Accessibility links

Оңтүстік Қазақстанда балаларға ВИЧ дертінің жұғуына кінәлі деп айыпталған үш дәрігердің үстінен сот өтіп жатыр


Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт аудандық сотында балаларға ауруханада ВИЧ індетін жұқтыру ісі бойынша қозғалған қылмыстық істе айыпталғандарға қарсы сот жүріп жатыр. Аудандық аурухананың үш дәрігеріне Қазақстан қылмыстық кодексінің 316 бабы, яғни «өз ісіне салғырт қарады» деген айып тағылып отыр.

Үш медицина қызметкеріне қатысты қозғалған сот ісіне байланысты осы іске төрелік етуші Қазығұрт аудандық сотының төрағасы Серікбай Төлепбергенов дүйсенбі күні «Азаттық» радиосына мынадай түсініктеме берді:

- Үш медицина қызметкеріне қатысты сот процесі 15-қарашада басталды. 5 адам зардап шеккен деп танылып отыр. Бүгінде зардап шеккендер мен куәгерлерден жауап алынуда.

Қазығұрт аудандық ауруханасында жатқан балалардың ВИЧ індетін жеке түрде жұқтырғаны былтыр жаппай жасалған тексерулер нәтижесінде анықталды. Ауданда бұл кеселге 15 бала және 2 ананың ұрынғандығы тіркелді. Тергеу амалдарының қорытындысы бойынша, 5 бала ВИЧ індетін осы Қазығұрт ауданының ауруханасында емделген кезде жұқтырған. Жалпы, өткен жылдың көктемінен бері Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ індетіне шалдыққан 140 бала тіркеліп, оның 10-ы осы дерттен көз жұмған еді. Ал біреуі шетелдіктер асырауына берілді. Сондай-ақ, ВИЧ індетін жұқтырған 16 ана анықталған еді. Бұл жағдайды Қазақстандағы ең үлкен трагедия деп бағалаған журналист Болатбек Көрпебайұлы бұл Қазақстанның медицинасы мен билігіне үлкен сын деп есептейді.

- Қазір, шындығы керек, ертең осы жағдай біздің де басымызға келіп қалмай ма деген қорқыныш бар. Сондықтан бұл жағдай тікелей Ақорданың бақылауында болуы керек сияқты. Министрді өзгерткенмен, дәрігерді соттағанмен ол проблема шешілген жоқ. Әсіресе індет жұққан балалардың тағдыры ертең қалай болады, олардың ата-аналарының бүгінгі жағдайы қалай деген мәселеге баса назар аударылуы керек сияқты, - дейді Б.Көрпебайұлы.

Аудандық аурухана дәрігерлерінің жауапқа тартылып жатқандығына орай пікір білдірген Алматы қаласының тұрғыны Ерлан Жүнісов:

«Оңтүстік Қазақстанда белең алған ВИЧ мәселесі мұнымен шешілмейді. Дәрігерлерді қолдарын қайырып қамай бергенмен жағдай өзгермейді. Бұл жерде олардың ісіне бақылау керек сияқты. Билік дәрігерлердің жұмыс істеуіне жағдай жасау керек», деген пікір білдіреді.

«Жалпы жауапкершілікті талап ету орынды. Өйткені, қай салада болмасын бізде келеңсіздіктер кең етек жайып кеткен. Мысалға, ВИЧ инфекциясының таралуының бірден-бір себебі - дәрігерлердің өз ісіне дұрыс қарамауынан деп айтылды. Сондықтан өз ісіне немқұрайлы қараған дәрігерді жауапқа тарту дұрыс шара деп ойлаймын», дейді Құралай Әбдірахманов есімді азамат.

Оңтүстік Қазақстан облысында балалардың жаппай ВИЧ дертіне шалдығуына кінәлі дәрігерлер мен медицина қызметкерлері үстіміздегі жылдың маусым айында сотталған болатын. Олардың 5-еуі шартты түрде айыпталып, 16-сы бас бостандығынан айырылды. Сотталған 6 адамның жазаны өтеу мерзімі түрлі себептермен кейінге шегерілді. Тағы да алтауы колониядан үй қамауына жіберілді. Қамау мекемесіне тек 4 дәрігер тоғытылды.
XS
SM
MD
LG