп ескертті.

Интернеттегі аудиофайлдарды жариялаған бірқатар сайттар Қазақстан аумағында ашылмай, оппозициялық «Тасжарған», «Взгляд», «Свобода слова» секілді газеттер өткен аптадағы сандарын шығара алмаған болатын. Алдыңғы аптада Алматыда елдің ақпарат министрі Ермұхамбет Ертісбаев оппозициялық газеттердің редакторларымен жабық жағдайда кездесу өткізген соң, газеттер қайтадан жарыққа шығып, бірқатар сайттар қайтадан еркін ашылатын болды.

- Прокуратура бұл мәлімдемесін аудиофайл интернетте жариялана салысымен жариялау керек еді. Сол уақытта билік жағынан бір ескерту болу керек еді. Бұл ескерту - тәуелсіз екі-үш басылымға жасалып жатқан ескерту ғой. Сондықтан олар қылмыстық іс қозғап, қудалап жатса оған таң қалмаймыз. Мұның астарында шындықты халыққа жеткізбеу, лауазымды адамдардың әңгімесін елге естіртпеу жатыр. Ресми орындардың екі апта ойланып барып мәлімдеме жасағандарына қарағанда өздерінде де бір кінә бар сияқты, - дейді «Тасжарған» басылымының бас редакторы Бақытгүл Мәкімбай.

Бұл мәселеге пікір білдірген заңгер Мұстақым Төлеев Қазақстан Бас прокуратурасының мәлімдемесінде айтылған қылмыстық іс қозғау заңға сәйкес болмай отыр деген пікір айтады.

«Бұл жерде өкілетті құзырлы органдар Қылмыстық кодекстің 142-бабын, яғни «жеке өмірге қол сұғушылыққа жол бермеуді» негізге ала отырып, қылмыстық ізге түсу кезінде өздері де заңсыздыққа жол беріп алған. Өйткені, осы аудиожазбаларға байланысты аталған лауазымды және жеке тұлғалар - Мұхамеджанов, Ни, Әбіқаев, т.б. өз тараптарынан арыздануы керек. Қылмыстық істі қозғау туралы талап қою керек. Сонда ғана қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Олардың ресми талап-арыздары түспесе, қылмыстық ізге түсудің негізі жоқ. Сондықтан ондай арыз болмаған күнде бас прокуратураның ресми жария ету мәлімдемелері заңсыз, негізсіз», - дейді заңгер.
XS
SM
MD
LG