Accessibility links

Ұрланған банк қызметкерлерін азаптап-қинауға қатысы болған деген күдіктінің сотқа жауабы жәбір шегуші тараптың өтініші бойынша жабық жағдайда тыңдалды


Алматыдағы Алмалы аудандық сотта «Нұрбанктың» бұрынғы басшылары Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтың ұрлануына байланысты Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев пен оның серіктерінің үстінен өтіп жатқан сот ісінде қазір 31-қаңтар күнгі «Нұрбанкте» болған «адам ұрлау» оқиғасына қатысты тұлғалардан сұрақ-жауап алу одан әрі жалғасуда.

Сейсенбі күнгі сот отырысында, жәбірленуші Армангүл Қапашеваның жақтаушысы Сұлтановтың бірауыздан қолдау тапқан өтініші бойынша, қылмысқа қатысы бар деген күдікпен қамауға алынған Бектібаев Асқаннан жауап алу жабық жағдайда өтті. 31-қаңтар күні банктың бұрынғы басшыларының бірі Жолдас Темірәлиев банктың жаңа басшысы Гүлмира Жұмаділдаеваға іс-қағаздарды табыстау үшін банкқа келіп, содан бері банктың шаруашылық меңгерушісі Айбар Хасенов екеуі із-түзсіз жоғалып кеткен болатын.

Дүйсенбі күнгі сот отырысында «Нұрбанктың» ішкі қауіпсіздік қызметінің басшысы Ерлан Сәрсенбековтен жауап алынды. Ол өзінің жауаптарын «мен әскери қызметтегі адам болғам, бұйрықты талқыламай орындау әдеті қалыптасқан, сондықтан мен Рахат Әлиев, Вадим Кошляк, Нұрәлі Әлиевтердің бұйрықтарын ғана орындағанмын. Онда да олардан қорыққаным үшін, бірақ мен ешқандай қылмыстық топта болғаным жоқ» деп аяқтады.

Банктың таяшысы боп жүріп, Жолдас Темірәлиевтің дәлізде ілулі күртешесін 31 қаңтар күні мобилдік телефонға суретке түсіріп алған Айнұр Ыдрысова бұған дейін сотқа берген жауабында осы Е.Сәрсенбековтың әлгі суретті өшіртіп тастағанын айтқан болатын. Ал, Ерлан Сәрсенбеков 31 қаңтар күнгі оқиғадан соң өзін керексіз куә ретінде Рахат Әлиев өлтіртіп тастайды екен деп қатты қорқып, қашып тығылып жүріп, ақыры өз еркімен құқық органдарына берілгенін айтып берген болатын.

Сондай-ақ дүйсенбі күні басқа да қосалқы куәлардан сұрақ-жауап алынды. Ал сейсенбі күні де сот бірнеше қосалқы куәлардан сұрақ-жауап алған соң, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу абақтысында қамауда отырған Бекмұратов Асқаннан сұрақ-жауап алуға кіріспек еді, Армангүл Қапашеваның жақтаушысы Сұлтанов осы эпизодты көрші бөлмеге таратпауын өтінді.

Сұлтановтың өтінішін соттағылар бірауыздан қабылдады. Сот айыптауында Бекмұратов Асқан Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновті 31 қаңтар күні банктен ұрлап әкетуге және оларды қамауда ұстап отырғанда қинап, есінен тандыратын дәрі-дәрмек салып, әртүрлі зорлық-зомбылық әрекеттер жасауға тікелей қатысы бар адам ретінде күдіктелетіні айтылған.
XS
SM
MD
LG