Accessibility links

Қазақстан мемлекеттік басқару органдарын қысқартуды жоспарлап отыр


Бір жылдан соң Қазақстандағы 6 мемлекеттік орталық басқару құрылымында барлығы 88 орган қысқартылады. Бұл туралы Астанада қарашаның 13 күні үкімет отырысында премьер-министр орынбасары Өмірзақ Шүкеев хабарлады. Ал кейбір облыс әкімдері әкімдердің құзыреті азайып қалады деген алаңдаушылықтарын жеткізді.

Мемлекеттік органдарды ықшамдау жұмыстарының жүргізіліп келе жатқандығына 5 жыл болғанына қарамастан кейбір функциялардың қайталануы әліде кездеседі деген облыс әкімдерінің шағымдарынан кейін 2006 жылы тамыз айында үкімет мүшелері Қазақстанның мемлекеттік органдарындағы басқарма шенеуніктерінің саны екі есеге азайтылады деп хабарлады. Есесіне мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысы Қазақстандағы ірі жеке меншік компаниялармен пара-пар болады делінген. Мысалы, министр бір қызметкерге 3 адамның еңбекақысын төлеуге немесе 3 адамға бір адамның еңбекақысын беруге құқылы болады.

Қарағанды облысының әкімі Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, соңғы жобаларға сәйкес министрлерге көптеген мүмкіншілік берілгелі отыр:

- Әр министрліктің бүгінгі саны үкімет қаулысымен және бюджеттік комиссия бекіткен айлығымен әр министрлікке бұйрық ретінде тапсырылады. Ал енді біздің жобаларымызда 20 пайыздай өзі бір басқаратын министрдің резерві болады. Оны айлыққа қосатын ақша ретінде ерік министрде болады.

Премьер-министрдің орынбасары Өмірзақ Шүкеевтің айтуынша енді Мемлекеттік шенеуніктер реестріне өзгеріс енгізіледі. «Бұл әкімшілік реформалардың нағыз қызған шағы. Бірінші кезекте, министрліктер арасындағы қызметтер анықталса. Екінші кезекте, бір бірін қайталайтын республикалық бөлімдер қысқартылады. Ал үшінші кезекте, облыспен аудандардағы құрылымдарды қараймыз», деді ол. Шүкеевтің айтуынша 6 мемлекеттік орталық органда жалпы саны 72 территориалдық бөлім және жергілікті бюджеттен қаржыланатын 16 атқарушы орган қысқартылады.

Қысқарту болатын министрліктер мыналар: Ауыл шаруашылық министрлігі, Қаржы министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Қоршаған ортаны қорғау министрлігі, Еңбек және тұрғындарды әлеуметтік қорғау министрлігі және Жер ресурстарын басқару агенттігі. Қостанай облысының әкімі Сергей Кулагин осы соңғы агенттік бойынша алаңдаушылық білдіретіндігін жеткізді. Өйткені бұл агенттік басқармаларын қысқарту және жер мәселесін Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларға беру сұрақ тудырады, өйткені заң бойынша бұл әкімдердің құзырында, деді ол.

Вице-премьер Шүкеевтің айтуынша қазір облыс орталықтарында жермен айналысатын 3 ұйым бар. «Сондықтан республикалық ұйымдарды қысқартып тек Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар бар облыстарда басқармаларды қалдыру керек. Олар тек инспекция ретінде тексерумен айналысады ал жер телімдерін бөлу сияқты барлық операцияларды әкімдер жүргізеді», деді ол.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Жәнібек Кәрібжанов болса аудандарда денсаулық сақтау министрлігінің бөлімдері жоқ деген шағым айтты.

«Сондықтан басқармамен департаменттерді қысқарту дұрыс, бірақ алдымен облыс әкімдерімен ақылдасып алу керек», дейді Кәрібжанов. Ал, вице-премьер Шүкеевтің айтуынша облыстарда бір-бірін қайталайтын немесе жұмысы ұқсас 6 департамент бар.

«Бұл дұрыс емес, қазір 4 орталық ведомствоны қысқартамыз және 2009 жылдың бірінші қаңтарынан бастап тағы екеуін қысқарту туралы ұсыныс жасадық», деді ол.

Осылаша кәсіби ықшамды үкімет құру жоспарланып отыр. Сонда ол туындаған сұрақтарды жедел шешетін болады, дейді үкімет мүшелері.
XS
SM
MD
LG