Accessibility links

Рахат Әлиевтің соты басталған тұста Интернетте Қазақстанның жоғары билігіндегі топ пен олардың партиясына қатысты жаңа деректер жарияланды

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Алматыдағы Алмалы аудандық сотында «Нұрбанктың» бұрынғы басшылары Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтың ұрлануына байланысты ел президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев пен оның серіктерінің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша өтіп жатқан соттың 12 қарашадағы отырысында, биылғы жылы 18 қаңтарда болған оқиға жөнінде куәгерлерді тыңдады. Банктың бұрынғы басшысы Әбілмәжін Ғилымов сол жолы Киевке іссапармен кетпек болып үйден шыққан өзі мен орынбасары Жолдас Темірәлиевті Рахат Әлиев қала маңындағы жеке моншалардың біріне шақырып алып, қорқытып, қинау арқылы «Нұрбанк» орналасқан «Кең дала» ғимаратын өз адамдарына арзан бағаға сатқызғаны жайында айтып, сот тараптарының анықтама сауалдарына жауап берді.

«Рахатгейттің» дүйсенбі күнгі отырысында жоғалып кеткен Жолдас Темірәлиевтің анасы Галина Ғаббасқызын жәбір көруші ретінде таныған сот төрешісі, бірақ Жолдастың қарындасы Гүлнардың да өзін сондай жәбір көруші деп тану туралы берген өтінішін қанағаттандырмай тастады. Соттағылар аптасына төрт рет сот отырысын өткізуге келіскен соң, куәгер ретінде «Нұрбанктың» бұрынғы директорлар кеңесінің төрағасы Әбілмәжін Ғилымовтан сұрақ-жауап алу басталды. Бұл күнгі отырыс негізінен 18 қаңтарда орын алған «адам ұрлау» эпизоды төңірегімен шектелді.

«Нұрбанктың» бұрынғы басшысы сотқа берген жауабында 18 қаңтар күні директорлар кеңесінің жиналысын өткізген соң, Рахат Әлиев Жолдас пен Әбілмәжінді шақырып алып, шұғыл түрде Киевке іссапармен бару қажеттігін айтқанын баяндады. Рахат Әлиев оларға Киевтегі бір банк пен сақтандыру компаниясын сатып алу мүмкіндігін қарастырып, сараптап келуін тапсырған екен. Ғилымовтың өз айтуынша, «ондай сараптамаға екеуіміз азбыз, бізге тағы да қосымша сарапшылар керек» деген Әбілмәжіннің уәжін Рахат Әлиев ескермей қойыпты. Сөйтіп әуежайға бара жатқан Жолдас пен Әбілмәжінді «чартерлік ұшақ бір жарым сағатқа кешігетін болды, сендермен ақылдасатын әңгіме бар» деп Рахат қала маңындағы монша-спорттық кешеніне алдыртады. Әбілмәжін Ғилымовтың айтуынша, сол жерде Рахат Әлиев «сендер неге менің сыртымнан банк қаражатын өз таныстарың мен туыстарыңа жеңіл шартпен несие әперуге пайдаланғансыңдар?» деп Жолдас пен Әбілмәжінді екі бөлек бөлмеге қамап, таң атқанша жеке-жеке жауап алып, өздеріне қажет қандай да құжаттарға олардың қол қоюын талап еткен.

«Біздің байланыс құралдарымыз бен құжаттарымызды алып қойған соң Рахат Әлиев: мен әдейі сендерді Киевке іссапармен кетеді деп қауесет жібердім және сендердің төлқұжаттарыңа Киевке ұшып кетті деген мөр басып қоямын. Қазақстанда менің қолымнан бәрі келеді. Содан соң сендерді менттер мен туыстарың сол Киевтен іздей берсін, ал біз сендерді осы жерге көміп тастаймыз деді», - деп баяндады Ғилымов.

Сол күнгі оқиғаларды толығымен айтып берген Әбілмәжін Ғилымов сот тараптарының қосымша сауалдарына жауап берумен аяқтады. Ал осы сотта негізгі айыпталушылардың бірі деп есептелінетін Рахат Әлиевпен байланысы бар деген болжам айтылатын «Тәуелсіз зерттеулер агентігі» деген көпшілікке белгісіз ұйым Қазақстанның жоғарғы билігіне жақын шенеуніктердің телефон әңгімелері делінген аудиотаспалар мен олардың мәтіндерін сенбі күні тағы да «Куб» интернет сайтында жариялады. Онда шенеуіктер «Нұр Отан» партиясының қорына ондаған миллион қаржыны кәсіпкерлер мен банкирлерден қалай жинап жатқаны туралы өзара әңгімелеседі. Ал соның алдында ғана Бас прокуратура қазақстандық басылымдарға осындай мәтіндерді жариялауға тиым салатыны туралы мәлімдеме жасаған болатын. Тіпті, осындай мәтіндерді жариялаған соң жергілікті бірқатар сайттар мен басылымдар біраз уақытқа жабылып та қалған еді. Тағы бір айта кетерлік жайт, Ұлттық қауіпсіздік комитеті өз тарапынан Рахат Әлев пен Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Әлнұр Мұсав және Сергей Маневич есімді азаматтың үстінен қосымша тағы да қылмыстық іс ашылғанын хабарлады. Онда аталған адамдарға ұйымдасқан қылмыстық топ құрған және елдегі жоғарғы лауазымды шенеуніктердің жеке телефон сұхбатын заңсыз тыңдап, оны ақпарат беттерінде жариялаған деген айып тағылып отырған көрінеді. Сонымен қатар Ұлттық қауіпсіздік комитеті осы шенеуніктердің телефон сұхбаты делінген мәтіндерді жариялағаны үшін бірқатар жергілікті ақпарат басылымдары мен интернет сайттарын да сотқа тартпақшы екен. Ресми түрде бұл айыптарды Ұлттық қауіпсіздік комитеті сәрсенбі күні жарияламақшы. Қазақстанда жарық көретін «Время» газеті «арнайы қызметтің анықтауы бойынша, генерал Рахат Әлиев 2001 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитетінен кеткен соң да, оған берілген адамдар комитетте қалыпты, әсіресе арнайы байланыс бөлімінде қалған адамдар арқылы Рахат Әлиев жоғарғы лауазымды билік басындағылардың телефон сұхбаттарын жазып, олар туралы мәлімет жинаған екен. Осы іс бойынша қазір 20-дан астам адам жауапқа тартылып отырған көрінеді» деп жазды. Егер іс тура осылай өрбитін болса, ресми билік интернет сайттарындағы шенеуніктердің сұхбаттары рас екенін мойындап отырған болады дейді бақылаушылар.
XS
SM
MD
LG