Accessibility links

Қытайдың мемлекеттік меншіктегі Металлургия тобы атты компаниясы Ауғанстанның мыс кенішін игеру хұқына ие болды

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Екі жылдық келіссөздерден кейін осындай қорытындыға қол жеткізіліп отыр. Бірнеше миллиард доллар инвестиция енгізе отырып, сондай-ақ Ауған жерінде Қытай елі көмір-жылу электр бекетін және жүк тасығыш темір жол салуды да көздеуде.

Бірнеше жылдық келісімдерден кейін Ауған үкіметі Қытайдың мемлекеттік меншіктегі Металлургия тобы атты компаниясына Ауғанстанның мыс кенішін игеру хұқын беріп отыр. Осылайша Логар аймағындағы Айнак мыс кенішінен жоғары сапалы мыс өндіруді Металлургия тобы жеңіп алды. Алайда Айнак кен аймағында іс жүргізу үшін не электр жүйесі немесе қатынас құралы да жоқ.

“Айнак мыс кенішіне байланысты қазба жұмыстары үшін бізге тікелей 2 миллиард 800 миллион долларлық инвестиция келеді. Оның 500 мыңдайы электр қуаты бекетін салу үшін енгізілмекші. Сондай-ақ қомақты қаржы бөлігі темір жол құрылысына жұмсалмақшы. Мұның өзі Ауғанстан тарихындағы ең ірі шетелдік инвестиция жобасы болып отыр”, - деді министр Ауғанстан Кен өнеркәсібі министрі Ибрахим Әділ.

Ауғанстанда ешқашан жүк тасымалына арналған теміржол болған емес. Осы министрлік өкілі Хозман Улумидің Азат Ауғанстан радиосына айтуынша, алғашқы жоба бойынша темір жол жүйесі Тәжікстаннан басталып, аталған мыс кеніші арқылы Пәкістанға жалғасатын болады.

“Олар көмірден 400 мегаваттық электр қуатын өндіруді көздеуде. Алла бұйыртса, ол жоба іске қосылған кезде, мыс кеніші жанындағы ол электр қуаты бекетінде 5 мыңдай адам жұмыс істейтін болады”, - деді Улуми.

Аздаған қытайлық мамандардың басқаруындағы тағы 5 мыңға жуық Ауған жұмыскерлері мыс кенін өндіру және темір жол саласында жұмыс істемекші. Темір жол мен электр бекеті жұмыстары біткеннен кейін кен өндіру жұмысын 6 жыл ішінде бастап кетуді Қытай компаниясы жоспарлап отыр. Бұл хұқықты Қытай Металлургия компаниясы жарысқа түскен басқа 4 компаниядан жеңіп алды. Ол компаниялар Ресейдің Бейсик элемент груп және Қазақмыс консорциумы, канадалық Хантер Диккинсон және АҚШ-тың Филипс додж атты мыс өндіру фирмалары болатын.

Қабылдағы сарапшылар Айнак кенішіне инвестиция, аталған тендерде, 2 миллиард доллардан да аз бағаланатын болар деп болжам жасаған еді. Алайда Қытай Металлургия тобының ұсынған бағасы оларды таң қалдырып отыр.

Әділдің айтуынша, Айнак кенішінде өндірілуін күтіп 13 миллион тоннадай мыс кені жатыр. Бұл- алғашқы есептеулер нәтижесі. Одан әрі зерттеулер барысында және кен өндіру ісі басталар кезге қарай оның көлемі 20 миллион тонна деп бағалануы мүмкін. Қазіргі есептеулерге қарағанда Айнактағы кен бағасы шамамен 30 миллиард долларды құрап отыр.

Бірнеше онжылдықтарға созылған соғыстар кесірінен бұл кеніш, 1979-шы жылы Совет геологтарының зерттеулерінен кейін, ескерілмей, сол күйінде қалып қалған еді. Мыс кенішінің өзі Ауғанстанның қауіпсіздеу аймағында орналасқан десе де, ал электр бекеті мен темір жол бойын Талибан көтерілісшілерінің шабуылынан қорғап тұру қиынға соғатын түрі бар. Демек Айнактағы істің жүру барысы Ауғанстанның шетелдік инвесторлармен жұмыс жүргізе алу мүмкіндігіне ғана емес, сондай-ақ орталық үкіметтің шетелдік инвестиция жобасын қауіпсіздікпен қаншалықты қамтамасыз ете алатындығына да сын болғалы отыр.
XS
SM
MD
LG