Accessibility links

Әділет министрлігі заң жобаларын енді тек қазақ тілінде әзірлемекші


Қазақстанның Әділет министрлігі келесі жылдан бастап заң шығару жұмыстарын толықтай мемлекеттік тілге көшірмекші. Осылай деп дүйсенбі күні әділет вице министрі Дулат Құсдәулетов айтты. 2008 жылы парламенттің қарауына жіберілуі тиіс 21 заңның жобасы бүгінде қазақ тілінде дайындалып жатыр екен. Алайда қазіргі шақырылымдағы парламент депутаттарының басым бөлігі қазақ тілін жетік білмейді. Олар қазақ тілінде әзірленген заң жобаларын қалай талқыламақ?!

Осыдан бірер ай бұрын Әділет министрі Зағипа Балиева парламентке келіп есеп берген кезінде бізде қазақ тілінде заң әзірлейтін мамандар тапшы деген болатын. Енді дүйсенбі күні оның орынбасары Дулат Құсдәулетов қазақ тілді мамандарды министрлікке жинап, келесі жылдан бастап заң әзірлеу жұмысын мемлекеттік тілге көшіру туралы шешім шығарғанын хабарлады:

- 2008 жылы бізге жүктелген 21 заң жобасы. Ол жүз пайызы бізге берген тапсырманың. Сол жүз пайызында тек қазақ тілінде шығарамыз деп отырмыз.

Әділет министрлігі тарапынан қазақ тілінде әзірленіп жатқан заң жобаларының ішінде саяси мәндегі заңдық құжаттар да бар. Солардың бірі «Сайлау туралы» Конституциялық заң және өлім жазасы мәселелері бойынша заң актілеріне өзгерістер енгізу. Мәселен, сайлау туралы заңға биылғы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының ескертпелерін енгізгелі отырмыз дейді заң жобасын қазақ тілінде әзірлеп жатқан мамандардың бірі:

- Сайлаушылардың тізімін жасайтын адамды нақты түрде анықтау белгіленіп отыр. Дауыс беру аяқталғаннан кейін бюллетендер және сайлаушылардың қанша пайыз дауыс бергендігі туралы мәліметті көрсетуге мүмкіндік беретін хаттама енгізіледі. Ол дауыс беру хаттамасын жасар кезде шатасуға жол бермейді. Үшіншіден, электронды дауыс беруді қағазда растау көрсетіліп отыр.

Ал өлім жазасына қатысты Қазақстан мораторий жариялағаны белгілі. Бірақ, кейбір заңдық құжаттарға өлім жазасы қайта енгізілгелі отыр екен:

- Соғыс жағдайында жасалған ауыр қылмыстар үшін, террористік қылмыстар үшін өлім жазасы берілетін болады.

Әділет министрлігі соңғы он алты жылдың ішінде заңдарды енді тек қазақ тілінде дайындайтын боламыз деп белсенділік танытқан алғашқы мемлекеттік мекемелердің бірі болып отыр. Елдегі мемлекеттік тілді дамыту басқармасының басшысы Өтепберген Ақыпбекұлы бұл өзге министрліктерге өнеге болмақ дейді:

- Пікірталастар туындаған кезде орыс тілінде дайындалған мәтіні емес, негізгі қазақ тілінде дайындалған мәтініне жүгінеді. Мұның бәрі үлкен қозғау салып отыр. Бұл басқа министрліктерге жол ашып отыр.

Алайда заңдарды қазақ тілінде әзірлеу үстінде мамандардың біраз қиыншылықтарға тап болып отырғанын айтады Қазақстанның әділет вице министрі Дулат Құсдәулетов. Соның ішінде, әсіресе, терминдерді қазақшаға аудару мәселесі:

- Қазақтың өмірінде пайдаланылмаған, қолданылмаған терминдер бар. Сонда біз міндетті түрде терминді аударатындарға жүгінеміз. Ал қазіргі кезде бір термин сөздің бірнеше аудармасы бар.

Мемлекеттік тілде әзірленген заң жобаларына қатысты тағы бір қиындықтың туындайтынын әділет министрлігіндегі мамандардың өздері мойындап отыр.

- Заң шығарушы биліктің тармағы парламентте отырған депутаттардың басым көпшілігі қазақ тілін жетік білмейді. Өзге ұлт өкілдерінің өздерін санамағанда өз тілін білмейтін қазақ азаматтары жеткілікті. Сондықтанда оларға орысша аудармасын беруге міндеттіміз, - дейді әділет вице министрі Дулат Құсдәулетов.

Сайлау туралы Конституциялық заңға өзгерістер енгізу туралы заң жобасы өткен екі шақырылымда да парламент депутаттарының алдына келген болатын. Сол кезде экс депутат Амангеді Айталы екі рет парламент депутаттары қазақ тілін білуі қажет деген ұсыныс енгізген еді. Бірақ екеуінде де ұсыныс депутаттардың қолдауына ие болмады. Ал Қазақстан Конституциясына сәйкес, орыс тілі ресми тіл ретінде мемлекеттік тілмен қатар жүреді.
XS
SM
MD
LG