Accessibility links

Президент Назарбаевтың өткен сайлаудағы негізгі бақталасы елде Халықтық коалиция құру жөнінде бастама көтерді

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Қарашаның 28-і күні Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның жетекшісі Жармахан Тұяқбай Халықтық коалиция құру жөнінде бастама көтеріп, елдегі барлық саяси күштер мен үкіметтік емес ұйымдарға үндеу жариялады. Тұяқбай Қазақстанда соңғы уақытта орын алған саяси-экономикалық дағдарыстардан шығудың жолдарын бірге қарастыруға, ішкі саяси жағдайдың жақсаруына еркін ой айта алатын азаматтарды бірігуге шақырды. Оппозиция жетекшісінің бұл бастамасына сарапшылар түрлі пікір білдіріп отыр. Олардың бірі Халықтық коалиция қоғам үшін керек десе, тағы бір сарапшылар бұл бастаманың қоғамнан қолдау таба қоятынына күмәнмен қарайды.

Барлық саяси күштерге үндеу жасап отырған Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның жетекшісі Жармахан Тұяқбай: «Соңғы уақытта билік пен басқа көзқарастағы саяси күштер, үкіметтік емес ұйымдар арасындағы байланыстың тұйыққа тірелуі мен саяси әлеуметтік-экономикалық дағдарыстардан шығудың жолдарын іздестіру барлық отан сүйетін патриот азаматтардың, ұйымдардың мүддесі деп білемін», дейді. Оның айтуынша, бір партиядан жасақталған қазіргі парламент пен оның жанынан құрылған қоғамдық палата жұмысы орын алған дағдарысты шешпейтініне жұрттың көзі жетіп отыр.

- Егерде барлық қоғамдық ұйымдар осы мәселеде ортақ пікірге келіп, проблемаларды шешудің жолдарын көрсетіп, билікке өз талаптарын қоя білсе, билік оны тыңдауға мәжбүр болады деп есептеймін. Себебі, биліктің бүгінгі қоғамнан алшақ тек біздің айтқанымыз ғана дұрыс дегенімен, оның шешілмейтініне олардың көздері жетуі керек. Сондықтан да біз Халықтық коалицияға демократиялық партияларды ғана шақырып отырған жоқпыз. Қоғамда бар бүгінгі елдің жағдайына бей-жай қарай алмайтын азаматтарды бірігуге шақырып отырмыз, - дейді Жармахан Тұяқбай.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның бұл үндеуіне байланысты «Азаттық» радиосына пікір білдірген Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қоғамдық қордың сарапшысы Айдос Сарым:

«Елдегі саяси-экономикалық дағдарысты шешетін бір ғана күш бар. Ол – билік. Бірақ сол билікке белгілі бір мәселелерде шешім қабылдауға итермелейтін тәуелсіз баламалы ой айтатын саяси күштер мен үкіметтік емес ұйымдардың болғаны дұрыс, құптарлық іс. Ал жуырда ғана мәжілістің жанынан құрылған қоғамдық палатаның жұмысына оппозицияның күмәнмен қарайтыны рас. Кешегі болған отырысында анда-санда жиналып биліктің айтқанымен жүретін ұйым екені белгілі болды. Сондықтан оның жұмысынан жаңалық күтпейміз. Оның жұмысына қатысу оппозиция үшін де тиімсіз. Өйткені, өзінің ой-пікірлерін бәрібір өткізе алмайды. Кезінде ПДС, НКВД сияқты органдар болды. Олардың жұмысына қатысу ештеңе берген жоқ», - деді.

Ал енді бір сарапшылар оппозиция елдегі бағаның өсуін өз мүдделеріне пайдаланып, халықты қанаттарының астына тартуды көздеп отырған сыңайлы деген пікір айтады.

«Қоғамдық палатаның құрамында үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері бар. Әрине, қоғамдық палатаның жұмысына қатысу-қатыспау оппозицияның өз құқы. Бірақ, қоғамдық палатаның мақсаты – Қазақстандағы саяси күштер мен қоғамдық ұйымдарға кеңесу органға келіп өз пікірлерін айтуға мүмкіндік беру болатын. Ал оппозиция бүгінгі үндеуі арқылы оған қосылмайтынын білдіріп, дербес, бөлек ұйымдарды қосатын коалиция құрамыз деп отыр. Бұл бастаманың қаншалықты қолдау таба қоятыны белгісіз. Бірақ, оппозицияның құқы бар осындай коалиция құруға өзінің ойын білдіруге. Сондықтан оны жаңалық деп қабылауға болмайды», - дейді саясаттанушы Шәріпбек Әмірбек.

Әйткенмен, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия басшысының бұл Үндеуі жұртшылық тарапынан кең қолдау табарына күмән білдіріп жатқандар да бар.

«Көтерілген бастаманы жеке өз басым қолдаймын. Бірақ, халық оппозицияның артынан жүре қоятынына күмәнім бар. Өйткені, оппозиция өткен сайлауда дұрыс нәтижеге жетпегеннен кейін, сайлауда сайлаушылардың көңілін қалдырып, ешқандай әрекетке бармағаннан кейін ЖСДП-ның аузынан енді біріге қояйық деген сөз сенімсіздеу шығады», дейді саясаткер Асылбек Қожахметов.
XS
SM
MD
LG