Accessibility links

Ресей: А.Литвиненконың қазасынан 1 жыл өткен соң да күдік сейілмеді


23-інші қараша күні Ресейдің федералдық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы офицері Александр Литвиненконың Лондонда қастандықтан қаза болғанына 1 жыл толды. Саяси сарапшылар А.Литвиненконың қастандықпен өлтірілуін Ресей мен Ұлыбританияның қарым-қатынасына тағы да қара көлеңкесін түсіріп, Батыстің Мәскеуге деген күдігін күшейте түскен және Кремльге сын көзбен қарағандардың арасынан үрей туғызған “төтенше оқиға” деп бағалады.

Осыдан 1 жылдай бұрын ғана КГБ-нің шетелден оралмаған тыңшысы Олег Гордиевскийге досы А.Литвиненко телефон соқты. Ресейдің күзет қызметінің бұрынғы офицері әрі Кремльдің өткір сыншысы болған А.Литвиненко сол сәтте аяқастынан сырқаттанып, Лондон ауруханасында жатқан болатын. Оның денсаулығы тез нашарлай бастады. 1980-інші жылдары Ұлыбританияға қашып саяси баспана алған О.Гордиевский А.Литвиненконы қасақана улады ма деп күдіктенеді.

О.ГОРДИЕВСКИЙ: “Ол маған ауруханадан телефон соғып, болған оқиғаның жай-жапсарын хабарлады. Ол өзінің ауыр халде жатқанын айтты. Өте ауыр халде. Мен одан не болғанын, қалай болғанын сұрадым. Бәлкім сен уланған шығарсың? - деп сұрадым. Ол маған: “Ия, мен уланғанға ұқсаймын”, - деп тіл қатты”.

Радиоактивті полоний-210 затымен уланған А.Литвиненко 2 аптаға жетпей-ақ ауруханада көз жұмды. Өмірінің ақырғы сәтінде ол өзін улаған істің артында тұр деп тікелей Ресей президенті В.Путинді айыптады.

Ұлыбританиядағы орыс эмигранттарының қауымдастығын шошындырып, орыс-британ қарым-қатынасын салқындата түскен және Батыстың Мәскеуге деген күдігін күшейте түскен А.Литвиненконың қазасына 23-інші қараша күні 1 жыл толды.

А.Литвиненко – КГБ-нің негізгі “мұрагері” болып қалған Федералдық қауіпсіздік қызметі тарапынан өзіне Мәскеу мен тағы басқа қалалардағы 1999-ыншы жылдың қыркүйегіндегі тұрғын үйлердің бомба жарылысынан қирауына қатысы бар деген айып тағылған соң, 2000-ыншы жылы Ресейден қашты. Оған 2006-ыншы Ұлыбритания азаматтығы берілді.

“Экономист” басылымының халықаралық редакторының өкілі әрі Ресейді көптен бері бақылайтын Эдвард Лукас (Edward Lucas) “шетел тыңшыларының британ азаматын британ жерінде өлтіруі – төтенше оқиға болды” деп сипаттайды.

Э.ЛУКАС: “Менің ойымша, Кремль өз кінәсінің жоқтығына сенуге әзір тұрған Батыс жұртшылығының ең аз дегенде бір бөлігінің алдындағы соңғы сенімін жоғалтып алды. Бұл соншалықты адам шошытатын, соншалықты қатерлі және де соншама дөрекі нәрсе болды”.

Өткен мамыр айында ағылшын прокуратурасы КГБ-нің бұрынғы тыңшысы, қазір ресейлік кәсіпкер Андрей Луговойға Лондондағы қонақ үйде бірге шай ішіп отырған кезінде А.Литвиненконы улады деген айып таққысы келетінін мәлімдеді. Ресми Мәскеу Ресей конституциясын сылтауратып, Луговойды ұстап беруден бас тартты. А.Луговой – Мемлекеттік дума депутаттарын сайлауда дауысқа түспекші. Оған есе қайтару мақсатымен Лондон Ресейдің 4 дипломатын елден қуып, көп ұзамай Кремль де 4 британ елшісін Ресейден шығарды.

Өз кезегінде А.Луговой А.Литвиненко ағылшындардың “М16” барлау қызметінің тыңшысы болса керек, демек оның өлімі – көптен бері “Ресейді қаралап, шеттетуге” ұмтылған британ қызметі үшін тиімді болды деп мәлімдеді. А.Литвиненконың қазасына өзінің қатысы болғанын Кремль талай рет және табанды түрде теріске шығарып келді. Бірақ Батыс елдері оған онша сенбейді.

Литвиненконың қазасынан 2 айға да жетпейтін уақыт бұрын Кремльдің тағы бір өткір сыншысы, Чешенстандағы адам құқының жаппай бұзылуын батыл әшкерелеп келген журналист, “Новая газета” басылымының саяси шолушысы Анна Политковскаяны Мәскеудегі өз үйінің кіре-берісінде атып кетті. “Экономист” басылымының өкілі Э.Лукастың мәлімдеуінше, журналист ретінде ол А.Политковская мен А.Литвиненконың қазасынан кейін Кремльдегі режимді ашық сынау үшін Ресейде кімде-кімммен байланысудың қиындап кеткенін байқаған. Ал “Таң алдындағы түн: қылмыстық Ресей мемлекетінің өркендеуі” ("Darkness At Dawn: The Rise of the Russian Criminal State") атты кітаптың авторы Дэвид Сэттер (David Satter) оған толық сенеді және 2 адамның қазасын, сөзсіз, Кремльдің жасаған ескертуі болды деп есептейді. Д.Сэттер А.Литвиненконың өлтірілуін “Кремльдегі саяси режимнің қазіргі және болашақ сыншыларына жолдаған астыртын ескертуі” деп атайды.

Ресей бойынша маман әрі Американың қауіпсіздік қызметінің кеңесшісі болған Пол Джоялды (Paul Joyal) осы жылдың (2007) наурыз айында атып кетуі – А.Литвиненконың қазасынан кейін туған үрейдің негізсіз емес екенін аңғартты. А.Литвиненконы өлтірудің В.Путиннің билігін сынаушылардың барлығына деген ескерту болғанын айтып, теледидарға берген сұхбатынан кейін, П.Джоялға Мэриленд штатында оқ атылып, жараланды. Жергілікті полиция оны жаралаған атысты “қатардағы көше қылмысы” деп бағалады. Бірақ, соған қарамастан, Э.Лукас бұл оқиғаны “үрей туғызатын жайт” деп есептейді.

Э.ЛУКАС: “Менің ойымша, Пол Джоялды атып кеткенде, жұрт қатты шошыды. Бұл көшедегі қылмыс қана болды ма әлде қасақана кісі өлтіру болды ма, түсініп болмайды. Бірақ, менің сезуімше, Политковскаяның өлімі орыстарға деген ескерту болды, Литвиненко – эмигранттарға арналған ескерту болды, ал оның мақсаты – Ресей туралы жаман сөз айтқан Батыстың жұртшылығына деген ескерту болса керек....”

Қарашаның 22-сі күні КГБ-нің бұрынғы тыңшысы Олег Гордиевский мен бұрынғы совет диссиденті Владимир Буковский және чешен сепаратистерінің ресми өкілі Ахмед Закаев А.Литвиненконың таңдамалы еңбектері жинағының (“Allegations: The Selected Works of Aleksandr Litvinenko”) тұсаукесерін өткізуге тиіс болатын. Ал 23-інші қараша күні олар А.Литвиненко қайтыс болған Лондон ауруханасына барады.
XS
SM
MD
LG