Accessibility links

Президент қауіпсіздік кеңесінің отырысында Алматы әкімі Тасмағамбетовке қатаң сөгіс берумен шектелді

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Бейсенбі күні Астанада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысы өтті. Отырыста елдегі экономикалық, әлеуметтік ахуал және Алматыда заңсыз берілген жерлерге қатысты мәселелер өрбіді. Ең бастысы, көптен бері қоғам арасында қызметінен алынады деген болжам айтылып келген Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовке президент тек қана қатаң сөгіс берумен шектелді. Мұны елдегі бірқатар сарапшылар Тасмағамбетовтің жеңісі деп отыр.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысында Қаржы министрі болған Наталья Коржованың не себептен қызметінен босатылғаны белгілі болды. Сәрсенбі күні қаржы министрлігінің қызметкерлеріне Болат Жәмішовті таныстырған үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Наталья Коржова жақсы жұмыс атқарды деп шығарып салған еді. Алайда президент тамыз айынан бері елде орын алған кейбір экономикалық мәселелердің тығырыққа тіреліп қалуын тікелей қаржы министрлігінен көрді.

«Үкімет тарапынан салмақты қателік болды. Бірақ, бұл қаржы министрлігіне қатысты. Тып-тыныш жерден жанар-жағар май мәселесі туындады, одан кейін сыра проблемасы шықты. Барлық жұмыстарға тежеу болатын заңға өзгерістер енгізілді. Сондықтан мен қаржы министрін қызметінен босаттым», деді мемлекет басшысы.

Үшінші шақырылымдағы мәжіліс мерзімінен бұрын тарағаннан кейін заң қабылдау құзыры тек сенаттың қолында болып, бір күннің ішінде сол кездегі қаржы министрі Наталья Коржованың ұсынуымен Кеден кодексі сенатта қабылданып кеткен еді. Салдарынан биыл жазда елдегі кеден бекеттерінде біраз қиыншылықтар туындап, кәсіпкерлер наразылық танытқаны белгілі.

Президенттің Наталья Коржованың жұмыстан алуына байланысты кезінде онымен қызметтес болған экс-сенатор Уалихан Қайсар Коржова ханымның кәсіби қызметіне төмендегідей баға береді:

- Коржованы орнынан алып тастаудан бұрын, қоймау керек еді. Коржованың Қазақстанға жаны ашымайды. Мен оның қабылет-қарымын өте жақсы білемін. Ол қазақстандықтар үшін жақсы іс жасауға тырысқан жоқ.

Ал президент өзінің сөзінде «жекелеген министрлердің жіберген қателеріне толықтай парламент пен үкімет те жауап береді. Өйткені, олар бірін бірі қадағалап отыруға тиісті», деді.

Президент бұл жолы өзінің қыркүйек айында Алматы маңындағы жерлерге байланысты үкіметке берген тапсырмасына оралды. Сол кезде президент Алматының тау бөктерлерінде адамдар демалатын орын қалмағанын, жаппай тұрғын үйлер салынып кеткендігін, оларға рұқсатты кімдер бергендігін тексеру үшін комиссия құру жөнінде үкіметке тапсырма берген еді. Комиссия жұмысының қорытындысымен таныстырған үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Алматының шұрайлы жерлерін жекемешікке беруде мың жарымға жуық заң бұзушылықтың орын алғанын айтты. Осыдан бірнеше күн бұрын заң бұзушылыққа қатысы бар деп үкімет басының ұсынысымен Төтенше жағдайлар жөніндегі министр болған Виктор Храпуновтың және бірқатар аудан әкімдерінің қызметінен алынғаны белгілі. Ал президент бұл жолы Алматы әкімі Иманғали Тасмағамбетовке және Алматы облысының әкімі Серік Үмбетовке қатаң сөгіс берумен ғана шектелді.

Президенттің бұл қадамына «Азаматтық қоғам» қоғамдық қорының мүшесі Зәуреш Батталова «Азаттық» радиосына төмендегідей пікірін жеткізеді:

- Тасмағамбетовті орнынан алуға не президенттің, не үкіметтің күш-қайраты жетпеді. Ал Тасмағамбетов болса, «мен Назарбаевтың өнімімін» деп айтып, өзін өзі барынша қорғап, жеңіске жетті деп айтуға болады. Ал онымен күрескен Рахат Әлиев туралы толық шешім қабылданды. Ал президенттің басында Тасмағамбетовке реніш білдірткені сол Нұрбанктің жағдайын асырып жіберді деген әңгіме.

Қауіпсіздік кеңесінің отырысында президент ел экономикасында дағдарыс жоқ деген пікірін тағы да қайталады. Осылай деп үкімет мүшелері де әр отырыстарында айтады. Алайда, азық -түлік бағасының өсуі, банктердегі және құрылыс саласындағы ахуалдың ол айтқаннан мүлдем басқа екенін халық көріп отыр. дейді Зәуреш Батталова.
XS
SM
MD
LG