Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11.14.2007 жыл

  • Досан БАЙМОЛДА

Сәрсенбі күні Қазақстанда жарық көрген басылымдарда Қазақстан үкіметінің ел экономикасын тұрақтандыруға, соның ішінде құрылыс саласындағы қазіргі жағдайды реттеуге қатысты жүзеге асырғалы отырған іс-шаралары туралы, сондай-ақ алдағы уақытта бірқатар министрліктерде болатын қысқартулар мен үкіметтегі кадрлық өзгерістер туралы жазыпты.

«Егемен Қазақстан» сәрсенбілік санында үкіметтің ел экономикасын тұрақтандыруға қатысты бірқатар маңызды мәселелерді жүзеге асырғалы отырғанын жазыпты. Атап айтқанда, құрылыс саласындағы қазіргі жағдайды реттеу, құрылысқа үлестік қатысушылардың құқығын қорғау және осы саладағы қаржы тапшылығын болдырмау мақсатында «Қазына» орнықты даму қоры арқылы осы салаға биыл 400 миллион доллардың қаржысын ұсына алатындығын, ал келесі жылы осы мақсатқа арнап 1 миллиард доллар көлемінде қаржы бөлмекші екенін жазыпты. Сондай-ақ «Егемен Қазақстан» мемлекет басшысының жарлығымен бұған дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарып келген Владимир Божконың Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрі болып тағайындалғанын, ал бұған дейін Еуразия даму банкі басқармасы төрағасының орынбасары болып істеген Болат Жәмішевтің Қаржы министрі болып тағайындалғанын хабарлапты.

«Айқын» басылымы «Қазақстанды алда қысқартулар күтіп тұр» деген атпен билік пирамидасындағы қаптаған құрылымдардың «құрбандыққа» шалынар күнінің таяп қалғанына назар аударыпты. «Министрлер кабинетінің сейсенбі күнгі отырысында құрылымдық реформа құрығының алты министрлік пен ведомствоның мойнына салынатындығы жария етілді» деп жазады «Айқын» басылымы. «Қысқартуға түсетін министрліктер қаржы, ауыл шаруашылығы, төтенше жағдайлар, қоршаған ортаны қорғау және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері мен жер ресурстарын басқару агенттігі болмақ. Реформалық қысқартудың бірінші кезеңінде орталық атқару органдардың 72 аумақтық бөлімшесі таратылмақ, ол аз десеңіз, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын тағы 16 атқарушы органның көзі жойылмақшы» дейді «Айқын» басылымы вице-премьер Өмірзақ Шөкеевтің айтқан сөзіне сілтеме жасап. Осы басылымға пікір білдірген сенатор Бақберген Досманбетов «шенеуніктерді қысқартқанның ешқандай зияны» жоқ десе, саясаттанушы Берік Әбдіғалиев «қазіргі үкіметтің басқаруды жетілдіріп жатырмыз деп, керісінше, шенеуніктер санын көбейтіп, үкіметтің қазіргі жасағалы отырған реформасынан түсер нәтиже шамалы болады» деген ой айтапты.

«Время» басылымы сәрсенбілік санында үкіметтің ел экономикасын тұрақтандыруға, соның ішінде құрылыс саласында орын алып отырған қиын жағдайды реттеуге қатысты бағдарламаны жасап, оны қабылдағаны туралы жазыпты. «Экономикалық тұрғыдан ауыр жағдайға ұшыраған салаларға берілетін материалдық көмектің мөлшері биылғы жылы 1 миллиард доллар болса, келер жылы 3 миллиард доллар болмақ. Ал премьер министр Кәрім Мәсімов қиын жағдайға ұшыраған банктерге нақты қандай көмек көрсететіндігі туралы ләм-мим деп ауыз ашпады, сөйте тұра Қазақстанда ішкі қаржы дағдарысы болуына ешқандай себеп жоқ деп сенімді түрде барша жұртқа жария етті» деп жазады «Время» басылымы.

Осы тақырыпқа назар аударған «Литер» басылымы үкімет енді құрылыс саласы мен әкімшілік реформасын жалғастыруға өзінің әзір екендігін танытты деп жазады. «Қазақстан экономикасының қазіргі жағдайына тоқталған үкімет басшысы К.Мәсімов келер жылы экономика өсімі 5-7 процент аралығында болады деп болжам жасады. Ал әкімшілік реформасына 5 министрлік пен бір агенттік ұшырайтындығын жария етті» дейді «Литер» басылымы. Ал осы басылымға арнап қаржы министрлігінің осы уақытқа дейінгі жұмысына байланысты өз пікірін білдірген экономика ғылымының докторы Рахман Алшанов «қаржылық жоспарлаудың елде дұрыс жүрмей отырғандығын» сынға алып, бұған қатысты «барлық заңдарды қайта қарау керек» десе, сарапшы Қанат Берентаев елдегі «қаржылық құрылымдарда тендерлер дұрыс өтпейтіндіктен көптеген мемлекеттік бағдарламалар өз уақытында орындалмай қалып жатқандығын» айтыпты.

«Экспресс-К» газеті дағдарысты жағдайға түскен құрылыс компанияларына үкіметтің көмекке келгелі отырған бұл бағдарламасына байланысты «Қазына» даму қорының төрағасы Қайрат Келімбетовтың айтқанын, яғни материалдық көмек алуға құлшыныс, ынта білдірген 227 өтініштің келіп түскені туралы бірінші кезекте үкімет Астаналық құрылыс компанияларына қолдау көрсеткелі отырғанын жазды. Осыған байланысты 74 нысанның сұрыпталып алынғаны туралы айтқанын жеткізіпті газет. «Егерде бағдарлама өзін көрсете алса, онда келер жылы бұл бағдарлама Алматы қаласы және басқа қалаларда өз жалғасын табады» депті Қайрат Келімбетов.
XS
SM
MD
LG