Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11.22.2007 жыл

  • Досан БАЙМОЛДА

Бейсенбі күні Қазақстанда жарық көрген басылымдарда Алматыда өтіп жатқан Рахат Әлиев және оның сыбайластарына қатысты сот ісінің барысы туралы, әлемдегі энергетикалық қауіпсіздік мәселесінің жағдайы Қазақстанға қалай әсер ете бастағаны, Қазақстанның ішкі нарығында жанар-жағармай тапшылығының сезіле бастағандығы және оның себептеріне тоқталған мақалалар жарияланыпты.

«Айқын» басылымы бейсенбілік санында Алмалы аудандық сотының «Нұрбанктің» қызметкерлері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтың із-түзсіз жоғалуына қатысты қылмыстық істі қарауды жалғастырып жатқандығы туралы осы сот алдында куәгерлердің сөз алғандығын, қаңтардың 31-і күні «Нұрбанк» ғимаратында болған оқиғаның кейбір мән-жайының анықталып келе жатқаны туралы жазыпты. «Жоғалған банкирдің зайыбы Армангүл Қапашева дәл сол күні күйеуін ұялы телефон арқылы банке шақырған адамның соның алдында ғана банкке директорлар кеңесінің жаңадан төрайымы болып тағайындалған Гүлмира Жұмаділдаева екендігін айтқан болатын. Алайда, сотта экс-төрайым Гүлмира Жұмаділдаева бұрынғы берген жауабынан тайқып, қаңтардың 31-і күні Жолдас Темірәлиеа пен Айбар Хасеновты банке шақырмағанын айтты, ал өзі сол күні банк ғимаратында болғанын мойындаса да, банкте болған жағдайға қатысты сұраққа ештеңені қөрмедім, естімедім деп алғашқы берген жауаптарынан басқаша сөйлей бастады» деп жазыпты «Айқын» басылымы.

«Свобода слово» басылымы «Рахатгейт» ісі бойынша жүріліп жатқан сот залындағы жағдайға қатысты Рахат Әлиев алдындағы қорқыныш уақытты да ұзақтықты да ұмыт қалдырды деп жазады. «Сотта жауап берген Жұмаділдаева және басқа айыпталушылардың берген жауаптары мен олардың сот алдындағы мінез-құлықтарын түсіну күн өткен сайын қиындап барады, өйткені олардың бір нәрсені жеткізіп айтпағандары, тек шындықтың жартысын ғана айтып, жартысын бүгіп қалғандары сот процесін бақылап отырған кімге де болсын анық байқалады» дейді «Свобода слова» газеті. «Сотта судьялар мен адвокаттар сұрағына жауап беруші куәгерлер мен айыпталушылар сірә неше мыңдаған километр алыста жатқан Рахат Әлиевтен шынымен әлі де қорқатын сыңайлы, өйткені оның ұзын қолы Алматыға жетіп жатыр деген әңгіме Алмалы аудандық соттағы процестен тысқары жерлерде айтылып қалуда» деп жазады газет тілшісі.

«Тасжарған» басылымына берген сұқбатында із-түзсіз жоғалған «Нұрбанк» қызметкері Айбар Хасеновтың зайыбы Шолпан Хасенова «олар әлі тірі, мен олардың үйге оралатындығына сенімдімін және күтемін» депті. «Соңғы рет ол ақпанның 4-і күні үйге телефон шалып, өзінің қаржы полициясынан бой тасалап жүргенін, бәлкім үйде 2-3 күннен кейін болып қалармын деген сөзі әлі құлағымда, оларды Рахат Әлиевтің адамдары шетелге алып кетіп сонда ұстап отыр деген үміт оты әлі бар, олар қалайда тірі болулары керек» депті Ш.Хасенова «Тасжарған» басылымына берген сұқбатында. Ал Жолдас Темірәлиевтің зайыбы Армангүл Қапашева болса Темірәлиев пен Хасенов екеуі із-түзсіз жоғала сала олар ақша ұрлап, шетелге қашып кетіпті деген өсек сөзді «Нұрбанк» директорлар кеңесінің экс-төрайымы Гүлмира Жұмаділдаеваның күйеуі Қайрат Алпысовтың әдейі таратқанын айтыпты. «Ол екеуінің не Қытайда, не Ресейде жүргенін айтыпты, сондықтан қалайда біз үшін екі азаматтың аман-сау өз үйлеріне оралғаны ең маңызды болып отыр» депті Армангүл Қапашева.

«Энергетикалық қауіпсіздік мәселесі әлемдік саясаттағы күн тәртібінен түспейтін мәселеге айналды, ал энергоресурстарға бай қазақ елін жағалап жүрген еуропалықтар болса мұнай мен газ тасымалына қатысты бірнеше жоба, ұсыныс айтып отыр, ал қазақтардың энергоресурстарды алыс және жақын шетелдерге тасымалдау мәселесінде өзінше саясат ұстана бастауы ресейліктерге ұнамай отыр, өйткені Ресей қазақ мұнайы мен газы есебінен мол пайдадан қағылғысы келмейді» дейді «Түркістан» апталығы бейсенбілік санында. Ал осы «мұнай қоры жағынан әлемде 7-ші орынды иеленетін Қазақстан өз елінде жанар-жағармай бағасын тұрақтандыра алмай келеді.Өткен аптада Ақтөбе облысында жанармай құю станциялары бензиннің жоқтығын жария етсе, енді міне Алматы мен Астанада бензин бағасы күрт өсе бастады, былтырғы жылы 70 теңге болған АИ-92 бензині бүгін 91-96 теңге аралығында сатылып жатыр, ал Қазақстандағы мұнайдан бензин шығаратын бар жоғы 3 зауыттың түрлі сылтау айтып жұмыс істеуінен тоқтап тұратындары көбейді. Бұл бензин тапшылығын тудырып, оның бағасының өсуіне себеп болып отыр» деп жазады «Түрксітан» апталығы.

«Жас алаш» басылымы «Шығыс Еуропа: экономика әлде демократия» деген мақалада президент Н.Назарбаевтың шығыс Еуропа елдерінде ресми сапармен жүргенін, Братислава, Бухарест және Будапешттің Қазақстанды ең бастысы еуропа нарығына мұнай және газ беруші ел ретінде көретінін жазыпты. «Қазақстан әсіресе Румыниямен осы саладағы байланысы артып келеді, биыл «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Румынияның «Ромпетрол» мұнай компаниясы акцияларының бақылау пакетін сатып алды, енді олар Еуропа нарығына дендеп енудің түрлі жобаларын қарастырып жатыр» деп жазады «Жас алаш» басылымы.
XS
SM
MD
LG