Accessibility links

АҚШ-та келесі аптада Израйль-Палестина келіссөздері өтеді

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

АҚШ-тың Мериланд штатындағы Анаполис қаласында келесі аптада Израйль-Палестина жанжалына байланысты арнайы конференция өтпекші. Мұның өзі Буш әкімшілігінің аталған дағдарысты шешуге алғаш рет жасап отырған талпынысы болмақшы. Осы бір күндік конфернцияның мән-маңызы жөнінде Азаттық радиосының тілшісі Уашингтонда орналасқан Таяу Шығыстағы бейбітшілік негізі атты топтың президенті Филип Уилкакспен сөйлескен еді.

Филип Уилкакс мырза 31 жыл АҚШ Мемлекеттік департаментінің Сыртқы істер қызметінде Израйль және Араб-Израйль бөлімінің директоры және Таяу Шығыс мәселесі бойынша Мемлекеттік хатшының орынбасарының көмекшісі болып жұмыс істеген болатын. Филипс мырзаның Азаттық радиосына айтуынша, бұған дейін Буш әкімшілігі Ирақ мәселесімен қатты айналысып, Израйль-Палестина дағдарысын кейінге ысырып тастаған еді. Алайда, Ирақ пен Израйль-Палестина жанжалы арасында байланыс болғандықтан, сондай-ақ Араб және Мұсылман әлемінің қолдауына, ықыласына ие болу үшін Израйль-Палестина мәселесіне бұрынғыдан белсенді бет бұру керек екендігін Буш әкімшілігі түсінді. Себебі, Құрама Штаттар тек Израйль қызығушылықтарын ғана қолдап, Палестинаның талаптарына немқұрайды қарайды, деп қабылданғандықтан да осындай белсенді шараларға бару маңызды болып отыр.

Сондай-ақ Палестина саяси өмірінде Хамас тобының маңызды рөл атқаруына жол бермес үшін де АҚШ осындай шешімге келіп отыр. Бейбітшілікке қарай қадам жасау мен Палестина хұқықтарын мойындау, сондай-ақ Палестина мемлекетінің құрылуы Хамас және радикалдық экстремистердің Палестина саясатындағы ықпалын азайта түсетін болады, дейді Уилкакс мырза. Хамас тобы Израйль-Палестина жанжалы барысында пайда болған еді. Палестинаның бекзаттық Фатах қозғалысының жіберген қателері мен Фатах үкіметінің нашар құрамының жұмысымен салыстырғанда наразылық қозғалысы боп табылатын Хамас тобы өзіне халық қолдауын көбірек алып отыр. Сондықтан Хамасқа Иран сөз жүзінде ғана қолдау көрсетіп отыр. Осы себепті бұл мәселеде Иранның рөлі жоғары емес, деді Уилкакс мырза.

Басында үш күнге деп белгіленген Анаполис конференциясының бір күнге дейін қысқартылу себебін сарапшы былайша түсіндірді. “Конференциядан көп нәрсе күтіліп отырған жоқ. İлкі сәтте президент Буш принциптерді қамтитын қарар жобасын жасауды Палестина президенті Махмуд Аббас пен Израйль үкімет басшысы Ехуд Олмерттен сұраған болатын. Бұл қарар қос мемлекет ұсынысына негізделген бейбіт келісімдердің мазмұн жобасын анықтар еді”,- деді Уилкакс.

Шекара, елді мекендер, Йерусалим және босқындар істері бойынша екі жақ арасында терең қайшылықтар болғандықтан да Аббас пен Олмерт мырзалардың ондай қарар жобасын әзірлей алмайтындығы белгілі болды. Сондықтан да ол екеуі бейбітшілік және келіссөздер үшін алдағы уақытта бірге жұмыс істеуге ынта білдіретіндіктері туралы риторикалық мәнердегі мәлімдеме әзірлеулері мүмкін. Сондықтан ең көп дегенде Анаполис конференциясы келіссөздер тізбегіне бастау жасап беруі мүмкін.

Палестиналықтар сеніміне ие болу үшін айқын түрде мына мәселелерді жүзеге асыру керек: атап айтқанда Израйльдің барлық қоныстану үдерісін тоқтату, Батыс жағалаудан көптеген бақылау бекеттерін алып тастау, сондай-ақ осы істерді жүзеге асырудағы уақыт кестесін Израйльдің қалай ұстанып отырғандығын бақылайтын мүмкіндік жасау керек. Палестина жағы болса, өз тарабынан күш қолдануларға жол бермеуді қамтамасыз етуі тиіс. Палестина тұтқындарын да кесте бойынша босату керек, деді Уилкакс.
XS
SM
MD
LG