Accessibility links

Баспасөзге шолу.11.23.2007 жыл


Жұма күні Қазақстанда жарық көрген басылымдарда Қазақстандағы парламенттің бүгінгі жағдайы және болашағы жөнінде, сондай-ақ Қазақстандағы ұлт мәселесі мен ұлттық идея мәселесі төңірегендегі айтылған ой-пікірлер мен сараптамалық мақалалар жарияланыпты.

«Айқын» басылымы жұма күнгі санында парламент қабырғасында өткен халықаралық жиында «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары және парламенттік фракция жетекшісі Бақытжан Жұмағұлов айтқан «Нұр Отан» партиясы жанынан парламентаризм институтының құрылуы бұл Әділет министрлігі жанындағы осы тектес мекемені енді жұмыссыз қалдырмай ма деп сұрақ қояды. Осы басылымға пікір білдірген саясаттанушы Нұрлан Сейдін: «егер бір партия басқару функциясын қолға алып, қалғандарын билеп-төстесе, ол жақсылыққа апармайды, керісінше, сол бір партияны қамшылап отыратын саяси жүйеде бәсекелестері болуы тиіс» десе, мәжіліс депутаты Уәлихан Қалижан: «бір партиялы парламент әрқашан жүргізіп отырған реформасына сай заң жобаларының тезірек қабылдануына мүдделі, сондықтан бір партиялы парламенттен үркетін дәнеме жоқ» депті. Ал кәсіпкер Азат Қонысбек «бір партияның мәжілісте ұзақ отыруы жақсылық әпермейді, онымен бәсеке болатын басқа партияларға да парламент орны тиюі керек» деген пікір білдіріпті.

«Егемен Қазақстан» газеті жұма күнгі санында Қазақстандағы парламентаризмнің жай-күйіне тоқталыпты. Парламент мәжілісінің төрағасы Аслан Мусин «тәуелсіздік алған 16 жылдың ішінде парламент шынығып, мол тәжірибе жинаумен бірге әртүрлі салада өте маңызды заңдар қабылдады, бұл халықтың жағдайын жақсартуға ықпал етті, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жол ашты» десе, Ұлттық ғылым акадамиясының академигі, заңгер Салық Зиманов «парламент қабылдаған көптеген заңдардың дұрыс, жақсы заңдар бола алмағанын сынады, сондай-ақ қазіргі парламент бұрынғы заңдарға өзгерістер енгізумен айналысатын парламентке айналғанын» айтқан. Тек «Сайлау туралы» заңға 194 өзгеріс еніпті, бұл заңдардан қарапайым адам түгілі, заңдарды мүжіген заңгерлердің өздері де шатасып болғанын растағандай» деп жазады «Егемен Қазақстан».

«Ана тілі» апталығында жарық көрген «Отарсыздану ұлт тарихынан басталады, ал жағымпаздықта шек жоқ» деген мақалада тарихшы ғалым Досалы Салқынбек «бүгінгі Қазақстанда халықтың санасын құлдық психологиядан азат етіп, рухы биік, жан-дүниесі азат ұрпақ тәрбиелеудің орнына әлі де сол отаршылдардың ыңғайымен жүргенді қалайтынымызды көрсетіп отырмыз, бұл ретте Қазақстан сонау 1960 жылдары азаттық алған Азия, Африка елдері арасынан отарсыздану ісін жүргізбей, ұлттық құндылықтарынан айрылып қалған Алжир елін еске түсіреді» деп жазыпты. Жақында Қазақстан делегациясын Страсбургке бастап барған Қазақстан халқы ассемблеясы төрағасының орынбасары Жұматай Әлиев: «Қазақ халқы отаршылдыққа қарсы 300-ден астам көтерліске шыққан. Біз қазір ұлт-азаттық көтерілістер туралы, еліміздің тарихында болған трагедиялар туралы айтпауға тырысамыз» депті. Бұл не деген сұмдық? Егерде ата-бабамыздың ұлт-азаттық күрестері туралы айтсақ кешегі отарлаушылардың бүгінгі ұрпақтарының шамына тиіп кетеді деп қорыққаны ғой, сірә. Бұл жағымпаздыққа шек жоқ екен» депті тарихшы ғалым «Ана тілі» басылымына.

«Деловая неделя» апталығы «Алаш Орда жайындағы ойлар» деген мақалада бүгінгі Қазақстандағы қазақ тілін қорғаушылардың жан-айқайы жөнінде айта келе, «бұл адамдардың, әсіресе жастардың сана-сезіміне осылай кіру арқылы оларды өз-өздерін басқара алмайтын тобырға айналдырудың әдіс-амалы болмақ. Біздің әлі дамып-жетілмеген қоғамда ондай қауіп әлі де болсын бар. Ғалымдар 21 ғасырдың алдыңғылардан басты өзгешелігі - саясатты жасаушылар тобырдың күшіне сүйеніп, солардың қолымен от көсейтінін жазып жатыр. Олрдың айтқанында жан бар секілді - Украйнада, Қырғызстан мен Грузия не болып жатқанын қараңызшы? Олардағы жағдайлар саяси мақсатты көздесе, біздегі жағдай әзірге тіл мәселесі төңірегінде ғана. Алайда оны ушықтырудың қанша қажеті бар? Бұндай «мәдени ұлтшылдық» неге керек? Өйткені ол біздің жас мемлекетімізді ғана емес, аяғынан нық тұрған, экономикалық жағдайы әлдеқайда әлеуетті елдердің өзін күйретері анық. Тілден басталған жағдайдың кезінде Канаданың француз тілінде сөйлейтін Квебек провинциясында қандай қиындықтар туғызғанын ұмытпаған жөн» деп кеңес береді «Деловая неделя» апталық басылымда жарияланған мақала авторы Ескендір Аманжол.

«Түркістан» апталығы «Қазақ мәселесі» аталатын айдармен «Одан қашып құтылмайсың, шешіп құтыласың» деген мақалада, «өкiнiшке қарай, әлi күнге құлдық психологияның құрсауынан шыға алмай жүрген бiздiң билiк қоғамдағы әлдеқашан пiсiп, жарылуға шақ тұрған "шиқан" — "қазақ мәселесiнiң" бар екендiгiн мойындауға құлықсыз. Есесiне, "гүлденген Қазақстанда бiрнеше ұлт пен ұлыс тең, өзара тату күйде өмiр сүрiп келе жатқанын" сағаттар бойы жырлауға бар. Әңгiме өзге ұлт пен ұлыс өкiлдерiне кеп тiрелгенде, бiздiң билiк неге бишара күйге түседi? Заң, "зәкүннiң" жалпыға бiрдей екендiгi, мемлекеттiң басты байлығы адам екендiгi жазылған бiздiң Ата Заңда. Ендеше шенеунiктер "ұлтаралық достастық" пен "азаматтардың Конституцияға мойынсұнуы" деген екi ұғымның ара жiгiн неге ажырата алмай жүр? ...Халқы мен билiгiнiң арасында түпсiз терең тұңғиық орнаған қоғамда адамдар өзiн-өзi қорғаудың шараларын өз бетiнше қарастыра бастайды. Тек оның соңы жазықсыз жандардың өмiрiн қиятын қантөгiске ұласпасын» деп ескертеді.
XS
SM
MD
LG