Accessibility links

Ресейдегі парламент сайлауының ашық әрі әділ өтетініне сайлаушылар онша сенбейді

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

“Азаттық” Радиосы жүргізген қоғамдық сауалнама қорытындысына қарағанда, Ресейдегі сайлаушылардың басым көпшілігі 2-нші желтоқсанға белгіленген парламент сайлауының демократия стандарттарына лайық ашық әрі әділ өтетініне онша сенбейді, оған күмәнмен қарайды. Бірақ, сонымен бірге, бұқара халықтың басым көпшілігі өз болашағына үлкен үміт артады. Міне ресейліктердің, бір жағынан, алдағы сайлауға күдікпен қарап, ал екінші жағынан - келешегіне үлкен үміт артуының қыр-сыры неде?

“Азаттық” Радиосы жүргізген қоғамдық сауалнама қорытындысына қарағанда, биыл желтоқсанда болатын Мемлекеттік думаға сайлаулардың әділ өтетіндігіне дауыс беру жасындағы ресейліктердің үштен екі бөлігіне жуығы сенбейді. Ал, сұралғандардың бестен бір бөлігіне жуығының пікірінше, сайлау қорытындылары сайлаушылар пікірін білдіреді дегенге иланбауда.

Сұралғандардың жартысына жуығының айтуынша, Дума орындары қандай партияларға тиесілі болатындығын анықтау президент Владимир Путинге немесе Кремльдегі оның әкімшілігіне байланысты. Барлық қоғамдық сауалнамаларда Біртұтас Ресей партиясы алда келеді. Ресейліктердің, бір жағынан, алдағы сайлауға күдікпен қарап, ал екінші жағынан - келешегіне үлкен үміт артуының қыр-сыры Ресейдегі қазіргі саяси ахуалға байланысты болса керек. Ресей Ғылым акамдемиясының Социология институтының маманы Мария Марскевичтің айтуынша, көптеген сайлаушылардың болашаққа деген үлкен үміті Путиннің рөліне байланысты болып отыр. Олардың пікірінше қазіргі президент елге тұрақтылық әкелді.

“Путинге қоғам үшінші кезектегі ғана емес шексіз жалғаса беретін президенттік билік мүмкіндігін ұсынуға әзір. Бұл істің қаншалықты демократиялық сипатта болатындығы халықтың негізгі бөлігін ойландырмайды да. Тіпті мұндай қадамның конституцияға қаншалықты сәйкес келетіндігі халықтың басым бөлігінің ойына кіріп те шықпайды”, - деді Марскевич ханым.

Сондай-ақ халық санасындағы ұлттық көсемді аңсау сезімінен ауторитаризмге жол беріліп жатқанын және Ресейдің бір партиялық жүйеге бет алғандығын да сарапшылар айтуда.

Путиннің екінші кезектегі президенттік мерзімі келер жылы аяқталады. Одан әрі Путин билік айналасында өзге бір сипатта қала беруі мүмкін. Сайлаудан кейін нендей жағдайды күтетіндіктері туралы сауалға сұралғандардың 52,1 пайызы өмір сүру деңгейлері жақсарады деп, ал 42,7 пайызы жалақы мен зейнетақы өседі деп сенетіндіктерін айтқан. Тек 5 пайызы ғана мықты демократиялық өзгерістерге сенетіндігін айтқан екен.

Сондай-ақ жауап бергендердің үштен екі бөлігі демократиялық сайлаулар Ресей үшін маңызды, бір пайыздан төмені- демократиялық сайлаулар өте маңызды деп жауап берген екен. Сұралған сайлаушылардың 40 пайыздайы сайлау бекеттеріне тек міндеттерін атқару үшін баратындықтарын айтқан.

«Азаттық» радиосы үшін қазан айындағы қоғамдық сауалнаманы Мәскеуде орналасқан Левада сараптамалық орталығы жүргізген еді.
XS
SM
MD
LG