Accessibility links

Бейсенбіде Ашхабадта ТМД елдері премьер министрлерінің саммиті өтеді


Соңғы 15 жылда бірінші рет Түркіменстан ТМД-ның саммитіне төрағалық етпекші. Бұл тұрғыда Түркіменстан ТМД-ға қайта оралды ма, жоқ ТМД Түркіменстанға келе ме деген сауал туып отыр. Тәуелсіз мемлекеттер Достастығына мүше 12 елдің ішінде тек қана Түркіменстан оған толық мүше болып отырған жоқ. Десе де мемлекет басына жаңа президенттің келуі біраз өзгерістер жасауы мүмкін. Ендеше, Түркіменстан астанасы Ашхабадта бейсенбіде өтетін ТМД елдері үкімет басшыларының саммитінде энергетикалық мәселелерден де басқа тақырыптар күн тәртібіне шығуы ықтимал.

Соңғы рет Түркіменстан 1993 жылы ТМД елдерінің кездесуі Ашхабадта өткенде саммитке төрағалық еткен екен. Енді қаршаның 22-сінде ТМД елдерінің премьер министрлері Ашхабадта кездесетін болады. Бұл деген бұрынғы президент Сапармұрад Ниязов кезінде ұзақ уақыт оқшаулануда болған Түркіменстанның жаңа президент Гурбангулы Бердімұхамедов кезінде ортаға шыға бастағанының белгісі болып отыр.

Саммит қарсаңында, түркіменстандық мемлекеттік телеарналар бұл ТМД кездесуіне төрағалық етуде Түркіменстанның атқарар рольіне баса маңыз беріп жатты.

“Ниязов кезіндегі сыртқы саясаттың бейтараптылығынан кейін, Түркіменстан қазірде ТМД елдері ішінде маңызды әрі іскерлік роль атқарып отыр. Бұл құрылымдық қадам арқылы Түркіменстан мен оның жетекшісі мойындауға ие болып отыр”.

Бердімұхамедов өзінің алдындағы президентке қарағанда, басқаша саясат жүргізіп келеді, бірақ бір нәрсе ғана өзгермей қалды. Ол Түркіменстанда премьер министрлік қызмет жоқ. Сол себепті Бердімұхамедов ТМД саммитіне ел басшысы және премьер министр ретінде де қатысады.

Бұл кездесудегі басты тақырыптардың бірі ТМД елдері ішінде электр қуатын бөлісуге жол ашатын кедендік рәсімдеу процестерін реттеу мен жалпы, ТМД ішінде тауарларды тасымалдау мәселелері қаралады. Бірақ, бұл саммитте Бердімұхамедов айтып отырғандай басқа да маңызды жайттар қаралуы мүмкін.

Басты назарды Бердімұхамедов Әзірбайжан делегациясын бастап келетін премьер министр Артур Расизадеге аударып, екі елдің өзара байланыстарын реттеуге арнамақ. Бұрынғы президент Сапармұрад Ниязов пен Әзірбайжанның бұрынғы президенті Гейдар Алиев кезінде, екі елдің байланыстары нашарлап, көбіне Каспий теңізінің мұнай кенішін игеру ісінде даулы жағдайда болған.

Бірақ, екі елдің жаңа жетекшілері енді Түркіменстан мен Әзірбайжанның жаңадан оң байланыстарын қалыптастыруға әрекет етуде. Екі елдің өкілдерінің кездесуі ТМД елдері премьер министрлерінің саммиті аясында болады деп хабарланған болатын. Екі мемлекеттің ынтымақтастығының артуына транс-каспий мұнайы мен газының құбыры құрылысы аяқталып қалуы себеп болуы мүмкін. Ол құбырға Еуропа үміт артып, қазірде Түркіменстанның газ экспротын бақылауында ұстап отырған Ресей алаңдаулы екені белгілі.

Бірақ, ТМД саммитіндегі ең маңызды мәселе ол Түркіменстан бір күні ТМД-ның қайтадан тұрақты мүшесіне айналады ма дегенге Бердімұхамедовтың жауабы болып отыр. ТМД-ның отырысына сирек қатысқан бұрынғы президент Сапармұрад Ниязов 2005 жылдың тамызындағы ТМД отырысына өзінің арнайы өкілін жолдап, Түркіменстан өзінің мүшелік мәртебесін әріптестікке қысқартады деген жаңалықты жеткіздірген.

ТМД-ның кейбір ақпарат бұлақтары Тәуелсіз мемлекеттер достастығының маңыздығы жоғалып барады деп жазған. Егер Бердімұхамедов Түркіменстан оған қайта қосылады деген ишара танытса, сол ақпарат көздері оны ТМД айтарлықтай күшейіп, маңызды бола бастағаны ретінде қабылдауы мүмкін.

ТМД-ның атқарушы комитетінің басшысы Сергей Лебедев Ашхабад саммиті қарсаңында, Түркіменстанның одақтас елдердегі атқарар рольі айтарлықтай күшейе түсті деген. Алайда, президент Бердімұхамедов жақында Түркіменстан БҰҰ мойындаған бейтарап ел ретіндегі мәртебесінен адаспайды деген. Бұл деген Түркіменстан ТМД елдері және кейбір құрылымдармен жақсы ынтымақтастықта болады, бірақ толық қанды мүшелікке дайын емес дегенді білдіреді.
XS
SM
MD
LG