Accessibility links

Тәуелсіз Украина тарихындағы ең үлкен апатта қаза тапқан кеншілер жерленді

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Жексенбіде Украйнаның көмір кенішіндегі жарылыстан қаза болғандар саны 88-ге жетті. Мұның өзі Украйна тәуелсіздігін алғаннан бергі аралықта орын алған кеніштердегі апаттың ең үлкені болып отыр. Бұл елде еңбек қауіпсіздігінің нашарлай түскені ме?

Қарашаның 18-де болған кеніштегі жарылыстан қаза тапқандар саны 88-ге жетіп отыр. Үш күндік аза тұту барысында, сейсенбіде алғашқы қаза тапқандар жер қойнына берілді. Әлі де 12 адам хабарсыз кеткендер қатарында саналуда. Метан газының кесірінен болатын кеніштегі жарылыстар саны жағынан Украйна әлем бойынша Қытайдан кейінгі екінші орынды иеленуде. Алайда, Донецкіге жақын жердегі Засядко кенішінде болған жарылыс тәуелсіздік алғалы бері Украйнада орын алған ең алапат апат болып отыр. Засядко кеніші салыстырмалы түрде жақсы жабдықталған деп есептеледі. Алайда 1999 және 2002-ші жылдар арасында мұнда 125 кенші қаза тапқан еді.

Проблеманың бір ұшы Украйна кеніштерінің тым терең екендігінде жатыр. Кей тұстарда бір мың метрден де көп тереңдікке көмір үшін түсу керек болады. Елдегі кеніштердің көпшілігі жекешелендірілген. Сондықтан кеншілерге жалақы тек жер бетіне шығарған көмір көлемі үшін ғана төленеді.

Совет үкіметі кезінде Украйнаның Көмір өнеркәсібі министрі болған Микола Сурхай: “Бұл жерде бірнеше мәселе бар. Жаңа кеніштер салынуы, жаңа техникамен жабдықталуы және техникалық қауіпсіздікке ақша бөлінуі тиіс. Көмір өндіру және басқа да салаларда кен өндіру жұмыстарына байланысты арнайы заң бар болатын. Бақылаушы барлық органдар осы заңды және қауіпсіздік ережелерін басшылыққа алушы еді. Ол заңдардың орындалуы жалпыға бірдей міндетті болатын”, деді.

Кеншілер және олардың отбастары бұл оқиғалар үшін үкіметті айыптап отыр. Ал, Украйнаның тәуелсіз кәсіподақтар ұйымының төрағасы Михайло Волинецтің айтуынша, кеніш басшыларының арасында сыбайласқан жемқорлық кең етек алғандықтан, өндірістегі жұмысты дұрыс ұйымдастыру жауапкершілігі оларда жетіспей жатады. Әйтпесе, бұл апаттардың алдын-алуға болатын еді. Бұл соңғы жарылыстан кейін ел бойынша наразылық пікірлері көптеп айтылуда. Көмір өнеркәсібі мәселелерін қайта қарауға үкіметті халық шақырып отыр.

“Ақшаға құныққан басшылық құндылықтар жөніндегі көзқарастарын өзгертпейінше, кеншілердің өндіріс саласында осылайша қаза табуы жалғаса береді”, дейді тәуелсіз журналист Серхи Хармаш.

Көмір өнеркәсібін тоқтатып, Украйна Еуропаның соңына ілесе алмайды. Себебі, елдегі энергия көздерінің 95 пайызы осы көмір өндірісіне тікелей байланысты болып отыр.

Қарашаның 19-ы күні Донецкіге сапары кезінде президент Виктор Ющенко көмір өндіру ісін дұрыс ұйымдастырмады, деп ел үкіметін сынады.

“Украйнаның көмір қоры 175 миллиард тоннаны құрайды. Мұның өзі украйн халқының бір ұрпағынан да көп уақытқа елдегі энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Өткен ғасырда көмір өнеркәсібі еліміз үшін ең басты іс болды. Алдағы бірнеше жылда да солай боп қала беретіндігіне мен сіздерді сендіргім келеді”, деді Ющенко.
XS
SM
MD
LG