Accessibility links

Өзбек ресмилерінің Кәрімовке тағы да президенттікке түсуге келісім беруі наразылық отын жақты


Саяси қарсыластары Өзбек президенті Ислам Кәрімовтің үшінші мерзім президенттікке сайлауға түсуге мүмкіндік алғанына ашу-ызалы. Кәрімовтің қолына соншалықты ұзақ уақыт бойына билік тізгіні беріледі деп күтілмеген еді. Дегенмен де «Азаттықтың» өзбек редакциясы тілшісінің хабарлауынша, Орталық сайлау комиссиясының тәжірибелі деген бақылаушылардың өздерін таңқалдыратындай бұл сияқты шешімдері әрдайым болып тұрады.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы дүйсенбі күнгі баспасөз-мәслихатында Ислам Кәрімовпен одан басқа да үш кандидаттың тіркелгендігін хабарлаған болатын. Аталған баспасөз-мәслихатына қатысқан ташкенттік журналист сайлау комиссиясының төрағасы Мирзоұлұгбек Абдусолимов алдын-ала дайындалған мәлімдемені оқып бере салысымен, бөлмеден тез шығып кетті деп айтты. Сөйтіп баспасөз-мәслихаты 10 минутқа жетер-жетпес уақытқа созылыпты.

Дүйсенбі күнгі бұл хабарламаға ешқандай ресми түсініктеме де берілмеген. Қазір Америкада қашқында жүрген, Өзбекстанның бұрынғы әділет министрі және АҚШ-ғы бұрынғы елшісі Мұхаммадбобур Маликов Өзбекстанда ешқандай заң жоқ, барлық шешімді Кәрімов өзі жасайды дейді.

- Мұндағы заңдар түк емес, тек көзбояушылық. Президент Кәрімов қазір билік кеңсесінде, оның мәні оның сөздері заң ретінде қабылданады, ал заң дегеніміз жай ғана сөз болып қалған.

Президенттің қатал сыншылары Кәрімовтың жеті жылдық билік құру мерзімі заңды түрде 2007 жылдың қаңтар айында аяқталғанын алға тартады. Бірақ ресми биліктің үнсіз келісімінің арқасында, президенттік сайлау алдын-ала үш ай бұрын жариялануы керек болса да, ол қыркүйек айына дейін жалғасып келді.

Ақыр соңында Кәрімов сыншылардың болжамын шындыққа шығарып, үшінші мерзімге сайлауға түсуіне тосқауыл болатын заңдық кедергіні белден басты.

Оппозиция топтары Кәрімовтың президентікке кандидат болып тіркелуі мен оның өзбек институттары туралы айтқандарына қатты наразылық танытты. Бірлік оппозициялық партиясы жетекшісінің орынбасары Полат Охунов Орталық сайлау комиссиясын айыптады.

- Конституцияға және басқа да заңдарға сәйкес, Кәрімов үшінші мерзімге президент болып сайлана алмайды. Бірақ, Өзбекстанда ешқандай заң басшылыққа алынбайды. Ресмилер не қаласа соны істейді. Бұл заңсыз істерге қатысты біздің жауабымыз қандай болуы керек? Әрине, біз оларды айыптаймыз. Басқа не болуы мүмкін?

Ал тіркелмеген Ерк партиясының бас хатшысы Отаназар Орипов Орталық сайлау комиссиясының шешімін қылмыс деп атады.

- Конституцияға қайшы келе отырып, Орталық сайлау комиссиясы қылмыстық ұйымға айналды. 23 желтоқсанда әр сайлаушы тізімдегі кандидаттың біреуін таңдап дауыс беруі керек. Олардың Ислам Кәрімов үшін дауыс бер хұқы бар ма? Конституцияны бұзатын адамға дауыс берудің өзі қылмыс. Бұған қоса, Орталық сайлау комиссиясы өзін ғана емес, елдің бәрін қылмысқа итеріп отыр.

Адам хұқы белсендісі Абдулло Тожибойоглын осы жылдың бас кезіне қарай Өзбекстаның адам хұқын қорғаушылар альянсы деп аталатын тіркелмеген ұйым президенттікке кандидаттыққа ұсынған еді. Сайлау комиссиясы оны қажетті мөлшерде қолдау даусын жинай алмады деп тіркемей тастады.

Тойжибойоглы сайлау комиссиясының Кәрімовты тіркеуден өткізуі заңсыз деп өз тобының енді халықаралық сотқа қайрылатындығын айтты. Қарапайым өзбектердің кейбірі де Кәрімовтың билік басынан кеткісі келмейтіндігіне наразы.

Өзбекстанның 26 миллион халқының бірнеше миллионы жұмыссыздық пен кедейлік салдарынан күнкөріс іздеп басқа елдерге кеткен, солардың бірі, Ресейде заңсыз түрде жұмыс істеп жатқан өзбек әйелі былай дейді:

- Біз бұған наразымыз, өйткені Кәрімовтың қайта сайлануы, бізді Ресейде немесе Қазақстанда қала беруге, сонда жұмыс істеуге мәжбүрлейді, біз қайта алмаймыз. Кәрімовтың қайта сайлануы бұған дейін болған кедейлік пен жұмыссыздық жалғаса береді деген сөз.

69 жастағы Ислам Кәрімовты Өзбекстандағы тіркелген бес партияның біреуі - Либерал демократиялық партия кандидаттыққа ұсынды. Одан басқа тіркелген кандидаттардың үшеуі де Кәрімовшіл тұлғалар. Олар үкіметтік Халық демократиялық партиясынан Аслиддин Рустамов және ел тарихындағы тұңғыш әйел кандидат Дилором Тошмұхамедованы Адолат партиясы ұсынды. Үшінші кандидат Акмал Саидовты азаматтық топ ұсынған.

Оппозициялық топтар бұл тіркелген үміткерлердің бәрі де Өзбекстанда демократия бар дегенді көрсетуге арналған көзбояушылық дегенді айтады.

Бұл осыдан бір жыл бұрын көршілес Тәжікстанда Емомали Рахмонның президент болып қайта сайланардағы жағдайға тым ұқсас, онда да бес кандидат тіркелген болатын.

1991 жылдан бері Өзбекстанда өткен сайлаулардың ешқайсысын Батыс бақылаушылары ашық әрі еркін болды деп бағаламаған еді.
XS
SM
MD
LG