Accessibility links

Заманбек Нұрқаділовтың қаза болғанына 2 жыл толды

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Қазақстанға белгілі қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовтің жұмбақ жағдайда қаза болғанына биылғы қарашаның 12-сі күні тура 2 жыл толды. Нұрқаділовпен бірге қызметтес болған үзеңгілістері оған «биліктің озбырлығы мен зорлық-зомбылығына, әділетсіздігіне жалғыз өзі қарсы тұрған өз заманың батыры» ретінде баға беріп, «оның өр мінезі өмірінің ерте үзілуіне себеп болды» деп есептейді.

Осыдан екі жыл бұрын - 2005 жылдың қараша айының 12-сі күні Алматыдағы үйінде үш рет атылған қару оғынан жұмбақ жағдайда қаза болған Заманбек Нұрқаділов ұзақ жылдар бойы Қазақстанда жоғары лауазымды қызметтерде жұмыс істеді. Президент жарлығымен әр жылдары Алматы қаласы мен облысының әкімі болып тағайындалды, сайлауда додаға түсіп, парламент депутаты болып та сайланды. Нұрқаділов 2004 жылы наурыз айында Қазақстанның төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігінің төрағасы қызметінде жүріп, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатын сынға алып, елде сыбайластық пен отбасылық басқаруды енгізген авторитарлық жүйе орнағанын айтып, әділетсіздікке ашық қарсы шықты.

«Бұл оның көзсіз батырлығы еді. Бүгінгі биліктегі зорлық пен зомбылыққа, озбырлыққа қолынан келгенше қарсы тұрамын деген әрекетінің арты оның ғұмырының ерте үзілуіне әкеліп соқтырды. Оның өлімі әлі күнге құпия қалып отыр. Заманбекті атқан жендет кім, оның артында кім тұр? Ресми тергеу орындары оны анықтағысы келмей отыр. Әрине, шындық ашылса кімге қауіп әкелетінін жақсы білеміз», - дейді Жалпыұлттық социал-демократиялық партия жетекшісі Жармахан Тұяқбай.

Оның айтуынша, Заманбек Нұрқаділовтің Қазақстанда қоғамдық саяси тыныс-тіршілікке шынайы елін-халқын ойлайтын билік құру мақсатындағы ойлары мен іс-әрекеттері елге көп жақсылық алып келер еді, бірақ ол оған жетпей кетті.

Заманбек Нұрқаділов үкімет қаулысымен 2004 жылы наурыз айында Қазақстанның Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігінің төрағасы қызметінде жүріп «қызмет міндетін дұрыс атқармады» деген желеумен жұмыстан босатылған-ды. Онан кейін Қазақстандағы сыбайласқан жемқорлықты әшкерелейтін қоғамдық комитет құрып, оның жұмысына жетекшілік етті. Осы сәттерде оның қасында бірге болып, пікірлес болған Кәрішал Асан-Ата Заманбек Нұрқаділовтің азаматтық бейнесі туралы мынадай пікір айтады:

- Осы заманның батыры, ірі жігіт. Ол өзінің ірі, сом тұлғасын елге таныта білді. Ештеңеден қаймықпай айтатынын айтты. Осы ісімен халықтың арасында танымал болды. Сонымен қатар өте қарапайым болды. Негізі, жақсы адамдар өмірде аз тұрады ғой.

Алматы қаласының тұрғыны Сейілбек Қасымов: «Заманбек Нұрқаділовтің бітім болмысы бөлек азамат еді. Бойында жазушылық, ақындық қабілеті де бар адам еді. Ұлтжанды болатын, көбінесе ауылдың тағдырына алаңдады. Орны бөлек қазақтың үлкен тұлғасы еді. Оған бойындағы бар болмысын, білімін, ерік-жігерін Қазақстанның саяси-экономикалық өсіп-өркендеуіне жұмсауға мүмкіндік бермеді ғой. Сондықтан, ол жарылып кетуге дайын тұрған атом бомбасы сияқты еді», деп еске алады.

Қарашаның 12-сі күні кешке марқұмның жесірі танымал әнші Мақпал Жүнісова Алматыдағы Қазақконцерт залында Заманбек Нұрқаділовтің өмірден өткеніне 2 жыл толуына орай, еске алу кешін өткізіп, концерт берді.
XS
SM
MD
LG