Accessibility links

Қазақстан билігінің көлеңкелі тұстарына қатысты Интернетте жарияланып жатқан аудиодеректерге қоғамдық пікір қандай?

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Қазақстан билік басындағы жоғары лауазымды шенеуніктердің телефон сұхбаты деген тақырыппен Интернет сайттарында жарық көрген бірқатар аудиожазбалар біраздан бері Қазақстан билігі мен заң органдарын жайлы орындарынан қозғағандай болды. Алайда, жалпақ елдің ол жазбалар жайында әлі толыққанды хабары болмағандықтан қоғамда ол аса бір қозғалыс тудырмайды деген тұжырым айтады Қазақстанның бірқатар саяси сарапшылары. Өткен аптаның соңында көпшілікке белгісіз «Тәуелсіз зерттеулер агенттігі» Интернетке орналастырған кезекті жариялымдарда, Қазақстанның жоғары билік басындағылар деп көрсетілген адамдар «Нұр Отан» партиясының есебіне және тағы бір беймәлім қорға Қазақстандағы ірі кәсіпкелер мен банкирлерлерді, жоғары лауазымды шенеуніктерді миллиондаған қаржы жинауға міндеттегені жайында сөздер айтылады.

Интернет сайттарында Қазақстан билік басындағы лауазымды тұлғалардың телефон сұхбаты деп жарияланған аудиофайлдар туралы қоғамның саяси тыныс-тіршілігін бақылап отырғандар ондағы дауыстардың билік басындағылардың дауысына қатты ұқсас екенін айтады.

Бірақ осы аудиодеректер жариялана бастағаннан бастап жарты айдай Қазақстанның ресми билігі ләм-мим деп тіс жармай отырды. Алдымен Қазақстанның ішкі істер министрлігінің ресми өкілі әлгі аудиожазбаларды шындыққа жанаспайды деп жариялады. Одан соң Бас прокуратура «жеке тұлғалардың құпияларын жариялау - заң бұзу деп бағаланатыны» жайында ескерту жасады. Оның алдында осы сұхбаттар мазмұнын жариялаған бірқатар тәуелсіз басылымдар кезекті санын баспадан шығара алмай, кейбір интернет-сайттар Қазақстаннан ашылмай қалды.

Қазақстанда шығатын «Время» газеті елдің Ұлттық қауіпсіздік комитеті Рахат Әлиевке заңсыз телефон тыңдауларын жасаған және оны жариялаған деп қылмыстық іс қозғап жатқанын хабарлады. Ал әлгі даулы аудиожазбалардың Қазақстан қоғамының саяси тыныс-тіршілігіне әсері болды ма? Оппозициялық журналист Ермұрат Бапи ондай әсер болмайды деп санайды.

«Егер баспасөз құралдары ондай телефон сұхбаттарды басып халыққа жеткізе алмаса, қоғамда қандай да толқу, резонанс тудыруы мүмкін емес деп ойлаймын. Себебі, билік Рахат Әлиевтің интернетте жариялап жатқан әшкерелеу деректерді елдегі тәуелсіз газеттерде бастырмауға жанталасқан әрекет жасап, басылымдарды қыспаққа алып жатыр. Демек, ол ақпарат қоғамға жетпесе, онсыз да ұйықтап жатқан әлжуаз қоғамға оның әсер етуі екіталай», - дейді Бапи.

Ал әлгі даулы файлдарда қаржыландыру төркіні шикі деп көрсетілген биліктің «Нұр Отан» партиясы бұл айыптауларға селт етпей әзірге үнсіз отыр. Партияның талдау орталығының маманы Шәріпбек Ағабаев «Азаттық» тілшісіне бұл мәселе туралы сөз айту жөнсіз деген пікір білдірді:

«Кеше прокуратура, оның алдында Ішкі істер министірлігі оның бәрі шындыққа жанаспайды деп мәлімдеме жасады ғой. Оның қаншалықты шындыққа жататыны, не жанаспайтыны... ресми билік оны шындыққа жатпайды деп отыр, сондықтан оған қандай да түсінік беру артық деп ойлаймын».

Қазақстандық сарапшы Досым Сәтпаев бұл ақпараттардың Қазақстан қоғамында бәлендей елең еткізерлік жаңалық болмай жатқанының бірнеше себебі барын айтады.

«Біріншіден, интернетке кіре алатын қазақстандықтардың саны өте аз болса, екіншіден, билік ондай ақпараттардың кең тарап кетпеуіне қолдан келгенше тырысып жатыр. Ал ең негізгісі - қазақстандықтарды ондай әңгімемен таң қалдыра алмайсыз, олар онсыз да билік басындағылардың жемқорлыққа белшесінен батып отырғанын біледі. Ал, бұл ақпараттарды таратып жүр делінетін Рахат Әлиевтің де мақсаты - қоғамда толқу тудыру емес, билік басындағы саяси элитаны әлемдік қауымдастық алдында әшкерелеу сияқты көрінеді. Сондықтан, бұл телефон жазбалары туралы ой-пікірлер үйреншікті асханадағы әңгіме төңірегімен аяқталады», - деп түйеді сарапшы.

Қазақстандық саясаттанушы Әлімбай Ғали болса мұндай телефон сұхбаттарының халықтың саяси көзқарасын оятуда өзіндік ықпалы болады деп есептейді.

«Ашық қоғамның бір ерекшелігі – ұдайы саяси не басқа даулар боп тұрады. Оны демократияның фондық шуы деп атауға болады. Яғни, ондай нәрсеге құлақ үйрету керек, бірақ, әр жолы қоғам есейеді, саяси элита, жұртшылық... Өйткені, қалай болса да, сол мәселелерді талқылау, сол мәтіндерді – мейлі олар рас болсын, не жоқ болсын - жариялау, халықтың санасын көтеріп келе жатыр», - дейді Ә.Ғали.
XS
SM
MD
LG