Accessibility links

«Файненшл таймс» газеті: 2009 жылы ЕҚЫҰ-на төраға болуды көксеп отырған Қазақстанға өзге мерзім ұсынылады

  • Досан БАЙМОЛДА

«Файненшл таймс» газеті қарашаның 27-күнгі санында Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болу мәселесінің қалай шешілуі мүмкін екендігіне болжам жасаған осы газеттің Алматыдағы және Лондондағы тілшілері Исабел Горст мен Стефан Вагстилдің мақаласын жариялапты. Авторлар осы аптаның бейсенбі күні Мадридте басталатын ЕҚЫҰ-на мүше елдер сыртқы істер министрлерінің кезекті жиынында қаралатын басты мәселенің бірі - Қазақстанның аталмыш ұйымға 2009-шы жылы төраға болу туралы өтініші Қазақстан үміт еткендей орындала қоюы екіталай болып тұрғаны туралы жазыпты.

«Қазіргі таңда 56 мемлекет мүше болып кіретін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтамақтастық ұйымының ресми өкілдері Орталық Азиядағы осынау мұнайға бай мемлекет үшін ұйымға төраға болу мәселесінде жаңа бір ұсыныс, жоспар дайындап жатыр, яғни бұл Қазақстанға ауыспалы төраға болуды 2010 не 2011 жылға қарай кейіндету болмақ, ал бұл жоспарды ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы Испания да қолдап отыр» дейді газет тілшілері.

«Алайда Қазақстанның аталмыш ұйымға төраға болуын былайша кейінге қалтыру қалайда 2009-жылы төраға болуды көксеп бар күшін жұмсап отырған Қазақстанның авторитарлық президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ренішін туғызуы да әбден мүмкін» деп болжам жасайды «Файненшл таймс» газеті. Ал ЕҚЫҰ-ның дипломаттары болса бұл кейіндетудің себептері мен мән-жайын Қазақстан жетекшісі жақсы түсініп, қабылдауы тиіс деген ойда. «Яғни, Қазақстанға аталмыш ұйымға 2010 жылы не 2011 жылы төраға болу мүмкіндігі беріле отырып, Қазақстан басшылығынан елдегі демократияны еркін дамытуды тағы да талап етпекші» деп жазады мақала авторлары.

Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төраға болуына қарсы болып отырған үш мемлекет - АҚШ, Ұлыбритания және Чехия елдері Қазақстанның осы ұйымның адам құқықтары, демократияны дамыту мәселеріне қатысты негізгі принциптерін орындамай отырғандығын сынға алып отыр. «Мысалы, елдегі оппозиция жетекшілері Қазақстан демократиялық реформалар жүргізуде кейін кетіп отырғандығын айтады. 1991 ші жылдан бері үзбей ел басқарып келе жатқан Н.Назарбаев өзінің өмір бойы ел басқару билікте болуын рұқсат еткен заңға өзі қол қойды, ал биылғы тамыз айында өткен парламент сайлауында президенттің «Нұр Отан» партиясы жалғыз өзі жеңіп, парламенттің бір партиялы органға айналғаны – ЕҚЫҰ-ның принциптері мен стандарттарынан кейін кетушілік болды. Сондықтан осының бәрін жақсарту үшін Қазақстанға тағы бір рет мүмкіндік берілгелі отыр» деп жазады «Файненшл таймс» газеті.
XS
SM
MD
LG