Accessibility links

Қазақстан Маңғыстау облысында атом электр стансасын салмақшы


Қазақстанның Ақтау қаласында ресейліктермен бірге атом стансасы салынады. Бұл туралы Ақтау қаласында Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов хабарлады. Биыл басталуға тиіс болған құрылыс қаржының уақытылы бөлінбегендігіне байланысты кейінге ысырылып отыр. Ал кейбір тәуелсіз экологтар оны салуға қарсы.

Маңғыстау облысындағы сапарында премьер - министр Ақтау қаласындағы атом электрстансасын салу жөніндегі ведомствааралық комиссияның отырысына қатысты. Онда ол Ресей мен Қазақстан мамандарын тыңдап болған соң атом стансасын салуға рұқсат берді. Бұл мәселеге біз нүкте қойдық, деді ол. «Қазатомпром» компаниясының басшысы Мұхтар Жәкішевтің айтуынша, атом стансасын Ақтауда салған тиімді болмақ. Себебі, инженерлік инфрақұрылым және жоғары білікті мамандар жеткілікті. Бұл байлық Қазақстанға Кеңес одағынан қалған. Мұның бәрі қаржы үнемдеуге жақсы, дейді Жәкішев. Физик ғалымдардың айтуынша, атом стансаларының пайдасы - олар ауаға зиянды заттар шығармайды. Бірақ, радиоктивті қалдықтарды арнайы жерде жүздеген жылдар бойы сақтау қажеттігі туады. Экономист Атамұрат Шаменннің айтуынша, атом стансасын салу бір жағынан тиімді болғанымен екінші жағынан қауіпті:

- Қоя тұру керек. Басқа көздері бар электр көздерінің: жел бар, су электр стансалары бар. Бірақ, әрине, экономикаға тиімді, алайда екінші жағы тағы бар.

Қазақстанда атом стансасын салу төңірегінде қозғалған әңгіме көп. Экологтар оған қарсылық білдіріп отыр. Қазақстандағы табиғатты қорғау қозғалысының төрағасы эколог Мелс Елеусізовтің ойына қарағанда, атом стансасының республикаға қажеті шамалы. «Невада Семей» қозғалысының белсендісі Мақсым Омарбековтың айтуынша, атом стансасының мүлде қажеті жоқ. Себебі ол экологияға қауіпті және лаңкесшілерден де қауіп төнеді дейді ол:

- Қазақстанда атом электр стансасын салудағы еш экономикалық, әлеуметтік қажеттілігі жоқ. Ол халықтың психологиясына, болашаққа деген сеніміне зиян келтіреді. Атом стансасын салу деген ойларға киліктірмеу керек.

Ал физик ғалымдардың біразы радиация шығаратын көптеген технологиялар адам өміріне енген, дейді. «Қазатомпром» компаниясының баспасөз қызметкері Аида Абсалямованың айтуынша, реактордың негізгі мінездемесі жоғары қауіпсіздік. «Ол 6 мың жылдық апатсыз жұмысқа ескерілген. Және Ресейде тәжірибеде өзін жақсы көрсеткен», дейді ол.

Осы уақытқа дейін құжаттарды дайындауға жауапты «Атом стансалары» деп аталатын Қазақстанмен Ресейдің біріккен кәсіпорыны құрылған. Қазір Ресейде азғантай қуаты бар реакторды жинайтын барлық элементтер бар. Бұрын олар мұзжарғыш кемелерде және атомсүңгуір қайықтарда қолданылған. Бұл реакторды зауытта жасап Ақтауға кемемен жеткізсе болады деп хабарланады. Бірақ, әзірге Қазақстанмен Ресейдің болашақ атом стансасын қалай бірігіп пайдаланатыны жөнінде ақпарат жоқ. «Қазатомпром» компаниясының баспасөз қызметкері Аида Абсалямованың айтуынша, бұл жобаға ресейліктер кездейсоқ тартылғанжоқ. «Болашақ атом стансасына қойылғалы отырған реактор Кеңес одағы кезінде кемелерде қолданылатын», дейді ол.

Атом стансасының құрылысы биыл басталуға тиіс болған. Бірақ, бюрократия кесірінен ол кейінге қалдырылған деп хабарланады. Енді премьер бұл жоба бойынша Энергетика және минералды ресурстар министрлігіне бір аптаның ішінде стансаны салу жөнінде үкімет қаулысын дайындауды тапсырды. Экономика министрлігінің өкілі Илона Шварцкопфтың мәліметінше, биыл жобаның техникалық экономикалық негіздемесін дайындауға 154 миллион теңге бөлінді.
XS
SM
MD
LG