Accessibility links

Академик Салық Зиманов: «Егер тез арада билік саясатын өзгертпесе, Қазақстанды үлкен дағдарыс күтіп тұр»


Испания астанасы Мадридте Қазақстанның Еуропадағы ынтымақтастық және қауіпсіздік ұйымына төрағалық ету мәселесін талқылау күні жақындаған сайын ресми Астана «демократпыз» деп жүргендерді жинап алып, түрлі жиындар өткізіп, халықаралық қауымдастыққа «Қазақстанда саяси реформа дамып келеді» деген үнді жеткізуге барынша тырысып жатыр. Соның бірі Қазақстан парламенті өткізген «елдегі парламентаризмнің дамуы» атты халықаралық конференция. Онда депутаттар бір партия ұзақ жылдар үстемдік құрған дамыған мемлекеттердің сарапшыларын шақырып алып, «бір партиялық жүйемен де реформа жасауға болады, жасап жатырмыз» деген әңгімелер айтты. Алайда академик Салық Зиманов қазіргі биліктің үлкен қателік жасап отырғанын, оны тез арада түзетпесе елде үлкен саяси-экономикалық дағдарыс болады деген пікірін жеткізді.

Қазақстандағы «31-телеарнаның» Астанадағы журналисі Дана Рысмұхамедова ел парламентінде елге танымал саясаткерлер, білікті мамандар жеткілікті болғанымен жылдан жылға парламентке келіп, хабар дайындау қызықсыз болып бара жатыр деген пікір білдіреді. Өйткені, депутаттардың ең маңызды, саяси мәні бар деген заң жобаларын қалай қабылдайтынын алдын ала болжауға болады», дейді журналист.

«Депутаттардың барлығы да «Нұр Отан» партиясының мүшесі, президенттен асып, ашық ой айта алмайды. Таяу арада барлығы өзгеріп, серпіліс болады дегенге сенбеймін. Тек тұтастай саяси жағдай өзгергенде ғана, мүмкін президент өзгергенде ғана, елде саяси реформа жүруі мүмкін», дейді мемлекеттік емес телеарна журналисі Дана Рысмұхамедова.

Алайда Қазақстандағы парламент мүшелері бұдан өзгеше пікір айтады. Қазақстандағы парламентаризмнің қалыптасуы мен дамуы жайында баяндама жасаған Мәжіліс спикері Аслан Мусин он алты жылдың ішінде парламенттің беделі халықаралық деңгейде көтерілгенін айтты. Ол бұндай дәрежеге мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында келіп отырмыз дейді. Мусиннің айтуынша, парламент бүгінде халықтың күйін күйттейтін бірден бір ашық алаңға айналыпты:

- Қазақстан парламентаризмі қазіргі таңда халықтың мүддесін қорғайтын жоғары дәрежелі, өкілетті органға айналды.

Спикер Аслан Мусин бір партиялық жүйемен де елге ұзақ жылдар бойы реформа жасауға болатынын айтып, Сингапур, Жапония, Үндістан секілді мемлекеттерді мысалға келтірді. Алайда, мемлекеттің алғашқы Конституциясының негізін қалауға атсалысқан деп, осы жиынға құрметті қонақ ретінде шақырылған академик Салық Зиманов қазіргі парламентаризмнің былайша айтқанда, «күлін көкке ұшырды». Салық Зиманов заңдардың көпшілігі тұжырымдамасыз қабылданып жатқанын айтып, үш жыл бойында түрліше атауға ие болып, президенттің өзі төрағалық еткен демократияландыру жөніндегі отырыстарға сеніп келгенін айтты. Ең соңында 2006 жылы демократияландыру жөніндегі мемлекеттік комиссия басқарудың бір тетігін парламентке беру туралы, үкіметті парламент жасақтау туралы қорытындыға келгенін айтады, Салық Зиманов. Бұған президенттің өзі жоғары баға беріпті. Бірақ нәтижесін Конституцияға енгізілген түзетулер мен парламент сайлауы көрсетіп отыр. Академик Салық Зиманов «Жапонияны, Сингапурды алға тарудың қажеті жоқ, өйткені әлемдік тәжірибенің өзі бұл елдерге сілтеме жасамаңдар деп айтып отыр. Ол елдердің де даму тарихын Қазақстанмен салыстыруға болмайды», дейді.

Парламент төрінен Салық Зимановқа аяғына дейін сөйлеуге мүмкіндік бермеді. Мәжіліс төрағасының орынбасары Бақытжан Жұмағұлов уақыт болды, деп ескерту жасаумен болды. Ал академик Салық Зиманов әлі де болса, билік саяси реформа жүргізеді деген үмітте:

- Бір партиядан тұрған парламенттің өкілдігі үлкен болуы керек еді. Құзыретінің өзі бұрынғы қалпында қалды. Сайлау кезінде «Нұр Отан» халықтың алдында көп нәрсеге уәде берді. Бірақ бағдарламаны парламент жүзеге асыра алмайды, үкімет орындауы қажет. Ал үкімет әлі президентке тікелей бағынады, парламентке бағынбайды. Екінші кемшілік, бір партия парламентте үстемдік жасаған кезде, қолында бақылау функциясы азды-көпті болу керек еді. Қазіргі парламенттің қолында бақылау функциясы жоқ.

Қазақстандағы Патриоттар партиясының жетекшісі, сенатор Ғани Қасымов та «демократияландыру жөніндегі мемлекеттік комиссияда айтылған сөздерді орындамасақ, онда үлкен кедергілерге тап боламыз», дейді.

Ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның мүшесі Оразәлі Сәбден партиялардың парламентке өту мүмкіндігін жеңілдету керек дейді:

- Әлемдік тәжірибеде партиядан өту үш пайыз немесе жеті пайыз. Ал бізде өте жоғары, жеті пайыз. Соның салдарынан біраз партиялар сайлаудан өте алмай қалды. Ал оның ішінде жеті пайыздық межеден өткен партиялар да болды. Бірақ әділетсіз сайлаудың кесірінен парламентте бір ғана партия үстемдік құрып отыр. Егер үш-төрт партия отырса, үлкен демократиялық үрдіске алып бара еді ғой.

Ал осыған дейінгі шақырылымдарда депутат болған, тіпті спикер болған қазіргі оппозицияның мүшелері әдеттегідей бұл жолғы жиынға да шақырылусыз қалды.
XS
SM
MD
LG