Accessibility links

Қазақстандық қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялар ЕҚЫҰ мүше елдерге Қазақстанның осы ұйымға төраға болуын 2011 жылға қалдыру туралы үндеу хат жолдады


Қазақстанның бірқатар қоғамдық ұйымдары мен саяси партиялары Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымға мүше елдерге «Қазақстан – ЕҚЫҰ - 2011 жылға арналған жол картасы» деген үндеу хат жолдады. Ол хатта «Қазақстан 2009 жылы Европадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуге дайын емес, сондықтан ол мәселені талқылауды 2011 жылға дейін кейінге шегеру қажет» деген ұсыныс және «2011жылға дейін билік қоғамды демократияландыру бағытында бірнеше нақты қадамдар жасауы керектігі» айтылған. Үндеуге Қазақстанның жүзден астам қоғамдық ұйым жетекшілері мен оппозициялық партия басшылары қол қойған. Алайда Қазақстан сыртқы істер министірлігінің баспасөз бөлім басшысы Ілияс Омаров «оппозиция басшыларынң ашық хаты республиканың төрағалыққа ұмтылысына ешқандай әсер етпейді» дейді.

Қарашаның он алтысы күні Қазақстанның бірқатар оппозиция өкілдері мен қоғамдық қозғалыс басшылары Венадағы Европадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйым басшыларына ашық хат табыстады. Ол хатта егер Қазақстан ЕҚЫҰ-на төрағалық етемін десе, қандай шарттарды орындауы керек екендігі айтылған «Жол картасы» көрсетілген дейді, әлі тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов:

- «Жол картасын» жасауға мұрындық болған біздің әлі тіркелмеген «Алға партиясы» болды. Ал бізді одан кейін қазақстандық 120-дан астам әртүрлі қоғамдық бірлестіктер мен оппозициялық партиялар қолдап осы хатымызға қол қойды. Біз хатымызды Венада ЕҚҰЫ өкілдеріне табыстап қайттық. Ол хаттағы негізгі айтқанымыз: Қазақстан әзірге 2009 жылы ОБСЕ-ге төрағалық етуге дайын емес деген пікіріміз. Ал «Жол картасында» Қазақстан 2011 жылы ЕҚЫҰ-на төраға болуы үшін нақты қандай мерзімге не істеуі керек екендігі көрсетілген. 8 тармақтан тұратын «Жол картасында» президенттің елді шексіз басқаруына шектеу қоюдан бастап, БАҚ еркіндігі, сөз бостандығы, қоғамдық теледидар ашу, партияларды еркін тіркеу, тіркеу үшін қойылатын талап - партия мүшелерінің санын 50 мыңнан 25 мыңға дейін кеміту, Ассамблеяның мүшелерін президенттің парламентке тағайындауын алып тастау сияқты және т.б. нақты ұсыныстар айтылған. Міне осыларды Қазақстан билігі толық орындайтын болса, 2011 жылға шынайы демократиялық ел ретінде келген болар еді.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия белсендісі Әміржан Қосанов «Жол картасындағы» талаптар туралы қосымша былай дейді:

- Қазақстанда қазір бейбіт жиындарға, митингілерге, шеруге шығу мәселесі қиын. Яғни, Конституцияда ол бостандықтар жазылғанымен, іс жүзінде азаматтарға оны пайдалану мүмкін емес. Міне соны шешу. Екінші мәселе, ақпаратты алу, еркін тарату мәселесін неғұрлым либералдық алаңға шығару. Үшінші, ЕҚЫҰ-ның кезінде Қазақстанның сайлау заңнамасына байланысты айтқан ұсыныстарын қолданыстағы заңға енгізу. Ол сайлаудың ашық, әділ өтуіне өз септігін тигізуі керек.

Қазақстан оппозициясы ЕЫҚҰ-на төрағалық мәселесі бойынша осындай талаптармен бұған дейін де бірнеше рет мәлімдеме жасаған-тұғын. Алдыңғы талаптарда жақында өткен парламенттік сайлау нәтижесін жоққа шығарып, 2008 жылға дейін қайтадан парламенттік сайлау өткізуді де талап еткен болатын. Ал бұл жолы үндеу хатты ол мәселе айтылмапты. Оппозицияның әлгіндей талаптарын билік бұрынғысынша қабылдап отыр.

«Қазақстанның сырқы істер министрлігі ЕҚЫҰ-на төрағалық ету мәселесінде, ал ол туралы пікірталас, көзқарас әркелкі боп келе береді ғой, соған қарамай өзінің бұрынғы ұстанымынан қайтпайды» - дейді Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз бөлім жетекшісі Ілияс Омаров.

Қазақстанның ЕҚЫҰ-на 2009 жылы төрағалық ету мәселесі осы айдың соңы мен келесі айдың басында Мадрид қаласында шешіледі. Егер 2006 жылы тауы шағылған Қазақстан бұл жолы да өте алмаса, төрағалыққа Литва өтуі мүмкін.
XS
SM
MD
LG