Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11.16.2007 жыл

  • Досан БАЙМОЛДА

Жұма күні Қазақстанда жарық көрген басылымдарда бейсенбі күні Ақордада өткен қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысында сөз болған Алматы қаласы мен Алматы облысының тау бөктерлерінде салынған заңсыз құрылыстарға жол берген әкімдердің жазалануы, ел экономикасының қазіргі жағдайы туралы мақалалар мен осы тақырыпқа қатысты сарапшылар пікірлері, сондай-ақ ақпарат министрі Е.Ертісбаевтың тәуелсіз басылымдар редакторларына берген «ақыл-кеңесіне» қатысты бірқатар басылымдар редакцияларының мәлімдемесі жарияланыпты.

«Республика» басылымы жұма күнгі санында мәдениет және ақпарат министрі Е.Ертісбаевтың елдегі тәуелсіз басылымдардың редакторларына берген «ақыл-кеңесі» туралы жаза келе, «Республика», «Тасжарған» және «Взгляд» газеттерінің редакциялары атынан өз оқырмандарына арнаған үндеулерін жариялапты. Онда «министр Е.Ертісбаевтың жоғары лауазымды шенеуніктердің қазір интернетте жарияланып жатқан аудиожазбалар туралы мәселе көтермеуге, оны талқыламауға, тіпті еске алмауға кеңес беруін біз тәуелсіз басылымдардың редакциялық ішкі ісіне тікелей араласу деп ұғамыз. Сондықтан біз Ертісбаевқа «жоқ» дей отырып, өзіміздің бұрыннан істеп келе жатқан редакциялық жұмысымызды ары қарай жалғастыра беретінімізді оқырмандарымызға жеткізігіміз келеді» делінген. «Республиканың» жұма күнгі санында сұқбат берген Қазақстанның Журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаев ақпарат министрінің іс-әрекетін «нағыз цензура» деп бағалапты. «Бұл - конституцияда тиым салынған нәрсе» депті ол. Ал сөз бостандығын қорғайтын «Әділ сөз» қорының төрайымы Тамара Қалеева министр Ертісбаевтың тәуелсіз басылымдармен келісімге келмек болған әлгі қадамын конституцияға қайшы келеді деген пікір айтыпты.

Ал министр Е.Ертісбаев «Казахстанская правда» газетіне берген сұқбатында елдегі қайсыбір ақпарат құралдары қаржы-өнеркәсіптік топтармен тығыз байланыста екенін айтып, «сол арқылы оларды идеологиялық қару ретінде пайдаланып отырғандығын» айтыпты. «Бұндай жағдайда мемлекет қатаң іс-шараға баруға мәжбүр, бұл конституция арқылы берілген сөз еркіндігін шектеу болып табылмайды» депті министр.

«Егемен Қазақстан» газеті жұма күнгі санында «Заң бұзғандар жауапкершіліктен құтылмайды» деген тақырыппен қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысында екі мәселенің қаралғандығын, яғни Алматы қаласы мен Алматы облысының тау бөктерлерінде заңсыз салынған құрылыс нысандарын тексерген үкіметтік комиссия қортыныдысы мен елдегі инфляция деңгейін өсірмей, азық-түлік өнімдерінің бағаларын тұрақтандыру туралы тапсырманың орындалуы мәселесінің қаралғандығы туралы жазыпты. «Премьер министр Кәрім Мәсімов өзі жетекшілік еткен жұмыс тобы тексеру нәтіижесінде Алматы қаласынан 1460 заң бұзушылықтың бар екендігін анықтады, бұл заң бұзушылықтарға Алматы қаласына әр кезеңдерде басшылық жасаған әкімдер тұсында жол беріліпті. Осыған байланысты бір министр, бір агенттік төрағасы, Алматы қаласы мен Алматы облысы әкімдерінің екі орынбасары және екі аудан әкімі жұмыстарынан босады, ал мемлекет басшысы табиғи қорғалатын аймақтарда заңсыз тұрғызылған құрлыстардың барлығын бұзуға тапсырма берді» деп жазған екен «Егемен Қазақстан».

«Айқын» басылымы осы тақырыпқа қатысты қаупісіздік кеңесінің кезекті отырысында жер телімдерін бөлу мен құрылыс салуға рұқсат ету ісін қадағалауда босаңдық танытқандары үшін Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен Алматы облысының әкімі Серік Үмбетовтың президент тарапынан қатаң сөгіс алғандығын хабарлапты. «Соңғы күндері үкіметте болған кадрлық өзгерістер жұрттың қызу әңгімесі болғаны шындық» деп жазады «Айқын» басылымы. Газет тілшісінің жазуынша, «президент қауіпсіздік кеңестің отырысында қызметтік жауапкершілігіне салғырт қарағаны үшін осы министрлік орынтағымен қош айтысқан Коржова ханымның атына сын айта отырып, жалпы алғанда үкіметтің қазіргі жұмысына тұтастай қанағаттанатын білдіргендей болды, ол сондай ақ жуық арада үкіметте ешқандай кадрлық ауыс-түйіс болмайтындығын қадап айтты» деп жазады газет тілшісі.

«Литер» басылымы мемлекет басшысының қауіпсіздік кеңесінде «енді жуық арада үкіметте ешқандай ауыс-түйіс болмайды» деп айтқанына қатысты бірқатар сарапшылар пікірлерін беріпті. «Мәдени майдан» қоғамдық ұйымының төрағасы Нұрлан Ерімбетов: «үкіметті отставкаға жіберу деген сөз - елдегі дағдарысты мойындау деген болмақ, сондықтан президент қазіргі үкіметті отставкаға жібермейді» деген пікір білдірсе, тәуелсіз саясаттанушы Олег Сидоров «Қазақстанда үкіметті отставкаға жіберу көбінесе көктемде не күзде болады, ал биылғы күз аяқталуға жақын қалды, сондықтан министрлер кабинетін отставкаға жіберу мәселесі бүгін күн тәрітібінде жоқ» дейді. Ал осы «Литер» басылымына пікір білдірген саясаткер Владислав Косарев «қазіргі үкімет қарапайым халық көңілінен шықпай отыр, сондықтан министрлер кабинетінде осылай кадрлық өзгерістер жасап тұруы дұрыс мәселе болсада, менің өзіме салса, қазіргі үкіметтің оставкаға кеткенін қалар едім» депті.
XS
SM
MD
LG