Accessibility links

Ресей мұнайы Қазақстан арқылы Қытайға тасымалданбақ


Ресей тұңғыш рет өз мұнайын Қазақстан территориясы арқылы Қытайға тасымалдауға келісіп хаттамаға қол қойды. Бұл туралы Астанада қарашаның 26 күні Ресей мен Қазақстанның сауда жөніндегі үкіметаралық комиссияның 11-ші отырысы кезінде Ресейдің өнеркәсіп және энергетика министрі Виктор Христенко хабарлады. Бұған дейін ресейліктер Қазақстаннан Қытайға апаратын мұнай құбырының құрылысына қарсы болып келген еді.

Ресейдің өнеркәсіп және энергетика министрі Виктор Христенконың айтуынша, Қазақстан мен Ресей арасындағы келіссөздер нәтижесінде 2008 жылға Қазақстан және Ресей мұнайының транзиті жөнінде хаттамаға қол қойылады.

«Осы хаттама аясында Ресей тұңғыш рет өз мұнайын Қазақстан территориясы арқылы Қытайға тасымалдай бастайды», - дейді Христенко.

Оның айтуынша, жылына 5 миллион тонна мұнай тасымалдану жоспарланған.

Ресей мұнайшылары Қазақстан арқылы Қытайға өз мұнайын тасымалдауға қызығушылықтарын білдіріп отырғандығын айтқан. Бұл Қазақстан үшінде тиімді, дейді жергілікті сарапшылар, өйткені транзиттің сыртында бұл құбыр өтетін жолда Қазақстанның мұнай өңдейтін екі ірі зауыты орналасқан. Ал ресейліктер пайдаланғалы отырған «Атасу - Алашаңқай – Душаньцзы» мұнай құбыры арқылы Қытайға қазір Қазақстанның мұнайы тасымалданып жатыр. Қытай шекарасына дейінгі мұнай құбырының тармағы 900 шақырымнан асады. Қазақстандағы «Мұнай» институтының директоры Надир Надировтың айтуынша, осы құбыр туралы әңгіме болғанда Ресей транзиттен түсетін пайдадан айырыламыз деп үрейленіп, құбыр салуға қарсы болған:

- Ресейдің кейбір ғалымдары Ресейді айналып Қытайға берген саяси амал деп отыр. Ол дұрыс емес. Бағыттың көп болғаны жақсы. Қытай арқылы мұнайды Шығыс елдеріне сатуға болады.

Надировтың айтуынша, бұл мұнай құбыры бәріне де тиімді болмақ:

- Осы құбыр туралы әңгіме болғанда Ресей қарсы болған. Қазақстан мұнайы біз арқылы өтпейді деген болатын. Ал, қазір құбырды бұрып жіберуге болады. Сондықтан, Ресей де қазір риза.

«Қазмұнайгаз» ұлттық компания президенті Ұзақбай Қарабалиннің айтуынша, құбырдың бірінші кезеңі 2005 жылдың аяғында бітіп пайдалануға берілген. Екінші бөлігін 2009 жылға дейін аяқтау жоспарланған. Қарабалиннің айтуынша, бұған ресейліктер алаңдамағаны жөн.

«Өйткені, осылайша Қазақстан Шығыс бағытын күшейтіп отыр, бірақ бұл Батыс не басқа бағыттар әлсірейді деген сөз емес», - дейді ол.

Ал, «Мұнай» институтының директоры Надир Надиров құбырдың қуатын толық пайдалану тиімді деп отыр.

«Қазмұнайгаз» компаниясының мәліметі бойынша, Қазақстан үшін де Қытай ең тиімді нарықтардың бірі. Қазақстандық экономистердің жорамалына сай, жуық арада Қытай бірнеше миллион тоннаға жуық мұнай тапшылығын сезіне бастайды. Қытайдың ұлттық мұнай корпорациясы Қазақстандағы біріккен «China National Petroleum Corp - Ақтөбемұнайгаз» компаниясының 86 пайыздық акцияларын өз меншігіне сатып алған. Бұл кәсіпорын Қазақстандағы мұнай табатын компаниялардың ішінде үшінші орында келеді.

Демек, мұнай көлемі ұлғайған сайын, бұл компанияға мұнай тасымыладайтын құбыр қажет болады, дейді жергілікті мамандар. Жалпы, Каспий жағалауы мемлекеттерінің ортақ проблемасы - мұнай тасымалдау. Қазақстанның энергетика және минералды ресурстар министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда жыл сайын 150 миллион тонна мұнайды әлемдік базарға шығаруға мүдделі.
XS
SM
MD
LG