Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11.27.2007 жыл

  • Досан БАЙМОЛДА

Сейсенбі күні Қазақстанда жарық көрген басылымдарда 2009 жылы Қазақстанның Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына төрағалық ету мәселесі жөнінде, Алматыда өтіп жатқан Рахат Әлиев пен оның сыбайластарына қатысты сот процесі туралы мақалалар жарияланыпты.

«Айқын» басылымы сейсенбілік санында «Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына 2009 жылы төрағалық ету мәселесі шешілуге санаулы күндер қалғанда екі ұдайы стандарттағы саясаттың жүріп жатқандығының куәсі болып отырмыз» деп жазады. «Соңғы жолы Астанаға ат басын тіреген осы ұйымның өкілі Армандс Пуполс Қазақстанның ОБСЕ-ге төрағалық ету мәселесінде осы ұйымға мүше елдердің әлі бір ортақ байламға келе алмай жатқандығын жеткізді, осыдан кейін қазақстандық және ресейлік сарапшылар бұл мақсаттан Қазақстанның күдер үзгені жөн деген пікірлер білдіре бастады» деп жазады «Айқын» басылымы. Қазір ОБСЕ-ге мүше 56 мемлекеттің үшеуі ғана, яғни АҚШ, Ұлыбритания және Чехия Қазақстанның осы ұйымға төраға болуына қарсы болып отыр. Ал осы «Айқын» басылымына пікір білдірген саясаттанушы Сайпулла Сапанов ТМД-ға мүше 7 мемлекеттің ОБСЕ ұйымы ең алдымен өзі реформалануы керек деген талабына қатысты ОБСЕ-нің әрібір мүшесінің даусы заңды, бұл тұрғыдан алғанда жеті мемлекеттің ультиматумы Қазақстанның төрағалық етуіне айтарықтай дәрежеде әсер ете алады десе, сенатор Әділ Ахметов бұған байланысты соңғы шешім осы қарашаның 29-30 күндері Мадридте өтетін ОБСЕ-ге мүше елдердің сыртқы істер министрлерінің кезекті жиынында мәлім болады дегенді айтыпты.

«Казахстанская правда» газеті сейсенбілік санында осы тақырыпқа байланысты «Апта оқиғасы» деген атпен қарашаның 29-ы күні Мадридте басталатын ОБСЕ-ге мүше елдердің сыртқы істер министрлерінің кезекті, 15-ші мәжілісіне Қазақстан атынан қатысатын делегацияны Қазақстанның сыртқы істер министрі Марат Тәжиннің бастап баратындығын хабарлапты. «ОБСЕ-нің осы жолы болатын мәжілісінде 2009-шы жылы ОБСЕ-ге төрағалық ету жөніндегі Қазақстан өтініші қаралады және ОБСЕ ұйымының Ауғанстандағы жағдайды реттеуге араласуын кеңейту, сондай-ақ терроризмге қарсы күрес секілді бірқатар мәселелер қаралып, тиісті құжаттар қабылданбақшы» деп жазады газет.

«Время» басылымы сейсенбілік санында «Рахатгейт» ісі бойынша Рахат Әлиев пен оның сыбайластарына қатысты Алмалы аудандық сотта жүріп жатқан сот процесінде дүйсенбі күні болған жайттар туралы жазыпты. «Куәгер ретінде сотта жауап берген КТК телеарнасының атқарушы директорының бұрынғы орынбасары Әділ Шәріпов өзіне қаңтардың 31-і күні Рахат Әлиевтің телефон жалғап, қол кісенін қайдан табуға болатындығын сұрағанын, ал ол болса КТК телеарнасының қауіпсіздік қызметінің бұрынғы жетекшісі Евгений Назировқа осы істі жүктеп, кісенді «Кең дала» ғимаратындағы Олег Бекбатыровқа тапсыру керектігін айтқаны мәлім болды» деп жазады «Время». Ал «бұл кісенді Р.Әлиев не үшін іздеп, сұратқаны туралы сіз ойландыңыз ба?» деген мемлекеттік айыптаушының сұрағына Әділ Шәріпов: «мен бұған еш назар бөлген жоқпын, бізде Рахаттың айтқан бұйрықтарының бәрі еш бұлжытпай орындалуы тиіс еді» деп жауап берді деп жазады газет.

«Жас алаш» басылымы Рахат Әлиев және оның сыбайластарына қатысты дүйсенбі күнгі сот процесіндегі кейбір түсініксіз жағдайларға тоқталыпты. Газеттің жазуынша, «бұның алдында айыпталушы ретінде жауап берген «Нұрбанктің» қауіпсіздік қызметінің бұрынғы төрағасы Ерлан Сәрсенбеков өзінің Айбар Хасеновтың қолынан көрген кісенді Әділ Шәріповтың тапсырмасы бойынша Евгений Назиров үйінен алып келіп Олег Бекбатыровқа бергенін айтса, Назиров сот алдында кісеннің бұрыннан үйінде болғанын, оны олар не істейтіндерін еш білмегенін айтып шыр-пыр болған». Ал КТК телеарнасында жұмыс істеген «осы куәгерлер өздерінің журналист емес екендерін айтумен болды, сонда журналист болмаса бұлар телеарнада не іс бітіріп жүрген адамдар болды, ал Рахат кісен тауып әкелуді неге бұл екеуіне тапсырды, бұл екеуі болса еш нәрсе көрмедік, білдмедік деп құтылғылары келеді, алайда көңілде күдік қалды» деп жазады «Жас алаш» газеті.

«Литер» басылымы сейсенбілік санында КТК телеарнасының бұрынғы қызметкері Евгений Назировтың сот алдында өзінің өмір бойы Рахат Әлиевке қарайтын құрылымдарда жұмыс істеп келгенін айтқанын, ал қаржы полициясын «Әлиев құрылымы» деп атағанын жазады. Сондай-ақ сот процесі барысында «қаңтардың 31-і күні Р.Әлиев КТК телеарнасының телехабар түсіру тобын банк ғимаратына жедел келуін тапсырғандығы және ақпанның алғашқы күндерінің бірінде Р.Әлиевтің Әділ Шәріповты банкке шақырып алып, «Нұрбанк» төңірегіндегі оқиғаны жұртшылыққа қалай хабарлап таратуға болатындығын туралы кеңескендері куәгерлердің айтқандарынан белгілі болды» деп жазады «Литер» басылымы.
XS
SM
MD
LG