Accessibility links

Жер қойнауын пайдалану туралы заңға енгізілген өзгерістер Қазақстанның Әлемдік сауда ұйымына ену жөніндегі келіссөздерде проблемаға айналды


Шетелдік инвесторлармен жасалған келісім-шарттарға қатысты Қазақстанның «Жер қойнауын пайдалану туралы» заңына енгізілген түзетулер Қазақстанның Әлемдік сауда ұйымына қосылу келіссөздерінде ЕурОдақ құрамындағы 27 мемлекетпен келіссөзде қиыншылық туғызды. Бұл туралы Астанада қарашаның 28 күні Әлемдік сауда ұйымына кіру үшін Қазақстанға көмек көрсетуді қамтитын Еурокомиссияның жобасы шеңберіндегі жиында Қазақстанның Индустрия және сауда министрінің орынбасары Жанар Айтжанова хабарлады. Оның айтуынша, бұл түзетулер - Қазақстанның егемендік құқығы. Ал Еурокомиссия өкілдері контрактілерге жағдай жасау инвестицияны тарту үшін маңызды болады деп отыр.

Қазақстанның Индустрия және сауда министрінің орынбасары Жанар Айтжанованың айтуынша, Қазақстанға Әлемдік сауда ұйымына кіру үшін барлығы 38 елмен келіссөзер өткізу керек болса, осы уақытқа дейін 18 елмен келіссөздер өткізіліп қойған. Бірақ, ЕурОдақ елдерімен жер қойнауын пайдалану саласындағы келіссөздерде қиыншылықтар бар, дейді Ж.Айтжанова:

- Әңгімелесіп жатырмыз. Олардың реакциясы бірыңғай емес. Әсіресе, ЕурОдақтың мүше мемлекеттерінде, өйткені, олардың инвесторлары осында жұмыс істеп жатыр. Енді ол әрбір мемлекеттің егемендік құқығы.

Ал ЕурОдақтың қызметтер саласындағы сауда сарапшысы Мюррей Смиттің айтуынша, шетелдік контарктілерге жағдай жасау және олардың толық интеграциясы шетелдік инвестицияны тарту үшін маңызды болмақ.

Биылғы жылы қыркүйек айында Қазақстан парламенті мәжілісі «Жер қойнауын пайдалану туралы» заңға өзгерістер енгізген еді. Соған сәйкес, енді жер қойнауын пайдаланушылармен жасалатын келісім-шарттарды бұзу негіздері кеңейтілді.

Индустрия және сауда министрінің орынбасары Жанар Айтжанованың айтуынша, Әлемдік сауда ұйымына кірудегі келіссөздерде генетикалық модификациядан өткен өнім бойынша да ортақ тіл табысу мүмкін болмай жатыр. Мысалы, осындай өнімді ең көп шығаратын АҚШ зиянды екендігі дәлелденбеген өнімді саудаға сатуға болады деп шешкен, дейді Айтжанова.

- Біз АҚШ-пен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Ол тауарлар біздің халқымызға зиянды ма, жоқ па - сол сұраққа жауап беру керек.

Ал ЕурОдақтың ауылшаруашылық саласындағы аға сарапшысы Димитриос Мучачостың айтуынша, бұл мәселе тек Әлемдік сауда ұйымының барлық мүшелері арасындағы проблема ғана емес, ол тұрақты және жаңадан енген мүшелер арасында да проблемаға айналып отыр, дейді ол. Мучачостың айтуынша, ешкім де ешбір мемлекетті генетикалық модификациядан өткен өнімге өз базарын ашуды міндеттемейді.

Қазақстанның Индустрия және сауда министрінің орынбасары Жанар Айтжанованың айтуынша, үшінші маңызды мәселе - жергілікті диқандардың субсидиясына қатысты. Әлемдік сауда ұйымына енудегі негізгі талаптардың бірі, аграрлы өндірісті мемлекет қаржыландырмауы шарт. Әлемдік ұйымның ауыл шаруашылық саласын қаржыландыруға мүлде қарсы емес екендігін айту қажет. Бірақ, ол тікелей инвестиция болмауы тиіс. Индустрия және сауда министрінің орынбасары Жанар Айтжанованың айтуынша, Қазақстан үшін бұл да маңызды тақырып:

- Бұл келіссөздерді біз АҚШ, Австралия және Канадамен өткізіп жатырмыз. Осы келіссөз нәтижесі біздің ұйымға өтуіміздің қашан болатынын айқындайды.

Ал ЕурОдақтың ауылшаруашылық саласындағы аға сарапшысы Димитриос Мучачостың пікірінше, Қазақстанның сектор үшін маңызды арнайы бір өнімге субсидия талап етуге толық құқы бар.

Әлемдік сауда ұйымына кіру үшін Қазақстанға көмек көрсетуді қамтитын ЕуроКомиссияның жобасы жуырда аяқталады деп хабарланды. 2 жылға ескерілген жобаға сәйкес Қазақстанға 1 миллион еуро бөлінді. Жобаның басты мақсаты: азық түлік қауіпсіздігі, ойыншық өндірісі, фармацевтика, химия өндірісі сияқты салаларға қатысы бар заңдарды реттеу болды.
XS
SM
MD
LG