Accessibility links

Мәжіліс жанынан қоғамдық палата құрылды


Сәрсенбі күні Қазақстан парламентінің депутаттары мәжілістің жанынан қоғамдық палата құру туралы шешім қабылдады. Қоғамдық палатаның құрамына саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кіріп, әзірленетін заң жобаларына өздерінің ұсыныстарын енгізе алады екен. Алайда, мәжіліс сайлауынан кейін парламентке өте алмаған «Нұр Отан» партиясынан басқа саяси партияның өкілдерінің бірқатары қазіргі парламенттің қоғам алдында пәрменділігі жоқ деп отыр.

Төртінші шақырылымдағы мәжіліс депутаттары жандарынан саяси партия мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінен тұратын қоғамдық палатаның құрылуына бір ауыздан келісім берді. Қоғамдық палата жасақталмай жатып, оның төрағасының кандидатурасы қазіргі депутатардың арасынан ұсынылып қойыпты. Ол - мәжіліс сипкерінің орынбасары Сергей Дьяченко. Сергей Дьяченконың айтуынша, мәжіліс сайлауы кезінде парламентке өте алмай қалған саяси партиялардың өкілдері қоғамдық палатаға мүше болып, әзірленетін заң жобаларына өздерінің ұсыныс пікірлерін парламент мінбері арқылы жеткізе алады.

Бірақ бұл тек ұсыныс айтумен шектелетін ғана мекеме болмақ. Қоғамдық палатаға мүше болған азаматтарға мемлекет есебінен ақша төленбейді екен. Осылай деп, Сергей Дьяченко айтып отыр.

Алайда 2008 жылдың бюджетінен қоғамдық палатаға арнайы қаржы бөлініпті. Бұл қаражат тек өткізілетін отырыстарға ғана бөлінбек. Дегенмен, бірақатар мәжіліс депутаттарының сөздеріне қарағанда қоғамдық палатаның пікіріне құлақ асқалы отырған олар жоқ. Мысалы, Аманжан Жамалов «Азаттық» радиосын былайша пікірін білдіреді:

- Ол біздер үшін тек қана пікір. Ал оны міндетті түрде орындау керек деген әңгіме болған жоқ. «Нұротан» партиясының мүшесі Сергей Дьяченко парламенттің атынан барлық саяси партиялдың жетекіщеріне, үкіметтік емес ұйымдарға және қоғам қайраткерлеріне шақыру жіберіліп жатқанын айтады. Алайда қоғадық палатаға кімдер мүше болады?! Соңғы нүктені де парламент депутаттары қояды екен.

Мәжіліс сайлауынан кейін Жалпы ұлттық социал демократиялық партиядан қайта бөлініп шыққан «Нағыз Ақжол» партиясының Астана филиалының жетекшісі Уалихан Қайсар қазіргі таңда елдегі саяси партияның өкілдері билік тарапынан берілетін барлық мүмкіндікті пайдалану керек деп есептейді:

- Ол ресми мінбер бола ма, жоқ әлде қоғамдық мінбер бола ма өзіміздің саяси тұғырнамамызды елге жеткізу үшін, билікке жеткізу үшін кез келген мүмкіншілікті пайдалану керек.

Қоғамдық палата оппозициялық партияның өкілдеріне билік тарапынан «итке сүйек лақтырғандай» болмайды ма деген мәселеге, Уалихан Қайсар төмендегідей ойын білдірді:

- Сүйек болса, да сол сүйекті пайдалану керек. Сол сүйекті қайрап, өздеріне лақтырамыз. Бірақ платаға мүше болуды партияның саяси кеңесі шешеді.

«Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Байменов қоғамық палата былай тұрсын, қазіргі парламенттің беделі жоқ деп есептейді:

- Сайлаудан кейін қалыптасқан жағдайда, егер шын мәнінде оппозицияның пікірін билік жүзеге асыру мақсатында пайдаланғысы келсе, онда премьер министр не премьер министрдің орынбасары әлеуметтік экоомикалық кеңеске шақыруға болар еді. Өйткені өзі де онша шешім қабылдауға ықпалы жоқ парламент жанында да ақыл кеңес тобының пәрмені болмайды және парламенттің пәрменділігі сайлаудың қалай өткендігімен ақ анықталып отыр.

Әлихан Байменовтің сөздеріне қарағанда, елде әлеуметтік экономикалық дағдарыс туындап тұрған кезде үкімет үшін баламалы пікірлер тиімді болмақ:

- Үкіметтің жанынан кеңес тобы құрылса, сол жұмыстың нәтижесі бойынша белгілі¬- белгілі тақырыптарды таңдап, министрлермен бірге пікір алмаса отырып, баспасөз мәслихатын өткізіп отырып, халыққа жеткізіп тұрса, соның ішінде үкімет іріктеп заң әзірлеу кезіде де пайдалануға болар еді.

Қоғамдық палата құру туралы бастаманы үшінші шақырылымдағы парламент кезінде президент Нұрсұлтан Назабаевтың өзі көтерген еді. Мұны сол кезде сарапшылар 2004 жылғы парламент сайлауын халықаралық ұйымдар сынағаннан соң, биліктің баламалы пікір болу үшін жасаған әрекеті деп баға берген болатын. Бірақ қоғамдық палата үшінші шақырылымдағы депутаттардың біразының наразылығын туғызған еді.
XS
SM
MD
LG