Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11.28.2007 жыл

  • Досан БАЙМОЛДА

Сәрсенбі күні Қазақстанда жарық көрген басылымдарда Қазақстан экономикасының даму жағдайы, мұнай, астық бағаларының әлемдік нарықта көтерілуі Қазақстан экономикасына қалай әсер етіп отырғандығы жөнінде, сондай-ақ Астанада өткен ТМД-ға мүше мемлекеттердің қорғаныс министрлері кездесуінің қортындысы жайында мақалалар жарияланыпты.

«Айқын» басылымы сәрсенбілік санында «бүгінде мұнайдың бір баррелінің 99 долларға жетуі, минералдар мен металдар бағасының шарықтап өсуі, яғни әлемдік рыноктағы бағалар коньюнктурасының былайша құбылуы Қазақстанды дамуға емес, баюға итермелеуде» деп жазады. «Халықаралық сарапшылар алдағы жылдары астық бағасының қазіргіден де, яғни тоннасының 350 доллардан асатындығын болжап айта бастады, бұған күн сайын бағасы өсіп жатқан мұнай бар дегендей әлемдік рынок бізді қай жағынан болсын байлыққа итермелеп барады, кей кезде осыны ойлап қуанудан гөрі бір күдік санаңды жайлайтын күй кешесің, себебі үкімет егемендік алғаннан бері шикізаттан басқа саланы дамытудың орнына шикізат сатудан түскен бюджет түсімін бөлумен ғана айналысып келеді, бұл өкінішті жағдай» деп жазады газет тілшісі.

«Время» басылымы осы тақырып бойынша газет оқырмандарының сан түрлі сұрақтарына жауап берген Қазақстан патриоттары партиясының жетекшісі, сенатор Ғани Қасымовтың жауаптарын жариялапты. Ғ.Қасымовтың айтуынша: «елдегі азық-түлік тағам бағалары, соның ішінде нан бағасының өсуіне бір жағынан қазіргі әлемдегі нарық жағдайы әсер етсе, екінші жағынан осыны пайдаланып қалғысы келген алыпсатарлардың да әсері бар». Мысалы, қазір мұнай бағасы астық бағасынан екі жарым есе арзан болып тұр. «Осы жағдайды ескерген астық өндірушліер бар астықты экспортқа шығарғысы келіп отыр, ал егер нарық жағдайында бұның терістігі жоқ десекте, астықтың стратегиялық маңызы барын ескерген әрібір мемлекет өзіне ішкі нарығын толық қамдайтын мөлшердегі астықты қамбаға сақтауы тиісті бұл жағдайдың бізде қалай болғаны туралы ешбір ақпарат жоқ. Сондықтан осы мәселеде үкіметке арнап депутаттық сауал жолдадым» депті сенатор Ғани Қасымов.

«Егемен Қазақстан» газеті сәрсенбілік санында «Көктемге дейін көңіл тоқ» деген тақырыппен күніне 420 тонна нан тоқаш өнімдерін қажет ететін Алматы қаласының жұртшылығы үшін нан бағасының тұрақтанып, 50-55 теңге мөлшерінде болғаны туралы жазыпты. «Қала тұрғындарының осы нанға деген қажеттілігінің төрттен бірін қамтамасыз ететін «Алтын диірмен» корпорациясы қазір нан бағасын 50 теңгеден асырған жоқ, ал келесі наурыз-сәуір айларына дейін жететін астық қорын жинаған бұл корпорацияның ары қарайғы жұмыс істеуіне үкімет тарапынан тиісті көмек қажет болмақ» деп жазады «Егемен Қазақстан».

Осы басылымда жарық көрген тағы бір мақала сейсенбі күні Астанада ТМД-на мүше елдердің қорғаныс министрлерінің кезекті кеңесі туралы. «Сыртқы қатерлерден бірлесе қорғану достастық әскерлерінің басты міндеті болып табылады, сондықтан 2008 жылға арналған әуе шабуылынан қорғаныстың біріккен жүйесінің бірлескен шараларын өткізу жоспары осы кездесу қортындысында бекітілді» деп жазады газет.

«Литер» басылымы осы тақырыпқа байланысты ТМД елдерінің сыртқы қорғаныс басшылары қауіпсіздікті сақтауға қатысты өзекті мәселелерді, атап айтқанда «18 түрлі мәселені сөйлесті, соның бірі - Грузия-Абхаз арасында қақтығысты болдырмау үшін бейбітшілік миссиясы ретінде қызмет етіп жатқан ТМД-ның әскери ұжымдық күштері мәселесі болды» деп жазыпты.

Ал «Экспресс-К» газеті сәрсенбі күнгі санында Астанада өткен ТМД-на мүше мемлекеттердің қорғаныс министрлерінің кездесуі кезінде Әзірбайжан мен Армения қорғаныс министрлерінің Таулы Қарабақ мәселесіне қатысты қатаң мәлімдемелер жасағанын жеткізіпті. «Әзірбайжан қорғаныс министрі Сафар Әбиев өз елі мен Армения арасында қарулы қақтығыстың болу мүмкіндігін мәлімдесе, Армения қорғаныс министрі Микаел Арутюнян қарулы қақтығыспен бізді ешкім де қорқыта алмайды деп зілді мәлімдеме жасады. Егерде осы екі елдің арасындағы қақтығыстың 19 жылдан бері шешілмей келе жатуын ескерсек және де соңғы күндері Ресейдің Грузия жеріндегі әскери техникаларын алып, Армениядағы әскери базасына топтастырып жатқандығы Әзірбайжан жағының ыза-ашуын туғызып жатқан сыңайлы, сондықтан Астанадағы кездесу біте сала Ресейдің қорғаныс министрі Анатолий Сердюков Бакуге барып Әзірбайжан басшылығына мән-жайды түсіндірмекші көрінеді» деп жазады «Экспресс-К» газеті.
XS
SM
MD
LG