Accessibility links

Алматыда тәуелсіз журналист Айнұр Құрманов абақтыға қамалды

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

«Шаңырақ-Қазақстан» республикалық қоғамдық бірлестігінің белсендісі, Қазақстанда тіркелмеген Социалистік қарсылық ұйымының жетекшісі, тәуелсіз журналист Айнұр Құрманов Алматы ауданаралық мамандандырылған әкімшілік сотының шешімімен 7 тәулікке қамауға алынды. Оған Қазақстан әкімшілік кодекстің 373 бабының ІІІ тармағы бойынша айып тағылып отыр. Ал Айнұр Құрмановтың жақтастары мен қорғаушы адвокаты Алматы ауданаралық мамандандырылған әкімшілік соттың қаулысы әділ емес деп аппеляциялық шағым түсірді.

«Шаңырақ-Қазақстан» республикалық қоғамдық бірлестігінің белсендісі Айнұр Құрмановтың соттың шешімімен 7 тәулікке бас бостандығынан айырылуына қарашаның 7-сі күні Алматы қаласының соттар әкімшілігі ғимараты алдында баспаналары құлатылуға жатқызылған бір топ тұрғынмен бірге пикетке шығуы себеп болған. Пикетте Айнұр Құрманов баспаналарына қауіп төнген тұрғындар атынан дайындалған наразылық петициясын оқыған. Сол кезде оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері жиналғандардың қолдарындағы плакаттарын жыртып, Айнұр Құрмановты алып кетпекші болған.

«Бейбіт түрде наразылық танытқандарға полиция заңсыз күш қолданды», дейді сол оқиғаның куәгері әрі Айнұр Құрмановтың жақтасы Ризада Жақыпбек. Оның айтуынша, Айнұр Құрмановты полиция қызметкерлері 7 күннен кейін, яғни қарашаның 14-і күні келіп, «Шаңырақ-Қазақстан» республикалық бірлестігінің Алматы қалалық бөлімшесінің кеңсесінен ұстап алып кеткен.

«Сол күні Алматының әкімшілік соты оны 7 күнге абақтыға қамау туралы шешім шығарып соттап жіберді. Сотта жалғыз мен ғана куәгер болдым. Оның ешқандай жазығы жоқ еді», - дейді Ризада Жақыпбек.

Айнұр Құрмановты Алматының ауданаралық мамандандырылған әкімшілік соты «заңсыз пикет ұйымдастырды» және «қоғамдық тәртіпті бұзды» деген айып негізінде 7 күнге бас бостандығынан айырған. Ризада Жақыпбек бұл пикетті өткізу туралы әкімшіліктен рұқсат сұрамағандарын айтады.

«Өйткені олар бізге бәрібір рұқсат бермейді. Біз бұған дейін де қалалық соттың алдына, «Алматыжер» компаниясы алдына да барып, оларға петиция тапсырғанбыз. Қоғамдық тәртіп бұзғанымыз жоқ, тек өзіміздің талабымызды айтамыз да, кетеміз ғой», дейді Ризада.

Айнұр Құрмановтың адвокаты Денис Әлімбеков сәрсенбі күнгі сот заң талаптарына сәйкес өткен жоқ деп отыр.

«Алматы ауданаралық мамандандырылған әкімшілік соттың Айнұр Құрмановқа шығарған қаулысымен келіспейтіндігімді айтып аппеляциялық шағым түсірдім. Мен оның адвокаты ретінде соттың бастан-аяқ заң бұзушылықтармен өткенін баса айтқым келеді. Бір ғана мысал, пикет қарашаның 7-сі күні болса да әкімшілік іс қозғау туралы хаттама тек қана қарашаның 14-і күні толтырылған. Бұл әкімшілік кодекстің 638 бабының 1 тармағын бұзу болып табылады», - дейді адвокат.

Заңгер Өмірзақ Асанов жоғарыда орын алған мәселеге орай мынадай түсініктеме береді:

- Қазақстанның митингі, демонстрация және пикеттерді өткізу туралы заңдарына сәйкес олар 10 күн бұрын жергілікті әкімшіліктен рұқсат алулары керек. Егер рұқсат алмаса ол заңсыз шара болып табылады. Бұл жерде екі мәселенің басын ашып алу керек. Бұл заңсыз пикет болып табыла ма, әлде азаматтардың ашық пікірін білдіруі ме? Бұл жерде менің байқағаным - азаматтардың жәй ғана петиция тапсыруы ғана. Сондықтан, бұл жерде құқықтық заң бұзушылық болды деп айта алмаймын. Әр азаматтың белгілі бір мемлекеттік органдарға шағымдануға, хаттарын жіберуге және олардан жауап күтуге құқығы бар. Бұл жерде азаматтар сол құқығын пайдаланды.

«Шаңырақ-Қазақстан» республикалық бірлестігінің Алматы қалалық бөлімшесінің белсенділерінің бірі Ризада Жақыпбек болса: «Егер қарапайым тұрғындар жағына шығып халықтың сөзін сөйлеп жүрген азаматтарды билік бұлайша қудалай берсе онда біздің әрекетіміз де басқаша болады», дейді.
XS
SM
MD
LG