Accessibility links

Пәкістан Жоғары соты президент Перуез Мұшаррафтың қайта сайлануын құптады


АҚШ сыртқы істер министрінің орынбасары Джон Негропонте демалыс күндері Пәкістанда болып, президент Перуез Мұшаррафты төтенше жағдай тәртібін алып тастауға шақырды, ұлттық сайлаулар қарсаңында елдің зайырлы саяси партияларымен келіссөздерді жалғастыруға шақырды. Төтенше жағдай тәртібі осыдан екі апта бұрын оппозиция наразылығы өсе түскенде орнатылған. Пәкістан президенті төтенше жағдай тәртібі қауіпсіздік ойдағыдай қамтылғанда ғана алынып тасталады деген.

Президент Перуез Мұшарраф қазан айында қайта сайланып, бұған қарсы бірнеше арыз берілгені аян. Сол арыздың бесуін Жоғары сот бүгін біржолата қарап, қанағаттандырмай тастады. Ең соңғы арыз осы бейсенбіде қаралмақ. Дегенмен, бүгін кері қайтарылған бес арыз – Мұшаррафтың қайта сайлануын жарамсыз деп таба алатын негізгі құжаттар болатын. Сондықтан, президент Мұшарраф қайта сайлануын дәлелдеп шығады деп күтіліп отыр. Ал, жалпы, елдегі саяси дағдарыс президент Мұшарраф пен Жоғары соттың төрешелері арасындағы текетірестен басталған. Үкімет пен оппозиция өз алдына текетіресте болған. Елдің бұрынғы бас министрі, оппозиция басшысы Беназир Бхутто шетелден, саяси қуғыннан қайтып келген соң үкімет пен оппозицияның текетіресі ұлғая түсті. Осындай жағдайда 3 қараша күні төтенше жағдай тәртібі орнатылған еді. Мұның салдарынан оппозиция митингтері күшпен таратылды, наразылық танытушылар полиция тарабынан соққыға жығылды, бұқаралық ақпарат құралдары шектелді, мыңдаған саяси белсенді мен адам құқықтарын қорғаушы белсенді қамауға алынды.

Джон Негропонте Пәкістан президенті Перуез Мұшаррафтың ауызынан шыққан уәдені алға тартты, парламент сайлауының, ұлттық сайлаулардың өтетінін алға тартты. Дейтұрғанмен, төтенше жағдай тәртібінде сайлау еркіндігі қамтылмайды, деді Дон Негропонте кеше Исламабадта сөйлегенінде:

- Төтенше жағдай тәртібі еркін, әділ және сенімді сайлау талабына келмейді, бұл науқанға саяси партиялардың, азаматтық қоғамның және бұқаралық ақпарат құралдарының белсенді қатысуы қажет. Пәкістан халқы өз жетекшілерін төтенше жағдай тәртібінде болатын шектеулерден тыс, азат сайлауға құқылы.

Джон Негропонте, сол сияқты, Перуез Мұшарраф терроризмге қарсы соғыста Америка Құрама Штаттарының одақтасы екенін, айтарлықтай үлес қосып жатқан одақтасы екенін де айты кетті, ұлттық сайлаулар 9 қаңтарда өтеді деген Мұшаррафтың уәдесін дұрыс деп қабылдады. Перуез Мұшарраф жоғары қолбасшы қызметінен кетемін, президент қызметін азаматтық саясаткер ретінде атқарамын деп те уәде айтқан. Джон Негропонте бұл да дұрыс болады деді.

Бүгін түсіп жатқан жаңалықтарға қарағанда, ұлттық сайлаулар қаңтардың 9-да емес, қаңтардың 8-де өтеді деп айтылып жатыр. Мұны Пәкістан ресми ақпарат агенттігі жариялады. Президент Мұшарраф сайлауларды 8 қаңтарға белгілегісі келеді делінді. Дегенмен, төтенше жағдай тәртібі бұл күнге дейін алына ма, жоқ па – бұл жайында еш нәрсе айтылмады.

Джон Негропонте оппозиция басшысы Беназир Бхуттомен телефон арқылы сөйлесті. Беназир Бхутто мұның алдында ғана үй қамауынан босатылған. Жалпы, Джон Негропонте президент Мұшаррафтың алдына саяси тұтқындарды шығару және оппозициямен келіссөзді қайта жалғастыру талаптарын қойды:

- Заманауи бағыттағы саяси күштердің үйлесімдігі өте қажет нәрсе, сайлау табысының шарттарын қамтымақ. Алдағы күндер мен апталарда жағдай қалай да болсын екі полюске қарай бөлінудің болатынын көрсетеді, бұл саяси процесті жолдан шығарып жібергендей болып тұр.

Жалпы, Беназир Бхутто төтенше жағдай тәртібінің орнатылуына қарсы жаппай шерулерді өткіземін деген соң Перуез Мұшарраф пен оның арасындағы келіссөздер тоқтап қалған. Екі тарап та келіссөздерді жаңғыртуға ынта танытпай отыр. Ал президент Перуез Мұшарраф АҚШ үкіметінің үндеуіне көнбесе ресми Вашингтон қандай да бір санкцияларға жүгіне ме, жоқ па – ол жағы әзірше белгісіз.
XS
SM
MD
LG