Accessibility links

Тбилисиде Грузиядағы төтенше жағдай тәртібін тоқтату турасындағы келіссөздер жалғасуда


Грузия президенті Михаил Саакашвили жақында Тбилисиде орын алған шерулер басылған соң оның барлық жақсы-жаман жақтарын оппозиция өкілдерімен жан-жақты талқыламақшы. Саакашивлидің шеруге шыққандарды басып-жаншып, көшелерді тазалау үшін көзден жас ағызатын газ бен тоқпақ күш қолданғанына әлемнің көп бөлігі наразылық танытқан болатын. Дегенмен іле-шала Грузия президентінің мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы шешім қабылдағанын да халықаралық қауымдастық құптап қарсы алды.

Осыдан 10 күн бұрын Тбилиси көшелеріне ондаған мың адам наразылық шеруіне шыққан кезде олардың талабы біреу-ақ болған еді. Оппозиция жетекшілерінің бірі, бұрынғы министр Григорий Хаиндрава шерулердің алғшақы күні ақ журналистерге былай деген еді:

- Біз Конституциялық мерзімге сәйкес, келесі жылдың көктемінде еркін де демократиялық сайлау өтсін деген мәселені қоямыз. Біз президент отставкаға кетсін деп отырған жоқпыз, тек президенттің Конституция шеңберінде жұмыс істегенін қалаймыз.

Үкіметке қарсы мұндай кең көлемді демонстрацияны бірінші рет көрген, өзі де Раушан төңкерісінің нәтижесінде билік басына келген М.Саакашвилидің төзімі таусылып, шерушілерді күшпен басып, таратуға бұйрық берді.

Бірақ әлем мұндай қадамды күтпеген еді. Грузия үкіметі оппозиция жетекшілерін Ресейдің қолындағы қуыршақ деп айыптап, елдегі тыныштықты бұзғысы келеді деп мәлімдеді. Ал батыс болса Грузия президентінің елде 15 күндік төтенше жағдай енгізгеніне қынжылыс танытты.

Грузияның ресми билігі елдегі тәуелсіз басылымдар мен теле, радио арналар 15 күн бойына хабар таратуын тоқтатады деп жариялады. Батыс баспасөзі АҚШ-тың баптауымен өзін демократ ретінде көрсететін Саакашвили авторитарлық қадамдарға барды деп жазды. Оның, демек Грузия президентінің, жемқорлықты жоямын, экономиканы дамытамын деген уәделері бір сәтте ұмытылғандай еді.

Шетел жетекшілері Грузия басшылығын төтенше жағдай тәртібін тез арада тоқтатуға шақырды. Евродақтың сыртқы саясат жетекшісі Хавер Солана саяси келіспеушіліктер демократиялық жолдар арқылы шешілсін десе, АҚШ ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі Гордон Джондрой тараптарды барлық мәселені диалог арқылы шешуге шақырды.

Ертесінде-ақ президент М.Саакашвили теледидар арқылы берілген үндеуінде 5-ші қаңтарда халықтың сеніміне ие болу үшін президенттік сайлауды өткізу туралы шешім қабылдағандығын жариялады.

- Мен шешім қабылдадым және бұл менің ұсынысым, 2008 жылдың 5 қаңтарында президенттік сайлау өткізу туралы. Оны кешіктірмей өткізуіміз керек. Бұл елдің жетекшісі ретінде менде барлық сыртқы қатынастар мәселесіне, Грузияға сырттан жасалатын қысымдарға қарсы тұратын мандат бар, - деді ол.

Тбилисиде қалыпты өмір бірте-бірте өз жүйесіне түсіп келе жатқандай, мектептерде оқу қайта өткізіле бастады. Ал саяси өмірде саяси диалогтар әлі жалғасып жатыр.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы төтенше жағдай тәртібін алып тастауға шақыруда. Ұйымның арнайы елшісі Джосеп Борелл Фонтеллес Тбилисиде екі күн жалғасқан сапарынан соң мәлімдеме жасап, мерзімінен бұрын 5 қаңтарда болатын президент сайлауын еркін және әділ өткізу мақсатында барлық шартты қамтуға шақырып, баспасөз еркіндігін тұтастай қамту керек деді. Тбилисиге АҚШ сыртқы істер министрлігінің жоғары өкілі Метью Брайза да барды.

Грузия билігі ең ерте дегенде төтенше жағдай тәртібін бүгіндері алып қаламыз дегендей болған, бірақ президент Саакашвили «біз төтенше жағдайды қажет болған уақытта, біреулердің айтуымен емес, өз шешімімізбен, алып тастаймыз» деп атап көрсетті.

Грузия прокуратурасы оппозицияның екі басшысын Тбилисидегі наразылық шерулеріндегі қақтығыстар барысында Ресейдің көмегімен шпиондық жасау арқылы мемлекеттік төңкерісті жүзеге асырмақшы болды деп айыптамақшы болған. Ресейдің үш дипломатын шпиондық әрекеттермен шұғылданды деп айыптап, олардың Грузиядан кетірілуіне мұрындық болған.

Өткен аптада Бас прокурордың орынбасары Николаз Гварамиа оппозиция белсенділері Тотни Гамсахурдиа мен Шалва Нателашвилиге Тбилисидегі Ресей елшілігінде дипломат болып жұмыс істейтін Ресей қауіпсіздік қызметінің үш қызметкерімен бірге төңкеріс ұйымдастырмақшы болды деген айып тағылды деген еді. Кейіннен бұл айып жеңілдетілген сияқты, демалыс күндері Саакашвили өз жақтастары президенттікке кандидат болады деп үміт артқан Нателашвилиді сайлауға түсе алады деп айтты.

Прокурорлар сондай-ақ грузин миллиардері Бадри Патаркатсишвилиден де жауап алмақшы, ол оппозицияға қаржылық колдау көрсеткен екен.
XS
SM
MD
LG