Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11.24.2007 жыл

  • Досан БАЙМОЛДА

Сенбі күні Қазақстанда жарық көрген басылымдарда Парламент мәжілісі жанынан құрылған қоғамдық палата жөнінде, сондай-ақ Алматыда Рахат Әлиев және оның сыбайластарына қатысты сот процесінің қалай өтіп жатқандығы туралы мақалалар жарияланыпты.

«Айқын» басылымы сенбілік санында құрылу мақсаты мен саяси салмақ қауқары жөнінде сан алуан пікір туғызған қоғамдық палата, яғни «үшінші палатаның» алғашқы бас қосуында негізінен ұйымдастыру жұмыстары талқыға салынғандығын жазыпты. «Бір атап айтарлығы, алдағы уақытта палата отырыстарындағы заң жобаларымен жұмысқа бейүкіметтік ұйымдардың мүшелерін тарту көзделіп отыр» деп жазады «Айқын».

Ал парламентте құрылған осы қоғамдық палата елдегі мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың ақыл-ой, мүдделерін қаншалықты жақындастыра алады деген газет тілшісінің сұрағына саясаттанушы Сайын Борбасов «бұл палатаның парламент пен халықты жалғастырушы көпір екендігін, оның басты функциясы - елдегі өткір мәселелерді парламентке жеткізу болмақ» десе, саясаткер Ерасыл Әбілқасымов «қоғамдық палата құру бұл «Нұр Отанның» ұсынысы, қалайда бұған оппозиция, онда да нағыз оппозиция қатыспай елдегі саяси ұйым мүдделерінің жақындасуы мүмкін емес» деген пікір білдіріпті.

«Егемен Қазақстан» газеті сенбілік санында мәжіліс жанынан құрылған қоғамдық палатаның алғашқы отырысында мәжіліс төрағасы Аслан Мусин заң қабылдау барысында қоғамдағы түрлі пікірлерді ескеру мақсатымен осындай ұйымның құрылғанын айта келе, «парламенттің қазір бір партиядан тұрғанымен заң қабылдау барысында басқа да саяси топтардың пікірлері ескерілетіндігін» қадап айтқанын, егерде сол пікірлердің осы қоғамдық палата арқылы жеткізілсе, онда парламент депуттарының бұған көңіл бөлетініне уәде бергенін жазыпты.

«Литер» басылымы да сенбілік санында осы тақырыпқа көңіл бөліп, елдегі оппозициялық партиялардың қоғамдық палата жұмысына қатысудан бас тартқандығы туралы хабарлапты. «Литердің» жазуынша, парламент мәжілісі жанынан құрылған қоғамдық палатаның алғашқы отырысында осы палатаның төрағасы Сергей Дьяченко «қоғамдық палатаның есігі басқа саяси партиялар үшін қашанда ашық екендігін, егерде олар қоғамдық палата жұмысына қатысқылары келсе, бұл мәселені мәжілісте қайта қарауға болатындығын» айтыпты. Ал осы қоғамдық палата кеңесінің мүшесі «Руханият» партиясының төрайымы Алтыншаш Жағанова саяси партиялардың қоғамдық палата жұмысына қатысу мәселесінде басқаша ой-пікір білдірді, яғни «қоғамдық ұйымдарсыз тек қана саяси партиялар арасындағы диалог үшін басқа бір алаң іздеген жөн» десе, қоғамдық палатаның алғашқы бас қосуында сенатор Ғани Қасымов «біз бүгінгі қоғамдағы ең өткір мәселелерді көтеріп, сол туралы пікір дайындауымыз керек, әйтпесе бұл қоғамның қажеті шамалы» деген пікір білдірді деп жазады «Литер» басылымы.

«Литер» газеті Алматыда Рахат Әлиев және оның сыбайластарына қатысты сот ісінің қалай өтіп жатқандығына тоқталыпты. «Бұған дейін сотқа куәгер ретінде қатысушылар сот алдында жауап беріп келсе, енді сөз кезегі айыпталушыларға келді, олар биылғы қаңтардың соңы мен ақпанның басындағы Алматыдағы «Нұрбанк» ғимаратында болған оқиғаларға тікелей қатысқан адамдар» деп жазады газет тілшісі.

«Время» басылымы сенбілік санында Алмалы аудандық соты «Рахатгейт» ісі бойынша басты кейіпкерлердің бірі саналатын «Нұрбанктың» бұрынғы күзет бастығы Ерлан Сәрсенбековтен жауап ала бастағанын жазыпты. «Сот алдында жауап бермес бұрын Е.Сәрсенбеков Жолдас Темірәлиевтің анасы мен зайыбы Армангүлдің айтқан сөздерін естіп, «өзімнің қандай ақымақ, қандай қорқақ болғанымды білдім, олар мені кешірсін» деді. Содан кейін қаңтардың 31-і күнгі банк ғимаратында болған барлық жайды айтып берді, ал ақпанның 1-іне қараған түні ол Рахат Әлиевтің ең сенімді адамдарының бірі Вадим Кошляктың қолы кісендеулі, үстіне көк халат, басына қара тымақ кигізген, маңдай тұсында жарақаттың ізі бар Айбар Хасеновты банк ғимаратынан көшеге алып шығып, машинаға отырғызып, белгісіз бір жаққа алып кеткенін көргенін айтты» деп жазады «Время» басылымы.

«Айқын» газеті айыпталушы Ерлан Сәрсенбековтың соттағы бұл айтқандарын куәгер Сергей Кошлайдың растағанын жазыпты. Тура сондай «көк халат, басына қара спорт тымағын кигізген Жолдас Темірәлиевті де сол түні машинаға мінгізіп, Рахаттың әкесі Мұқтар Әлиевтің қожалығындағы «Агротекс» агрофирмасы орналасқан аумаққа апарып, бірнеше күн ұстағандарын айтты. Ал Әлиевтің көлігін жүргізуші Иван Лихоузов ақпанның 4-і күні Әлиев пен Кошляк Хасеновты Көктөбе жаққа апарғанын, оның ертесінде Темәрәлиевті «Дружба» ауылы жаққа апарғанын айтып отыр» деп жазады «Айқын» басылымы.
XS
SM
MD
LG