Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11.15.2007 жыл


Бейсенбі күні Қазақстанда жарық көрген басылымдарда «Рахатгейт» ісі бойынша Рахат Әлиев және оның сыбайластарына қатысты Алматыда жүріп жатқан сот процесі туралы және ел экономикасын тұрақтандыру жөнінде қабылданған үкімет бағдарламасына қатысты банкирлер мен сарапшылардың айтқан пікірлерін жариялапты.

«Жас Алаш» басылымы бейсенбілік санында Рахат Әлиев және оның сыбайластарына қатысты Алмалы аудандық сотында өтіп жатқан сот процесі туралы «Нұрбанктің бұрынғы басшысы Жұмаділлаеваның не білгені бар?» деген тақырыппен жариялаған мақалада 2002-2007 жылдары осы банктің басқарма төрағасының орынбасары болған, ал банк басшылары Ә.Ғилымов пен оның орынбасары Жолдас Темірәлиев екеуінің тағдыры қиындыққа ұшыраған биылғы қаңтардың 18-інен кейін осы банктің басқарма төрайымы болып тағайындалған Гүлмира Жұмаділлаеваның соттағы айтқандарына ерекше назар аударыпты. «Г.Жұмаділлаева өзі Нұрбанктың акционерлерінің бірі бола осы банктың негізгі акционері Рахат Әлиевті өмірінде бар-жоғы екі рет қана көргенін айтады, бұған қалай сенуге болады және ол қаңтардың 18-19 күндері Нұрбанкте не болғанын ада-күде білмейтін болып шықты, сонда кімге сенуге болады?» дейді «Жас Алаш». Жұмаділлаева қазір «Каспийский» банкінде басқарма төрағасының орынбасары болып істейді. «Сонда ол Нұрбанктен неге кетті? Бәлкім аш пәледен қаш пәле болғаны ма? Бұл көпшілікті, әрине, ең алдымен сотты ойландыратын сұрақ» деп жазады «Жас Алаш» басылымы.

«Свобода слова» апталығы бейсенбілік санында Рахат Әлиев пен сыбайластарына қатысты жүріп жатқан сот кезінде прокурордың ауызынан шыққан Рахат Әлиевке қатысты қылмыстық істе Құрман Әкімқұлов қылмыстық топты ұйымдастырушылардың бірі болды дегенді естігенде оның жүрегі қатты қысылып, инфаркт жағдайына барды деп жазады. Басылым қазір «Рахатгейт» ісі бойынша жүріп жатқан сотта айыпталып отырған 21 адамның 16-сы ғана қатысып отырғанын айтады. «Бесеуі қашып, шетелді паналап жүр. Ал осылардың мүддесін қорғаушы адвокаттар саны 25 болмақ. Атышулы бұл сотқа прокуратура жақсы дайындалған сыңай байқатып отыр, олардың сотқа ұсынып отырған 68 томда адам ұрлау, біреудің дүние-мүлкін тартып алу, қинау, зорлау секілді қылмыстардың 21 түрлі оқиғасы кіріпті, әр оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалмақшы» дейді «Свобода слова» басылымы.

«Тасжарған» газеті осы тақырыпқа арналған «Әлиевтің бандасы қылмысқа күні бұрын дайындалған» деген мақалада «Әбілмәжін Ғилымовтың айтқанындай, Рахат Әлиевтің екі банкирді әуелі «Рахат» ықшамауданындағы монша кешеніне апару үшін алдын ала жоспар жасағаны, екі банкирді Украинаға жол сапармен кетті деп, алдын ала сөз таратқаны және Темірәлиев екеуіңді өлтіріп, көміп тастаймыз деп қорқытқаны осындай ой түюге жетелейді» деп жазады басылым. «Сонымен сот барысында Рахат Әлиев пен оның сыбайластарының банкирлерді қалай қинағаны, қорлағаны жөнінде қылмыстық істің шындығы енді ашыла бастады» дейді газеті тілшісі.

«Тасжарған» басылымы сондай-ақ үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың айтқан «елдің ішкі қаржы экономикалық жағдайы дағдарысқа ұшырамайды, оған себептер жоқ» дегеніне қатысты «премьер министр халықты сабырлыққа, төзімділікке шақыра отырып, өзі отставкаға кетуге дайындалуда» деп жазады. «Ал ұлттық банктің төрағасы Әнуар Сәйденов жыл соңына қарай елдегі инфляция мөлшері екі орынды санмен белгіленеді дегенді айтып отыр, сол арқылы ол Мәсімовтың ел экономикасы тұрақтанды деп елді сендірмек болғанын жоққа шығарды» деп жазады «Тасжарған».

«Түркістан» газеті жұрт алдында бірнеше рет уәде берген Үкіметтің елдегі қымбатшылыққа тосқауыл бола алмай отырғанын жазыпты. «Осыдан екі ай бұрын құны 150-160 теңге тұратын сұйық май бүгінде 380-450 теңгеге, 550-600 теңге тұратын ет 700-750 теңгеге қымбаттады, ал аттандап жүріп нан бағасын әзер деп 60-65 теңгеге тоқтаттық. Бұл Алматыдағы жағдай, республикамыздың өзге өңірлерінде аталған өнімдер бұдан да қымбат дейді «Түркістан» газеті. Газет тілшісінің жазуынша, «бағаның күннен күнге осылай шарықтап бара жатқанына қарамастан, үкімет келесі жылға арналған бюджетте елімізден сыртқа тасымалданатын 1 баррел мұнайды 60 долларға деп бағалады, ал халықаралық сарапшылар әлемдік нарықтағы мұнайдың 1 баррелі көп ұзамай 100 долларға жетеді деп болжам айтып отыр».

«Время» басылымы «Министрлер отставкаға» деген атпен жариялаған мақаласында қазіргі азық-түлік пен коммуналдық даяшылық бағаларының қымбаттауына жауапты министрлердің, ауыл шаруашылық министрі Ахметжан Есімовтың, Энергетика және минералдық ресурстар министрі Сауат Мыңбаевтың, өндіріс және сауда министрі Ғалым Оразбақовтың отставкаға кетуін оңтүстік тұрғындары талап етіп отырғаны туралы жазыпты. «Олар бұл талаптарын Астанаға жіберді, бірақта ол жақтан әзірге хабар болмай тұр» дейді газеті тілшісі.
XS
SM
MD
LG