Accessibility links

«Нұр Отаннан» тұратын мәжілісмендерге оппонент табылды

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Жұма күні Астанада парламент мәжілісі жанынан құрылған қоғамдық палатаның алғашқы отырысы өтті. Қоғамдық палатаға оппозициялық партияның өкілдерінен басқа ұзын саны отызға жуық елдегі саяси партиялардың және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мүше болып кіріпті. Алайда мәжіліске түскен заң жобаларына тек ақыл кеңес берумен ғана шектелетін ұйымның мүшелері әртүрлі тақырыптың басын шалып, тіптен қоғамдық палатаны саяси алаңға айналдыру жөнінде ұсыныс жасады. Өйткені президенттік «Нұр Отан» партиясынан басқа партиялардың ойын ашық айтатын елде мінбер қалмапты.

Билік жүз пайыз «Нұр Отаннан» тұратын мәжіліс депутаттарына оппонент тауып берді. Олардың көпшілігі ресми астананың ұйымдастыратын қоғамдық жиындарынан бір елі де қалмай қатысып келе жатқан үкіметтік емес ұйымның немесе билікке жақын саяси партияның өкілдері. Бірақ бұл жолы олардың көпшілігі оппозициялық партиялардың қоғамдық палатаға қатыспауын өздерінен емес, биліктен көре бастады. Бір емес, екі емес сайлауларда биліктің елді алдауы оппозицияның ғана емес халықтың да наразылығын туғыза бастағанын ашық айтты.

Қазақстанның коммунистік халықтың партиясының бірінші хатшысы Владислав Косырев қоғамдық палатаға қатысып отырғанының себебін саяси ойын жеткізетін елде басқа алаң қалмағанымен түсіндірді.

Оппозициялық партияның өкілдері не себептен келмеді деген сұраққа қоғамдық палатаның төрағасы, мәжіліс депутаты Сергей Дьяченко «Біз барлық саяси партияның жетекшілеріне жазбаша түрде шақыру қағаз жібердік, кейбіреулерімен мен өзім тікелей телефон арқылы сөйлестім, бірақ әлі де болса олар келеді деген үміттемін», дейді.

Ал Руханият партиясының төрайымы Алтыншаш Жағанова саяси партиялардың орны қоғамдық палата емес екенін, бірақ ол да ойын ортаға салуға келіп отырғанын айтты «Азаттық» радиосына:

- Бұл саяси мәселелерді шешетін алаң емес. Сонда да мына оппозициялық партиялар келмеген соң, үлкен шындықтар осы жерде айтылмағаннан соң, нақты нәтиже болады деп ойламаймын.

Қоғамдық палатаның мүшелері тоқсанына бір ақ рет кездеседі екен. Сонда жылына төрт рет бас қосатын бұл ұйымның парламентке келіп түскен заң жобаларының барлығына бірдей талдау жасай алмайтындығын айтқан «Әділет» партиясының төрағасы Мақсұт Нәрікбаев палата ұсыныс беретін органға айналуы қажет дейді:

- Бұл палатаның негізгі мақсаты мен айтқандай қоғамды толғандырып жүрген, шешімі табылмай жүрген мәселелерді заңға айналдыру. Оның ішінде ең бірінші жоспарға кіретін сайлау туралы, саяси партиялар туралы, ақпарат құралдары туралы мәселені ең бірінші кезекте көтеруіміз керек.

Парламент сайлауынан кейін «Ақ жол» партиясынан «Әділетті» қайта шығарып алған Мақсұт Нәрікбаев халықты көшеге шығарғаннан гөрі осындай жиындарда пікір алмасу жеткілікті дейді.

Ал Экономика иниститутының атынан қатысып отырған жалпы ұлттық социал демократиялық партияның мүшесі Оразәлі Сабден өзінің лидері Жармахан Тұяқбайдың неліктен келмеуінің себебін былайша түсіндіреді:

- Қоғамдық палатаның деңгейі әлі жөні шешілмеген. Алдымен қоғамдық палата туралы заң керек. Сол заңда статусын көрсетуіміз керек. Құр сөз, ұсыныс жасайды. Оны депутаттар өткізбей қойды деп қояды. Былай айтқанда күмән бар.

Алғашқы отырыстарында заң жобаларын емес, елдегі саяси ахуалды ортаға салған қоғамдық палатаның өкілдері соңында мәжілістің дәлізінде сығалап қалмаймыз ба деген күдіктерін де жасырмады. Өйткені ресми төс белгі тағып жүрген депутаттар қоғамдық палатаны ұсыныстарын қабылдауға міндетті емеспіз дейді.
XS
SM
MD
LG