Accessibility links

БҰҰ-ның Комитеті кісіні азаптау Өзбекстанда әдетке айналған деп санайды


БҰҰ-ның адамды азаптауға қарсы күресетін Комитеті Өзбекстанда адамды қатал жазалау мен азаптау терең тамыр жайған деген қорытындыға келді. Ресми Ташкенттің келісім беруі бойынша, осы айдың басында Ұлттар Ұйымының аталған Комитеті Өзбекстандағы адам құқының ахуалына мұқият бақылау жүргізіп оралған болатын.

БҰҰ-ның азаптауға қарсы күресетін Комитетінің тәуелсіз 10 сарапшыдан тұратын тобы Өзбекстандағы бақылау, зерттеу жұмысының қорытындысын өткен жұма – 23-інші қараша күні - жариялады. Комитет бұл қорытындысында “қорғау мекемелерінде тергеушілердің немесе олардың нұсқауымен, не болмаса солардың көз жұмып қарауымен кісіні азаптау терең тамыр жібергенін, адамды азаптаудың тұрақты жүйеге айналып, әлі жалғасып келе жатқанын” ерекше атап көрсетті. Ұлттар Ұйымының Комитеті ресми Ташкентті аталған проблемаға және “адамды азаптағаны үшін жазаға тартылмай құтылғандарға” қарсы табанды күресуге шақырды. Оған қоса кісіні азаптағаны туралы арыз-шағымдарды тиянақты тергеу немесе азаптағандарды сот арқылы жазаға тартау сынды ресми биліктің дереу іске асыруға тиіс шараларын тізіп келтірді. Адамның құқын қорғайтын “Мазлұм” өзбек ұйымының өкілі Ағзам Тұрғынов “Азаттық” Радиосына берген сұхбатында адамды азаптауға байланысты БҰҰ өкілінің Өзбекстанда болып қайтқан алдыңғы сапарынан кейін, Өзбекстандағы ахуалдың тіпті ауырлап кеткенін мәлімдеді.

А.ТҰРҒЫНОВ: “Өзбекстанда адамды азаптау жайттарының тұрақты жүйеге айналғанын осыдан бірнеше жыл бұрын, 2002-нші жылы, Тео ван Бовен айтқан болатын. Міне сол кезден бері кісіні азаптау азайған жоқ, керісінше тіпті арта түсті. Бұл – біздің қасыретіміз”.

Штаб-пәтері Нью-Йоркте орналасқан адамның құқын қорғайтын халықаралық “Human Rights Watch” (HRW) ұйымы 7-нші қараша күні жариялаған жаңа баяндамасында Өзбекстанның қылмыстық заң қорғау жүйесінде адамды азаптаудың “жергілікті ерекшелікке” айналған деп атап көрсетті. “Human Rights Watch” ұйымының Еуропа мен Орта Азия бөлімінің директоры Вероника Центе-Голдстон (Veronika Szente-Goldston) халықаралық қауымдастықты БҰҰ-ының азаптауға қарсы комитетінің әлгі нұсқауларын Өзбекстанмен арадағы қарым-қатынасының басым бағыты етіп алуға шақырды.

В.ЦЕНТЕ-ГОЛДСТОН: “Бұл – үкіметтің атқарған шарасының жеткілісіз және нәтижесіз екенін тағы да атап көрсеткен өте маңызды нұсқаулар. Сондықтан да біз Өзбекстанның халықаралық әріптестерін өзбек үкіметімен арадағы диалогтарында осы нұсқауларды басшылыққа алуға шақырамыз. Осындай маңызды нұсқауларды орындауға өзбек үкіметін мәжбүрлей алатын механизмдері бар ықпалды мемлекеттердің қолдауы болмаса, біздің бұл нұсқауларды іске асыра алатын өзге үмітіміз жоқ”.

Осы айдың басында “Хизб-ут-Таһрир” ұйымының мүшесі болды деп айыпталған 2 өзбек азаматы, келіп жеткен хабар бойынша, Өзбекстанның шығысындағы Әндіжан қаласының абақтысында азапқа шыдай алмай қаза болды. “Азаттық” Радиосына адамның құқын қорғайтын жергілікті өкілдер хабарлағандай, Тохир Нұрмұхаммедов пен Фират Салохиддиновтің мәйіттері туған-туыстарына қайтарылғанда, олардың денелерінен азаптаудың іздері анық байқалды.

БҰҰ-ның азаптауға қарсы Комитеті өзінің қорытынды баяндамасында 2005-інші жылдың мамыр айында Әндіжан қаласындағы халық толқуын басып-жаншығанда өзбек армиясы мен қауіпсіздік күштерінің тым асыра сілтегеніне алаңдаушылығын білдірді. Адамның құқын қорғаушы ұйымдардың есебі бойынша, “Әндіжан қырғыны” салдарынан шеруге шыққан бірнеше жүз адам құрбан болды. Ал ресми Ташкенттің мәлімдеуінше, халық толқуын басып-жаншу кезінде 187 адам, оның ішінде көбіне армия жауынгерлері қаза болды және Әндіжандағы халық толқуын исламшыл топтардың белсенділері ұйымдастырды. БҰҰ-ның Комитеті адамның құқын қорғаушы ұйымдардың “бірнеше жүз адам қырылды” деген мәліметін “толық әрі тиянақты және бейтарап тергеуге” шақырды. Алайда, сонымен бірге өз баяндамасында аталған Комитет өзбек үкіметінің “бірнеше оң қадам жасағанын” да көрсетіп отыр. Атап айтқанда, өлім жазасын жою және соттың өкімі бойынша тұтқындау туралы заңдар қабылданды.
XS
SM
MD
LG